Тұран ауданында тұрғындарға қолайлы орта қалыптасуда

image.png    

 Шымкенттің қарқынды дамып келе жатқан аумақтарының бірі  Тұран ауданы. Соңғы жылдары бұл ауданның әлеуметтік-инфрақұрылымдық ахуалы айтарлықтай жақсарып, тұрғындардың өмір сапасы жоғарылап келеді. 2025 жылғы  жоспарлар мен 9 айда атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша аудан әкімі Берік Әшірбеков арнайы брифинг өткізіп, негізгі жетістіктер мен алдағы мақсаттарды бөлісті.

         Қала тұрғындары үшін таза ауыз судың қолжетімділігі аса маңызды. Бүгінде Тұран ауданындағы 19 шағын аудан сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіліп, қамту деңгейі 98,5 пайызға жеткен. Бұл  аудан халқының тұрмысын жақсартуға бағытталған ең үлкен жетістіктердің бірі. Дегенмен, Айкөл және Құрсайдың жаңа құрылыс аумақтарында әлі де жұмыстар жалғасып жатыр. Аудан басшысының айтуынша, биыл құрылыс толық аяқталып, келер жылы Тұран тұрғындарының барлығы 100 пайыз ауыз сумен қамтылатын болады.

         Энергия көздерінің ішінде халық үшін ең тиімдісі  табиғи газ. Қазіргі таңда аудан аумағындағы 18 шағын аудан газбен қамтамасыз етілген, бұл 85,7 пайызды құрайды. Ал Жаңаталап, Құрсай және Айкөл шағын аудандары көгілдір отынға әлі қосылған жоқ. Дегенмен, мұнда құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жоспарға сәйкес, 2026 жылы абоненттеу жұмыстары аяқталып, Тұран ауданы толықтай табиғи газға қосылады. Бұл қадам тұрғындардың тұрмыстық жағдайын едәуір жақсартып, экологиялық тұрғыдан да оң әсерін тигізбек.

        Ауданның дамуына тікелей әсер ететін тағы бір бағыт  электрмен қамту. Қазіргі таңда Тұран ауданындағы 20 шағын аудан жарықпен қамтамасыз етіліп отыр. Бұл  95,2 пайыздық көрсеткіш. Құрсай шағын ауданында өткен жылы басталған құрылыс биыл толық аяқталып, жыл соңына дейін аудан 100 пайыз электр энергиясымен қамтылмақ. Осылайша, тұрғындар үздіксіз әрі сапалы жарық көзіне қол жеткізеді.

      Тұран ауданының келбетін айшықтап қана қоймай, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау әкімдіктің басты мақсаттарының бірі. 2025 жылы аудан аумағында барлығы 32 абаттандыру жобасы жүзеге аспақ. Оның ішінде 19 жоба балалар ойын алаңшасын, 13 жоба кешенді спорт алаңшасын қамтиды. Қазіргі таңда 6 жаңа ойын алаңы пайдалануға берілген. Сүлейменов пен Хайрулин көшелерінде, сондай-ақ  Диваев пен Орманов көшелеріндегі аумақтарда ашылған алаңдар балалардың шат-шадыман мекеніне айналып отыр.

       Қаланың сәнін келтіріп, тұрғындардың серуендеп демалуына қолайлы жағдай туғызатын орындар  гүлзарлар мен демалыс аймақтары. Тұран ауданында 2025 жылы 5 жаңа гүлзар салынып, көгалдандыру жұмыстары кең көлемде жүргізілуде. Р. Қабылбеков көшесінде инвестициялық жобамен гүлзар бой көтеріп, толық пайдалануға берілді. Сондай-ақ  Ұ. Арғынбеков пен С. Бәйтереков көшелерінің қиылысындағы 0,15 гектар жерге әдемі демалыс орны салынды. Ю. Гагарин көшесіндегі тұрғын үйлердің ауласында, Т. Рысқұлов пен А. Байтұрсынов көшелерінің қиылысында және Диваев көшесінде де көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

      Ауданның архитектуралық келбетін айшықтайтын жұмыстар да назардан тыс қалған жоқ. Соңғы жылдары көпқабатты үйлердің сыртқы қасбеттерін жарықтандыру жобасы қолға алынды. Бұған дейін 29 тұрғын үй жарықтандырылса, биылғы жылы қосымша 20 үйге жарық орнатылып, жалпы саны 49-ға жетті. Қазіргі таңда бұл жұмыстар толық аяқталған. Сонымен қатар, аудан аумағында биылғы жылы 9 тұрғын үйдің қасбетіне мурал салынып, қала көркін жаңа бояумен әрледі.

     Тұран ауданының 9 айдағы жетістіктері мен алдағы жоспарлары  ауданның қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді. Ауыз су, табиғи газ, жарық, абаттандыру мен көгалдандыру бағытында атқарылған жұмыстар тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған. 2026 жылға қарай Тұран толықтай инфрақұрылымдық тұрғыдан қамтамасыз етіліп, қаладағы ең қолайлы әрі жайлы аудандардың біріне айналары анық.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Шымкенттік ұстаздар медаль тағынды
  • Тағдырға мойымаған чемпион
  • Болашақ аспаздар мамандықтарын ұлықтады
  • Шымқаланың студенттері оқ бойы озық шықты
  • Ағаштарға күтім жасау - оның сүйікті ісі
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер