Еңбек адамын ұлықтау, жастарға насихаттау – биылғы жылдың басты міндеттерінің бірі болып табылады. Осы орайда Шымкент қаласында елге еңбегі сіңген жандарды еңбек жолын үлгі ету мақсатында жастармен кездесу шаралары көптеп ұйымдастырылуда. Осындай маңызды жиынның бірі Пушкин кітапханасында өтті. Құрметті қонақ ретінде ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, атақты боксшы Нұржан Сманов шақыртылды.
Қазақ боксының дарабозы Нұржан Сманов 15 жыл шаршы алаңда шайқасып, ел намысы үшін тер төккен. Кәсіпқой боксшы 18 жасында Еуропа чемпионы, Еуропаның «Үздік боксері» атанды. 1988 жылы Халықаралық дәрежедегі КСРО спорт шебері, 1995 жылы «Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген спорт шебері» атағын алған. Жастармен кездесуде оңтүстік өңірдің барысы биік белестерді бағындыру жолында талай кедергілерге тап болғанын сөз етті.
«Жастармен көбірек кездесу керек. Жастармен бірге салауатты өмір салтын насихаттап кәсіби спортқа жету үшін не істеу керек деген сұраққа осы кездесуде жауап іздедік. ? Әр адамға Алла дарын береді. Соны шыңдап, тынбай еңбек ету керек. Бір пайыз талант, 99 пайыз еңбек деген ұстанымды жастар ұстанса, талай белестерді бағындыратынына мен сенімдімін»,- дейді спортшы.
Жиынның мақсаты – жастарды жарқын азаматтардың өмір жолына үңілдіріп, дұрыс бағытта тәрбиелеу. Сонымен қатар жас буынды табандылыққа, еңбекқорлыққа және елді сүюге шақыру. Тағылымды жиын Пушкин кітапханасында жиі ұйымдастырылады.
«Біздің құрметті қонағымыз Нұржан Сманов - қазақтың даңқты бокстышы, Атлант олимпиадасының қатысушысы. Сол кездегі Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны. Кезінде даңқты бапкер Әбдісалан Нұрмаханов БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында ұлттық құрама сапындағы өзінің таңдаулы шәкірттерінің бірі Нұржан Смановты «Қазақ боксының ақыл-ойы!» деп атаған еді. Көпшілік мұны жас жігіттің айшықты өнері ғана емес, ой-өресінің де биіктігіне берілген баға ретінде қабылдады. Бұл сөздердің астарында Смановтың рингтегі инелектісі, өзін ұстауы, сауаттылығы секілді қасиеттерін айқындайтын мән жатыр»,- дейді кітапхана қызметкері Сүндет Сейітов.
Шырайлы Шымкент өңірінің тумасы еліміздің ең үздік былғары қолғап шеберлерінің бірі әрі бірегейі болғаны баршаға мәлім.
Жиын соңында қатысушылар кәсіпқой боксшыға көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, спортты дамытуда атқарылып жатқан жұмысына сәттілік тіледі.