Тіл талаптарын бұзған кәсіпкерлер айыппұлға тартылды

image.png     

 Көшеде ілінген маңдайшалар мен жарнамаларға күн сайын көзіміз түседі. Бір қарағанда, бұл қарапайым жазулар. Алайда олардың мазмұны мен тілдік сауаттылығы шаһардың мәдени келбетін айқындайды. Қате аударма мен орфографиялық қателер көзге көрініп тұрса, мемлекеттік тілге деген құрметке күмән туады. Дәл осы өзекті мәселе аптаның сәрсенбісінде  өткен брифингте талқыланып, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы кеңінен баяндап берді.

     Оның айтуынша, мемлекеттік тіл саясатының негізгі мақсаты  қазақ тілінің қоғамдағы қолданыс аясын кеңейту. Бұл міндетті жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасы Үкіметі 2023 жылғы  қаулымен «Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын» бекіткен болатын. Құжатта айқын көрсетілген бағыттардың бірі көрнекі ақпаратты заң талаптарына сай рәсімдеу.

     Яғни, дүкендер мен қызмет көрсету орындарының маңдайшалары, дәмханалардағы мәзірлер, асханалардағы баға көрсеткіштері, барлығы да ең әуелі мемлекеттік тілде сауатты жазылуы тиіс. Бұл тек заңның талабы ғана емес, қоғам алдындағы жауапкершіліктің де белгісі.

      Қалада жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесі де аз емес. Сәрсен Абайұлының мәліметінше, бүгінгі күнге дейін 16 180 кәсіпкерлік нысан тексеріліп, олардың 2 380-інде кемшіліктер анықталған. Солардың 120-сы түзетіліп, қалғаны реттелу үстінде. Қала тұрғындарының өтініштеріне орай «Мадлен», «Мизам», «Nanduk», «Eldoro», «Enfess», «Кәусар бұлақ», «Ankara», «Димаш», «Жеті тандыр» сынды бірқатар мейрамханалар мен дәмханалардың мәзірлері мен көрнекі ақпараттары талапқа сай жазылған.

        Заңнамаға сүйенсек, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының 21-бабында: егер басқа заң актілерінде өзгеше көрсетілмесе, барлық хабарландырулар мен жарнамалар ең алдымен мемлекеттік тілде жазылуы керек екендігі нақты жазылған. Мәтіндердің орналасу тәртібі де реттелген: қазақ тіліндегі жазу – сол жақта немесе жоғарыда, ал орыс тіліндегісі оң жағында не төменде тұруы тиіс. Әріп өлшемдері де бірдей болуы шарт.

        Бұл талаптарды елемегендерге әкімшілік жаза қарастырылған. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 75-бабына сәйкес, шағын бизнес иелері  бес, орта кәсіпкерлер он, ал ірі кәсіпкерлік субъектілері жиырма бес айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді.

        Биылғы 14 наурыздан бастап «Тіл туралы» заңға енгізілген түзетулер де қолданысқа енді. Соған сәйкес, жергілікті атқарушы органдар маңдайшадағы мәтіндерді келісу мен қабылдау ісін өз құзыретінде атқаратын болды. Соңғы бір ай ішінде басқармаға «Е-Өтініш» порталы арқылы 112 өтініш келіп түссе, олардың 97-сіне түзетулер енгізілген, ал 15 жоба өзгеріссіз мақұлданған.

       Брифинг барысында Сәрсен Абайұлы тек тексеріс пен айыппұлға емес, алдын алу шараларына да баса мән берілетінін айтты. Жарнама агенттіктері мен кәсіпкерлерге түсіндіру хаттары таратылып, «Тағам атауларының сөздігі» электронды форматта ұсынылды. Бұл нұсқаулық 41 дәмханаға жеткізілген. Сонымен бірге, «2ГИС» қосымшасы мен Instagram желісі арқылы 279 мейрамхана мен асханаға да жолданған.

       Әрине, атқарылған жұмыстарға қарамастан, заңға сай рәсімделмеген жарнамалардың әлі де кездесетіні жасырын емес. Дегенмен, алдағы уақытта түсіндіру жұмыстары күшейтіліп, мемлекеттік тілдің талапқа сай қолданысына ерекше көңіл бөлінбек.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Тағдырға мойымаған чемпион
  • Ағаштарға күтім жасау - оның сүйікті ісі
  • Шымкентте Smart City технологиялары мен әуежай инфрақұрылымы дамуда
  • Шымкентте 304 шақырым жол жаңартылды
  • Шымкент:Шағынаудандарда қауіпсіздік нығаяды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер