Қаратау ауданында ауқымды жобалар жүзеге асуда

image.png

Шымкент қаласы Қаратау ауданының әкімі Алмас Абаев 2025 жылы атқарылатын маңызды жұмыстар жөнінде баспасөз брифингін өткізді. Әкімнің айтуынша, биылғы жылдың басты басымдықтарының бірі ауданның инфрақұрылымын дамыту және тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру. Осы мақсатта жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру, аулаларды абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде іске асырылуда.

     Ауданның негізгі көрсеткіштеріне тоқталған Алмас Абаев ауыз су жүйесімен қамту деңгейі 99 пайызға жеткенін атап өтті. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш толықтай 100 пайызға жеткізілмек. Электр энергиясымен қамту  99 пайызды, табиғи газбен қамту  98 пайызды құрайды. Бұл бағыттағы жұмыстар да жыл соңына дейін толық орындалуы көзделген.

       Су мәселесі бұрыннан өзекті болатын «Сайрам» тұрғын алабында биылғы мамыр айынан бастап жаңа жүйе іске қосылған. Бұған дейін «Родник 2004» ЖШС-нің суына тәуелді 3000-нан астам абонент тәулігіне небәрі 6-8 сағат су алып келген еді. Қазір бұл жүйе қалалық «Су құбыры және канализация басқармасының» балансына өткізіліп, тәулік бойы су беруге мүмкіндік жасалды. Ұқсас мәселе «Достық» тұрғын алабында да шешімін табуда. Мұндағы 100-ге жуық абонентке арналған су жүйесі де мемлекет қарауына қабылдануда.

      Аудан әкімдігі әлеуметтік нысандарды да назардан тыс қалдырған жоқ. 2025 жылға жоспарланған 27 балалар ойын алаңының 19-ы пайдалануға беріліп, қалған 8-інде құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұған қоса, қосымша 10 аулада бар алаңшалар жаңартылған.

       Жастардың спортпен шұғылдануына жағдай жасау үшін үш жаңа спорт алаңы салынған. Сондай-ақ, төрт нысанда қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, тұрғындардың денсаулықты нығайтуына мүмкіндік артты.

     Қала тұрғындарының жайлылығы үшін демалыс орындары мен гүлзарлар салу жұмыстары да қолға алынған. Қазіргі таңда аудандағы 2 саябақ пен 21 гүлзарға қосымша тағы 12 гүлзар салу жоспарланған. Оның жетеуі бүгінде толық абаттандырылып, халық игілігіне берілді. «Тұран», «Нұртас», «Сайрам», «Шапырашты» және басқа да шағынаудандарда бой көтерген гүлзарлар тұрғындардың тынығуына қолайлы орта қалыптастыруда.

      Сонымен қатар, демеушілер мен жеке инвесторлардың қолдауымен бірнеше гүлзар салынған. Мәселен, «Жасыл Жер» ЖШС Тұран шағынауданында әдемі демалыс орны ашып берсе, кәсіпкерлердің демеушілігімен Шаяхметов пен Назарбеков көшелерінің қиылысында тағы бір гүлзар пайдалануға берілген.

    Ауданның эстетикалық келбетін жақсарту мақсатында көпқабатты үйлердің қасбеттеріне муралдар салу жалғасын табуда. 2025 жылы жоспарланған жеті муралдың барлығы толығымен аяқталған  . «Тұран» мен «Нұрсәт» шағынаудандарындағы тұрғын үйлер қазір заманауи сәнге бөленіп отыр. Сонымен бірге, Сайрам және Қызылсу тұрғын алабында алты жерде биіктігі 20 метрлік мемлекеттік ту орнатылуда. Бұл нысандар қыркүйек айының соңына дейін аяқталады деп күтілуде.  Қаратау ауданы бойынша көшелерді нөмірлеу мен атау тақтайшаларын орнату жұмыстары да жүйелі жалғасуда. Өткен жылы 137 көше тақтайшамен қамтылса, биылғы жылы 250 көшеге 15 мыңнан астам тақтайша орнату жоспарланып отыр.

      Тазалық пен абаттандыруды қамтамасыз ететін «Қаратау» коммуналдық мемлекеттік мекемесі де жаңа техникамен жабдықталуда. 2024 жылы 22 арнайы техника сатып алынған болса, биыл 158 техниканы алу көзделген. Оның 21-і жеткізіліп үлгерді, қалғаны жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Бұл жұмыстардың бір бөлігі жергілікті бюджет есебінен, ал басым бөлігі лизинг арқылы жүзеге асырылып отыр.

        Қаратау ауданында қолға алынған жобалар тұрғындардың күнделікті өмірін жақсартып қана қоймай, қаланың жалпы келбетін де айшықтай түспек. Әкім Алмас Абаевтың айтуынша, әрбір бастама  тұрғындар үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған.  Осылайша, Шымкенттің қарқынды дамып келе жатқан аудандарының бірі, алдағы уақытта да инфрақұрылымдық әлеуетін арттырып, қала тұрғындары үшін жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруды жалғастыра бермек.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Тағдырға мойымаған чемпион
  • Шымқаланың студенттері оқ бойы озық шықты
  • Ағаштарға күтім жасау - оның сүйікті ісі
  • Жол-көлік колледждінде ерекше мереке аталып өтті
  • Шымкентте Smart City технологиялары мен әуежай инфрақұрылымы дамуда
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер