Ізгі істің ізін жалғаған жан

image.png     

   Қаланың қақ ортасында, күн сайын мыңдаған жолаушыны қарсы алып, сапарға шығарып салатын теміржол вокзалының ішінде Сұлушаш Күбенованы көп адам байқамауы мүмкін. Бірақ осы үлкен жүйенің тынысын ұстап тұрған, әр бұрыштағы тәртіп пен тазалықтың артында дәл осы кісінің еңбегі жатыр. Ол он жылдан астам уақыт бойы вокзалдың шаруашылық жұмыстарын басқарып келеді. 

    Сұлушаш Нұрлыбекқызының өмір жолына тоқталар болсақ. 1975 жылы Сарыағаш ауданының Қызылсарқырама ауылында дүниеге келген қыз бала, ерте жастан еңбекке араласып, бәріне өз күшімен жетуді үйренді. «Әкем де, шешем де еңбексүйгіш жандар еді. Сол кісілердің өмірі мені көп нәрсеге үйретті. Қазір де сол кішкентай ауылдағы еңбек иісі есімде сақталғандай», – дейді ол өткенін еске алып.

    2005 жылы Шымкентке қоныс аударып, теміржол вокзалына жұмысқа орналасқан. Алғашында қарапайым қызметтен бастаған. Күн ыстықта да, қыстың аязы мен қарлы кешінде де жұмыс орнын тастамаған. Уақыт өте келе ұйымдастырушылық қабілеті мен жауапкершілігі байқалып, басшылық қызметке көтерілді. Қазір ол вокзалдың шаруашылық мәселелері бойынша директор орынбасары. «Біздің вокзал – қаланың жүрегі. Мұнда күн сайын мыңдаған жолаушы келіп, жолға шығады. Сол ағынды реттеу, тәртіп пен тазалықты сақтау біздің басты міндетіміз. Әр жолаушының жолы сәтті өтуіне аз да болса үлес қосу мен үшін үлкен қуаныш. Мұнда жалғыз өзің ештеңе істей алмайсың. Әріптестеріме сүйенемін, олар менің екінші отбасым сияқты. Мойындаймын, қиындықсыз жұмыс болмайды, бірақ бірлік болса, бәрі де еңсеріледі», – дейді ол.      

      Қызметтегі тиянақтылығы мен жауапкершілігінің арқасында Сұлушаш ханым бірнеше мәрте марапатқа ие болды. 2024 жылы Көлік қызметкерлері күніне орай Шымкент қаласы әкімінің орынбасарының алғыс хатын иеленсе, 2025 жылы Мемлекет басшысының жұмыс сапары кезінде ұйымдастырылған іс-шараларды жоғары деңгейде өткізуге қосқан үлесі үшін тағы да алғыс хатпен марапатталды. «Алғыс хатты қабырғаға іліп қою бір бөлек, ал әріптестеріңнің сенімін ақтау ең қиыны. Мен үшін бастысы  сол сенімге лайық болу», – дейді ол.

     Қызметтен тыс уақытта Сұлушаш Нұрлыбекқызы  шаңырақтың шуағы. Бір ұл өсіріп отыр. «Ұлыма еңбектің қадірін түсіндіргім келеді. Өмірде бәрі дайын келмейді, соны ерте ұғынсын деймін», – дейді ол. Міне, осылайша қарапайым еңбегімен, сабырлы болмысымен елдің тынысын ұстап жүрген осындай жандар, бүгінгі қоғамның шын тірегі. Еңбек адамын дәріптеу дегеніміз – дәл осындай Сұлушаштай адамдарды тану, бағалау. Өйткені олардың қолымен қала тыныстап, ел қозғалып тұр.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Мемлекет басшысы энергетика саласындағы ықпалдастықтың әлеуетіне жоғары баға берді
  • Қ.Тоқаев былтыр Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда көлемі 28 миллиард долларға жеткенін айтты
  • Президент жолдауы: көлік-логистика – Қазақстан экономикасының стратегиялық бағыты
  • Әлеуметтік масылдықпен қалай күресеміз?
  • Құтыру – емі жоқ дерт
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер