Шымкент қаласындағы №2 мектептің қабырғасында оқушылар үшін ерекше кездесу өтті. Шараға Кәсіподақтар орталығының төрағасы Бауыржан Әлтеев пен "Маида" медиация орталығының директоры Салтанат Абдукаримова қатысып, болашақ ұрпаққа өмірлік маңызды бағдар берді. Кездесу атмосферасы өте жылы және ашық пікір алмасуға толы болды.
Бауыржан Әлтеев жастармен сұхбатында өз ойларын келесідей жеткізді: "Құрметті жастар! Өмірдегі ең маңызды қадамдардың бірі – мамандық таңдау. Бұл тек ақша табудың жолы емес, бұл өмірлік жолыңды, өз орныңды анықтау. Өз ісіңді сүйіп, қоғамға пайдаңды тигізетін мамандық таңдасаңдар, сонда ғана шын бақытқа жетесіңдер. Қазіргі таңда елімізде жұмысшы мамандықтарға деген сұраныс артып отыр. Қаламызда ірілі, ұсақты кәсіпорындар, зауыт-фабрикалар жұмыс істейді. Міне, экономикамызды, кісіпкерлігімізді өсіретін осындай мекемелерде жұмысшы мамандар тапшы. Болашақта сіздер, дұрыс таңдау жасап, еліміздің экономикасын, әлеуетін өсіретін маман иелері болады деген сенімдемін. Біздің кәсіподақтардың міндеті – осы еңбек жолында әрбір азаматтың құқығын қорғау. Адал еңбек – бұл әр адамның абыройы, ар-намысы. Өмірдегі барлық жетістіктер адал еңбекпен келеді, ал бұл – өмір бойы мақтан тұтатын қасиет",- деді ол өз сөзінде.
Кәсіподақ төрағасы жай ғана жұмыс туралы айтып қана қоймай, еңбекқорлық пен азаматтық ұстанымның арасындағы тығыз байланысты түсіндірді. Оның сөзінде: "Ата-анаға және үлкендерге құрмет – бұл кез келген жетістіктің бастауы. Үлкенге деген сыйластық – сіздердің рухани діңгектеріңізді қатайтып, дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі. Осындай құндылықтарды бойына сіңірген жастар ешқашан қателікке бой алдырмайды, асығыс әрекеттер мен қылмысқа бармайды. Себебі, олар еңбектің қадірін біледі, өмірдің мағынасын түсінеді" деген терең ойлар айтылды.
"Маида" медиация орталығының директоры Абдукаримова Салтанат та өз кезегінде жасөспірімдерді кез келген даулы мәселені заңды жолмен, келісім арқылы шешуге шақырды.
Бұл кездесу оқушылар үшін тек дәріс емес, өмірлік құндылықтар туралы маңызды сабақ болды. Мұндай іс-шаралар жастардың бойында жауапкершілік, адалдық және еңбекке деген құрмет сезімін қалыптастыруға үлкен үлес қосатыны сөзсіз.