Еңбек адамы - ел байлығы. Олар түрлі саланың жұмысын жандандырып, көркін қыздырады. Кәсіпорын, зауыт, фабрикалардың бойына қан жүгіртетін де осы жұмысшы мамандар болып табылады.
Шымкент қаласының тумасы Чередниченко Михаил еңбек жолын 1992 жылы «Шымкентмай» АҚ-ында автожүк тиегіш жүргізушісі ретінде бастап, кәсіби шеберлігін дамыта отырып, көптеген қызметтік белестерді бағындырды. Кейіпкеріміз еңбекке 19 жасынан бері араласқан.
Михаил 1973 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. 1988 жылы мектепті аяқтап, сол жылы Шымкент энергетикалық техникумына оқуға түсіп, 1992 жылы үздік аяқтаған. Сол жылы еңбек жолын «Шымкентмай» АҚ-ы көлік цехында бастады. Алғашында автожүк тиегіш жүргізушісі болып қызмет атқарған Михаил 1994 жылы слесарь-жөндеуші лауазымына ауысып, 2019 жылға дейін осы қызметте еңбек етті.
Ол қызмет барысында өзін сауатты, жауапты және сенімді маман ретінде көрсете білді. Өндірістік тапсырмаларды нақты және уақытылы орындап, еңбек тәртібін сақтауда үлгі бола білді. Техникалық ақауларды жедел анықтап, оларды тиімді шешудің жолдарын таба алатын қабілетімен ерекшеленеді. Кәсіби шешім қабылдаудағы дәлдігі мен әрекет ету жылдамдығы мекеменің жұмысын бірқалыпты ұстауға зор үлес қосады.
Кәсіби шеберлігі мен адалдығының арқасында 2019 жылы слесарь-бригадир қызметінде жұмыс істей жүріп, көлік цехы бастығының орынбасары лауазымына тағайындалды. Бұл лауазымда 2022 жылға дейін еңбек еткен Михаил қазіргі таңда автожөндеу тобының механигі болып жұмыс атқарады. Бұл - жай ғана жұмыс емес. Бұл адал еңбекпен бөленген абырой биігі. Михаилдың тынымсыз еңбегі – зауыттың тірегі мен әр шаңырақтың берекесінің кепілі.
Жұмыс орнының белді маманы еңбектің қырманын қыздырып, қашан да қызу жұмыстың ортасында жүреді. Мұндағы қай қызметкердің де қолдары әсте босамайды. Халыққа сапалы өнім жеткізу үшін олар күнімен тер төгеді.
Әріптестері арасында зор құрметке ие Михаил Чередниченко ұжымда жақсы іскерлік қарым-қатынас орнатып, жас мамандарға үнемі тәжірибесін бөлісіп отырады. Еңбекке деген құлшынысы мен кәсібіне деген адалдығы тамақ өнеркәсібі шаруашылығы саласындағы табысты қызметіне негіз болды.
33 жылдық еңбек өтілі бар қызметкер отбасылы, үш баланың әкесі. Оның кәсібилігі мен еңбекқорлығы көптеген әріптестерге үлгі болып отыр. Михаил Чередниченконың еңбек жолы, өмірге деген көзқарасы мен адалдығы жас мамандар үшін зор үлгі. Оның өмірі – табандылықтың, еңбекқорлықтың және қоғамға қызмет етудің нағыз үлгісі.
Қарапайым еңбек адамы – елдің тірегі, халықтың шынайы мақтанышы.