Шымкент:Шағынаудандарда қауіпсіздік нығаяды

image.png   

 Сәрсенбінің сәтті күнінде өткен брифингте Сәрсен Абайұлы қала тұрғындарының тыныштығы мен қауіпсіздігіне бағытталған маңызды жобалардың барысын баяндады. Оның айтуынша, соңғы жылдары Шымкенттің демографиялық өсімі айтарлықтай қарқын алып, қала шекарасы жыл сайын кеңейіп келеді. Бұрын шеткері аймақ саналатын Таскен, Елтай, Сәуле, Бозарық сынды шағынаудандар бүгінде мыңдаған отбасы қоныстанған жаңа тұрғын аймақтарға айналды. Халық санының өсуі ең алдымен инфрақұрылымдық дамуды, сонымен қатар қауіпсіздік жүйесін жетілдіруді талап етеді. Әсіресе өрт қауіпсіздігі мәселесі күн тәртібінен түспейтін басты тақырыпқа айналған.

      Осы орайда қала билігі маңызды шешім қабылдап, жаңа өрт сөндіру деполарының құрылысын бастады. Таскен, Елтай және Сәуле шағынаудандарында биылғы шілде айында алғашқы қазығы қағылған нысандар бүгінде қарқынды салынып жатыр. Құрылыс алаңында жұмысшылар күн-түн демей еңбек етіп, халық көптен күткен нысандардың уақытылы аяқталуына бар күшін салуда.

      Жаңа ғимараттар тек өрт сөндірушілердің қызметін жеңілдетіп қана қоймай, тұрғындар үшін нағыз көпсалалы қауіпсіздік орталығына айналмақ. Әр депода 20-ға жуық маман жұмыс істеп, екі өрт сөндіру көлігі кезекшілікке дайын тұрады. Бұдан бөлек, учаскелік полиция пункті, медициналық көмек көрсету бөлмесі және жол-патрульдік полиция бекеті де бір шаңырақ астында шоғырланады. Бұл  кез келген төтенше жағдайға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

     Арнайы жобаның ерекшелігі  бір қабатты ғимараттың ішінде қызметкерлерге арналған кабинеттермен қатар, асхана мен оқу сыныбы да қарастырылған. Бұл өрт сөндірушілердің кәсіби деңгейін үнемі жетілдіруге жағдай жасайды. Жоспар бойынша, құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін толық аяқталып, жаңа нысандар халық игілігіне берілмек.

   Мамандардың айтуынша, осындай деполардың іске қосылуы алыс шағынаудандардағы өзекті мәселені шешпек. Өйткені бұған дейін өрт шыққан жағдайда арнайы көліктер қала орталығынан жеткенше біраз уақыт өтетін. Енді Таскен, Елтай, Сәуле тұрғындары төтенше жағдай орын алса, жедел көмек дер кезінде жететініне сенімді бола алады.

     Бұдан бөлек, жыл соңына дейін Бозарық пен Жаңаталап шағынаудандарында да өрт сөндіру деполарының құрылысы басталмақ. Ал 2026 жылы Ынтымақ, Базарқақпа, Қайнарбұлақ, Шымсити және Ақжар сияқты жаңа қоныстарда осындай заманауи нысандар бой көтереді. Бұл жоспар толық жүзеге асқанда, қаланың барлық негізгі аумағы өрт қауіпсіздігімен қамтылып, тұрғындардың алаңсыз өмір сүруіне жағдай жасалады.

   Сонымен қатар, Тұран шағынауданында төрт өрт сөндіру көлігіне лайықталған ірі депоның құрылысы жүріп жатыр. Мамыр айында басталған нысанның қазіргі уақытта 25 пайызы орындалған. Құрылысшылардың айтуынша, бұл жоба 2026 жылға өтпелі, яғни кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, толықтай аяқталған соң қаладағы төтенше жағдай қызметін жаңа деңгейге көтереді.

    Осы жұмыстардың барлығының түпкі мақсаты қала тұрғындарының амандығын қамтамасыз ету. Шымкент күннен күнге көркейіп, жаңарып жатқанымен, кез келген дамыған мегаполис үшін ең бастысы адамдардың қауіпсіздігі. Жаңа өрт сөндіру деполарының бой көтеруі, сол қауіпсіздіктің кепілі болмақ.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Тағдырға мойымаған чемпион
  • Ағаштарға күтім жасау - оның сүйікті ісі
  • Шымкентте Smart City технологиялары мен әуежай инфрақұрылымы дамуда
  • Шымкентте 304 шақырым жол жаңартылды
  • Шымкент:Шағынаудандарда қауіпсіздік нығаяды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер