Кез-келген ел үшін жол экономиканың күретамыры саналады. Автокөлік жолы оқтаудай түзу, тақтайдай тегіс мемлекетте жүк тасымалы мен адамдардың барыс-келісі жақсарып, туризмі де, экономиканың көптеген салалары да дами түспек.Сондықтан жол саласы мамандарына қазіргі таңда елімізде сұраныс өте жоғары. Мамандық таңдайтын жастар үшін көлік саласында көптеген қызықты мамандықтар мен бағыттар бар. Олар көлік жүйелерінің инженериясы, логистика және жеткізу тізбегін басқару сынды кәсіпкер. Жалпы, авто, теміржол, су көлігі және авиация мамандарына ел бойынша 10 мыңға жуық маман тапшы. Ал «Автомобиль жолдары мен аэродромдар құрылысы», «Көпірлер мен көлік туннельдерін салу», «Теміржол құрылысы» мамандықтары бойынша барлығы 500-ге жуық студент оқиды, бұл өте аз көрсеткіш дейді мамандар. Бұл сала экономиканы дамытуда және қоғамның ұтқырлығын қамтамасыз етуде шешуші рөл атқаратын серпінді және технологиялық бағыт.
Шымкент қаласындағы Жол-көлік колледжі шаһардағы жол мамандарын даярлайтын колледждердің бірі. Оқу орны өкілдерінің айтуынша бұл мамандыққа жастардың қызығушылығы жыл санап артып келеді екен. Сондай-ақ білім ордасында аталмыш мамандықты оқыту үшін барлық жағдай жасалған.
Жақында Жол-көлік колледжінің «Автомобиль жолдары мен аэродромдар құрылысы және пайдалану» мамандығы бойынша білім алатын САД 9-241 және САД 9-251 топ студенттері үшін ерекше тәжірибелік күн өтті. Олар «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК Шымкент қаласы филиалының сынақ зертханасында ашық есік күніне қатысып, жол сапасын бақылаудың қыр-сырымен танысты. Білім алушылар: жол құрылыс материалдарын сынақтан өткізу процесін көріп, заманауи зертханалық құрал-жабдықтармен жұмыс істеуді үйренді. Сала мамандарынан құнды кеңестер алды.
Бұл тәжірибе болашақ техник-құрылысшыларға мамандықтарының қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін сезінуге және кәсіби қызығушылықтарын арттыруға үлкен мүмкіндік болды. Жол-көлік колледжі – жарқын болашаққа апаратын жол!
Айта кетейік, жол жұмысшысы асфальт бетон жабындарын жөндеумен, бордюрлерді, жол белгілерін орнатумен, қоршаулар мен жол жиектерін жайластырумен айналысатын маман. Олар автомобиль жолдары мен аэродромдар салумен, оларға қызмет көрсетумен байланысты адам. Жол жұмысшысы барынша зейінділік пен барлық технологиялық процестерді білуді талап ететін жауапты мамандық. Оның құзыретіне жолдарды жайластыру бойынша жұмыстардың барлық спектрі кіреді.