Көп жылдан бері қала тұрғындарын толғандырып келген басты мәселенің бірі елді мекендердегі жолдың сапасы болатын. Әсіресе, қалаға кейіннен қосылған шалғай ауылдарда асфальт төселмегендіктен, тұрғындардың қатынауы қиынға соғып келген еді. Биыл бұл мәселені түбегейлі шешу бағытында ірі қадамдар жасалуда. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы брифингте бөлісті. Оның айтуынша, биылғы жыл Шымкент тарихында жол құрылысы бойынша ең қарқынды кезеңдердің бірі болып отыр.
Жыл басынан бері мегаполис аумағында жалпы ұзындығы 304 шақырымды құрайтын жолға асфальт төселді. Оның ішінде:
Абай ауданында – 80,4 шақырым,
Тұран ауданында – 60,7 шақырым,
Әл-Фараби ауданында – 20,1 шақырым,
Қаратау ауданында – 78,5 шақырым,
Еңбекші ауданында – 64,3 шақырым жол жөнделіп, тұрғындардың игілігіне берілді.
Мамандардың айтуынша, аталған жұмыстардың нәтижесінде қаладағы жолдардың сапалы үлесі жыл соңына дейін 90 пайызға жеткізілмек. Бұл көрсеткіш еліміздің басқа ірі қалаларымен салыстырғанда айтарлықтай жоғары деңгей.
Жол мәселесі тек көлік қозғалысының ыңғайлылығы ғана емес, халықтың күнделікті өмір сапасына тікелей әсер ететін фактор. Асфальт төселген көшелер тұрғындарға қолайлы орта қалыптастырып қана қоймай, жедел жәрдем мен өрт сөндіру сынды арнайы қызметтердің уақытылы жетуіне де септігін тигізеді.
Жол сапасын жақсартумен қатар, қала халқы үшін қоғамдық көлік қызметінің ыңғайлылығы да аса маңызды. Соңғы жылдары бұл салада бірқатар оң өзгерістер енгізіліп келеді. Соның айғағы жаңа №8 бағыттың ашылуы. Аталған бағыт қалаға кейіннен қосылған шағынаудандарды қамтып отыр. Әсіресе Тоғыс тұрғын алабы үшін бұл үлкен жеңілдік болды. Өйткені бұған дейін орталыққа жету қиындық тудырып келген еді.
Жаңа бағыт пилоттық жоба ретінде іске қосылып отыр. Жолаушылар легіне байланысты қозғалыс кестесіне өзгерістер енгізілуі мүмкін. Қазіргі таңда жұмыс күндері бес автобус, демалыс күндері үш автобус қатынайды. Аралық уақыты 28-45 минут. Бағыт сызбасы Тоғыс тұрғын алабындағы Мұнайбарлаушылар көшесінен басталып, «Көл» аялдамасына дейін созылады.
Жалпы алғанда, Шымкент қаласында жол инфрақұрылымын дамыту мен қоғамдық көлікті жетілдіру жұмыстары жүйелі жоспар бойынша жүзеге асуда. Қала билігінің айтуынша, алдағы уақытта да жол құрылысы қарқынын бәсеңдетпей, тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасау жалғаса бермек.