Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы стадион жаңа келбетке ие болды

  image.png   

     Шымкент спортына серпін берер қуанышты хабар.  Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы «Орталық» стадион жаңарған кейіпте жанкүйерлерге есігін айқара ашты. Сәрсенбінің сәтті күнінде өткен баспасөз жиынында қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы көпшіліктің қызығушылығына ие болған, нысанда атқарылған жұмыстардың барысы мен нәтижелерін егжей-тегжейлі баяндады. Оның сөзінше,  стадион қазір халықаралық стандарттарға толық сай келетін заманауи спорт алаңына айналып отыр.

      Жаңғыртудың алғашқы қадамдарының бірі  футбол алаңындағы жасыл төсенішті алмастыру болған. Бұған дейінгі ескі әрі ойынға қолайсыз көгалдың орнына арнайы мамандар жаңа табиғи газон төседі. Бұл істі тәжірибелі компания атқарды, олар бұған дейін Алматы, Семей, Ақтөбе және Түркістан қалаларындағы орталық стадиондарды да жаңартқан болатын. Жобаға «Ордабасы» футбол клубының демеушілері қаржылай қолдау көрсетіп, 78 миллион теңге бөлді. Оның ішінде 24 миллионы суару жүйесін орнатуға, қалған 54 миллионы көгалды ауыстыруға бағытталды.

      Футбол алаңымен қатар, жүгіру жолақтары да түбегейлі өзгерді. Бұрынғы тозығы жеткен жабынды алынып, орнына халықаралық талаптарға сәйкес тартан жабыны төселді. Қазір мұнда спортшылар 8 жолақтан тұратын сапалы көк төсеніште дайындалып, ресми жарыстарын өткізе алады. Бұл жұмыстарға 380 миллион теңге жұмсалды, қаражат толықтай демеушілердің есебінен қамтамасыз етілді.

   Сонымен бірге спортшылардың жаттығуы мен қалпына келуіне арналған жаңа ғимарат салынды. Көрермендер аймағы да назардан тыс қалған жоқ: орындықтар жаңартылып, бапкерлерге және қосалқы құрам ойыншыларына арналған орындар қайта жабдықталды. ВИП-кабиналар заманауи талапқа сай келтіріліп, жайлылығы артты. Алаң аумағында абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, жалпы бейнесі жаңарды.

  Жаңа өзгерістер жанкүйерлер үшін де жағымды жағдай қалыптастырды. Стадионға үлкен электронды табло орнатылып, LED-экрандар мен ақпараттық көрсеткіштер қойылды. Бұл құрылғылар ойын барысын айқын әрі қызықты қылып көрсетеді. Айта кету керек, аталған жобалардың бір бөлігі жергілікті бюджет қаражаты есебінен атқарылып, 149 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалды.

     Атқарылған жұмыстар Шымкент спортының жаңа тынысын ашатын маңызды жоба. Бұл жерде футболшылардың кәсіби деңгейде дайындалуына, жанкүйерлердің мәдениетті әрі жайлы жағдайда ойын тамашалауына толық мүмкіндік жасалды. Сонымен қатар, жаңғырту жұмыстары Қажымұқан Мұңайтпасұлының атына көрсетілген құрметтің бір белгісі ретінде де айқын көрініс тапты.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Тағдырға мойымаған чемпион
  • Ағаштарға күтім жасау - оның сүйікті ісі
  • Шымкентте Smart City технологиялары мен әуежай инфрақұрылымы дамуда
  • Шымкентте 304 шақырым жол жаңартылды
  • Шымкент:Шағынаудандарда қауіпсіздік нығаяды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер