Шымкентте еңбек күніне орай әрі «Жұмысшы мамандықтар» жылы аясында «Үздік маман» кәсіби шеберлік байқауы өтті. Шара «Интергаз Орталық Азия» АҚ филиалының өндірістік базасында ұйымдастырылды. Екі күн бойы 14 мамандық бойынша 94 қатысушы өз шеберлігін сынап көрді. Байқауға еліміздің 10 өңірінен келген газ тасымалдау саласының үздік мамандары қатысты.
Қатысушылар өндірістік алаңда практикалық тапсырмаларды орындап, теориялық білімін сынады. Сонымен қатар дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсету дағдыларын көрсетті. Биыл байқауға алғаш рет әйелдер арасында жаңа мамандық – «химиялық талдау зертханашысы» енгізілді. Әділ қазылар жұмыс сапасын, қауіпсіздік талаптарын және тапсырманы орындау жылдамдығын бағалады.
«Мекемеде ең бірінші байлық – жұмысшыларымыз. Олардың денсаулығы мен қауіпсіздігі басты назарда. Конкурстан орын алған мамандарды резервке қойып, инженерлікке, мастер инженерлікке дейін дайындаймыз»,- дейді «Интергаз Орталық Азия» АҚ бас директорының орынбасары Абзал Кисметов.
Байқау жеңімпаздарына дипломдар табысталып, жалақысына жылдық үстемеақы белгіленді. Ал жалпыкомандалық есепте Шымкент филиалы жүзден жүйрік шығып, «Үздік маман» ауыспалы кубогын иеленді.
«Практикада бізде схеманы авто және қолмен жинау болды. Ең бастысы – қауіпсіздік. Уақытқа қарай жылдам әрі дұрыс орындау қажет. Бүгін 1-орын иелендім. Бұл жеңіс жұмысқа деген ынтамды арттырып, одан әрі құлшыныс береді»,- дейді «Шымкент» МГҚБ электромонтері Сұлтан Жұмаш.
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылған байқау еңбек адамын дәріптеп, олардың беделін арттыра түсті. Айта кетейік, шараға мектеп оқушылары да арнайы шақырылып, олар үшін кәсіби бағдар беру экскурсиясы өткізілді. Мұндай бастама жастардың болашақ мамандығын таңдауда үлкен жол көрсеткіш болары анық.
Айта кетейік, Қазақстандағы Еңбек күні жыл сайын қыркүйектің соңғы жексенбісінде еңбек етудің маңыздылығын және ел игілігі үшін жұмыс істейтіндердің үлесін атап өту үшін тойланады. Біздің еліміздегі Еңбек күні Қазақстан Президентінің Жарлығымен 2013 жылдың қараша айында бекітілді. Бұл күнді атап өтудің мақсаты - барлық мамандықтарға деген құрмет көрсету және кез-келген еңбектің маңыздылығын атап өту. ҚР Үкіметі баспасөз қызметінің мәліметінше, қазір елімізде шамамен 2,5 млн маман еңбек етеді. Олардың қатарында шахтерлер, металлургтер, педагогтар, энергетиктер, медицина қызметкерлері, құрылысшылар, агрономдар, технологтер және басқа да сала өкілдері бар.