Әуежайда жаңа ұшу-қону жолағы салынады

image.png       

 Шымкент әуежайында  жаңа ұшу-қону жолағы салынбақ. Бұл жоба  өңірдің көлік-логистика саласындағы ең ірі бастамаларының бірі. Қолданыстағы жолақ соңғы рет 2007 жылы күрделі жөндеуден өткен еді. Сол кезден бері ол тұрақты пайдаланылып келеді. Нормативтік талаптарға сәйкес, келесі күрделі жөндеу жұмыстары 2027 жылға жоспарланған болатын. Алайда мұндай жағдайда әуежайдың жұмысы біраз уақытқа тоқтап қалуы ықтимал еді. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы брифинг барысында мәлімдеді.

        Мамандардың айтуынша, қазіргі ұшу-қону жолағын 300 метрге ұзарту қажеттігі туындаған. Бұл өз кезегінде шамамен 10 миллиард теңгеге жуық қаржыны талап етеді. Сонымен бірге, санитарлық аймақта орналасқан 308 жылжымайтын нысанды мемлекет қажетіне алу үшін қосымша 30 миллиард теңгеден астам қаражат керек. Яғни, тек қолданыстағы жолақты қайта жаңғыртуға кететін шығын тым көп екені анықталды.

       Осыған байланысты қала әкімдігі кешенді талдау жүргізіп, стратегиялық әрі экономикалық тұрғыдан жаңа ұшу-қону жолағын салу әлдеқайда тиімді деген қорытындыға келді. Ұзындығы 3500 метр, ені 60 метр болатын жаңа жолақ Халықаралық азаматтық авиация ұйымының  ІІІ санатына сәйкес тұрғызылады. 2025 жылдың наурыз айында жоба мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алып үлгерген. Бұл құрылыс жұмыстарының нақты басталатынын айғақтайды.

     Жаңа ҰҚЖ-ның артықшылықтары ерекше. Біріншіден, жолақ 101 бағытында 300 метрге ұзартылып, ұшақтардың қонуы мен ұшып көтерілу қауіпсіздігі күшейтіледі. Екіншіден, ІІІ санаттағы жарықтық-сигналдық қондырғылар орнатылады. Бұл жүйе қолайсыз ауа райында, тіпті көріну деңгейі нөлге тең болған жағдайдың өзінде де ұшақтарды қабылдауға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта Шымкент әуежайында тек І санаттағы жүйе жұмыс істеп тұр. 2023 жылдың өзінде тұман салдарынан рейстердің шамамен 30 пайызы кешіктірілген немесе мүлде орындалмаған болатын.

     Сонымен қатар, қолданыстағы жолақтың төзімділік көрсеткіші PCN 50/R/A/X/T болса, жаңа нысан бұл деңгейден едәуір жоғары, яғни  80/R/A/X/T көрсеткішіне жетпек. Бұл дегеніміз  Шымкентке ауыр жүк ұшақтары мен заманауи кеңқұлашты жолаушылар лайнерлері ешқандай шектеусіз қатынай алады деген сөз. Сарапшылар мұны өңірдің әуе қатынасы тарихындағы жаңа белес деп бағалап отыр.

     Қала әкімдігі өкілдерінің айтуынша, жаңа ұшу-қону жолағының салынуы Шымкенттің транзиттік әлеуетін күшейтеді. Оңтүстік өңірі Орта Азияның қақпасы саналады. Сондықтан мұнда әуе көлігі арқылы жүк тасымалының дамуына айрықша мүмкіндік бар. Халықаралық бағыттардың кеңеюі шетелдік компаниялардың қызығушылығын арттырады. Бұл өз кезегінде аймаққа жаңа инвестициялар тартуға ықпал етеді.

     Экономистер де бұл бастаманы құптап отыр. Олардың пікірінше, жаңа әуежай инфрақұрылымы тек авиация саласына емес, туризм мен саудаға да оң әсер етеді. Туристердің көбеюі қонақүй бизнесінің, қоғамдық тамақтану орындарының, көлік қызметінің дамуына жол ашады. Ал логистика саласында қосымша жұмыс орындары пайда болып, жергілікті халықтың тұрмысына тікелей пайдасын тигізеді.

     Жалпы алғанда, жаңа ҰҚЖ Шымкент үшін стратегиялық маңызы бар жоба. Ол тек қала мен өңірдің емес, тұтас еліміздің әуе қатынасына серпін бермек. Жоспар ойдағыдай жүзеге асса, 2027 жылдан бастап Шымкент әуежайы халықаралық талаптарға толықтай сай, заманауи әуе хабына айналады деп күтілуде.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Тағдырға мойымаған чемпион
  • Ағаштарға күтім жасау - оның сүйікті ісі
  • Жол-көлік колледждінде ерекше мереке аталып өтті
  • Шымкентте Smart City технологиялары мен әуежай инфрақұрылымы дамуда
  • Шымкентте 304 шақырым жол жаңартылды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер