Қала жолдарына жаңа бақылау жүйесі енгізілуде

image.png

     Сәрсенбінің сәтті күнінде өткен брифингте Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы мегаполистегі жолдардың сақталуы мен ауыр жүк көліктерін бақылауға қатысты маңызды мәліметтерді жария етті. Оның айтуынша, қалада заманауи автоматтандырылған өлшеу станциялары орнатылып, жүк көліктерінің қозғалысын нақты қадағалау қолға алынуда. Бұл жүйе жолдардың ұзақ мерзімге шыдамдылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға да ықпал етпек. Ауыр салмақпен жүрген көліктің бір-ақ өтуі жолды бірнеше айға тоздырып тастайтыны құпия емес. Бұған дейін ондай заңбұзушылықтарды анықтау қиын болса, енді жаңа станциялар бұл мәселені түбегейлі шешпек.

     Сәрсен Абайұлының айтуынша, 2024–2025 жылдарға арналған бюджетте бұл жобаға 1 миллиард 21 миллион теңге бөлінген. Мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы мердігер компания болып «QSM Engineering» ЖШС анықталған. Биылдың өзінде 308,6 миллион теңге қаржы қарастырылып, алғашқы үш станция орнатылды.

       Қазіргі таңда қала көшелерінде үш нүкте бақылауға алынған. Оның бірі Шымкенттен Сайрамға шығар Жібек жолы көшесінде, Мартөбе шағынауданы тұсындағы мұсылман мазаратының жанында. Екіншісі  Сайрам бағытына апаратын Бердібек қожа көшесінде, Қарасу өзенінің үстінен өтетін көпір маңында. Ал келесі  станция  Шымкент–Сайрам–Қарамұрт бағыты бойындағы Әмір Темір көшесінде орналасқан. Бұл нысандар сынақ режимінде жұмысын бастап кеткен, ал 15 қазаннан бастап ресми түрде заң бұзған көліктерді тіркеп, айыппұл сала бастайды.

       Жоспар бойынша 2026 жылға дейін қалада тағы алты жаңа станция орнатылмақ. Олардың орындары да нақтыланып қойған. Көлік нөпірі көп Әл-Фараби көшесінде екі бірдей бақылау нүктесі пайда болады: бірі Ынтымақ шағынауданы маңында, екіншісі Исфиджаб тұрғын алабының тұсында. Сондай-ақ Темірлан тасжолында, әуежайға кіре беріс тұсына бір станция қойылады. Бәйдібек би даңғылындағы Бозарық шағынауданына жақын жерге тағы бірі орнатылса, А-2 айналма жолында, ипподром маңы бақылауға алынады. Бұған қоса, Шымкент–Ташкент тасжолында, яғни Оңтүстік айналма жолының тұсында тағы бір нүкте іске қосылады. Жалпы алғанда, бұл екінші кезеңнің құны  712,6 миллион теңгені құрайды.

       Мегаполисте жол инфрақұрылымын сақтап қалу оңай іс емес. Себебі күн сайын мыңдаған көлік қатынайды, оның ішінде жүктің салмағы белгіленген мөлшерден асып кететіндері де аз емес. Автоматтандырылған өлшеу жүйесі осындай келеңсіздіктің алдын алуға арналған тиімді құрал. Ол тек артық салмақты анықтап қана қоймайды, жүргізушілердің жауапкершілігін арттырып, қала тұрғындарына қауіпсіз әрі жайлы қатынауға мүмкіндік береді.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Тағдырға мойымаған чемпион
  • Ағаштарға күтім жасау - оның сүйікті ісі
  • Шымкентте Smart City технологиялары мен әуежай инфрақұрылымы дамуда
  • Шымкентте 304 шақырым жол жаңартылды
  • Шымкент:Шағынаудандарда қауіпсіздік нығаяды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер