«Өндіріс десе, көз алдыма үздіксіз айналып тұрған алып қазандықтар, ыстық майдың иісі мен темірдің үні қатар елестейді. Мен осы әлемнің ортасында он бес жылдан бері еңбек етіп келемін», – деп бастады әңгімесін бүгінгі кейіпкеріміз Айдос Салибекұлы.
Ол 1988 жылы Түркістан облысының Төле би ауданына қарасты Әңгірата ауылында дүниеге келген. Таңғы самалмен бірге малдың мөңірегені естіліп, ауыл үстін көк түтін орап жататын. Сол көрініс оның балалық шағының естелігі. «Бала күнімнен еңбекке араласып өстім. Әкем күн сайын ерте тұрып, жұмысқа кетерде маған қарап: “Еңбек – ердің досы, жалқаулық – қас жауың” деп айтатын. Сол сөз менің бойыма сіңіп, өмірлік ұстанымыма айналды», – дейді Айдос.
1996 жылы Әңгірата бастауыш мектебінің есігін ашқан бала, 2000 жылы Абай атындағы орта мектепке ауысып, білімін жалғастырған. Сол кезден-ақ оның техникаға, нақты ғылымдарға бейімділігі байқала бастаған. «Физика мен еңбек сабағын ерекше жақсы көретінмін. Қалай жұмыс істейді, неге бұлай қозғалады, бәрін білгім келетін. Кейін ойласам, сол қызығушылық мені өндіріс әлеміне қарай жетелепті», – деп еске алады ол.
Мектептен кейін Айдос арман қуып Шымкентке жол тартады. 2006 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне грантпен түседі. 2010 жылы қолына диплом алған жас маман көп ойланбастан өз мамандығы бойынша еңбек жолын бастайды. Сол жылы 9 шілдеде «Шымкентмай» акционерлік қоғамына оператор болып қабылданады. «Алғашқы жұмыс күнім есімде. Үлкен цех, темірдің сарыны, ыстық ауа, әркім өз ісіне тиянақты. Мен бәріне таңырқай қарадым. Өзімді осы үлкен механизмнің кішкентай бір тетігіндей сезіндім. Сол сәтте: “Мен осы жерде өз орнымды табамын” деген ой санамда жаңғырып тұрды», – дейді ол.
Жас маман үшін алғашқы жылдар оңай болған жоқ. Кейде қазандықтың ыстығына төзбей терлеп, кейде түнгі ауысымда ұйқымен арпалысқан күндер өтті. Бірақ ол ешқашан мойымады. «Күн сайынғы еңбек, үлкендердің ақылы мен өзімнің үйренсем деген ниетім мені шыңдады. Біртіндеп сенім артты, жауапкершілік артты», – дейді Айдос байсалды үнмен.
Жылдар жылжып, тәжірибе толысты. Уақыттың өзі оны сынақтан өткізді. Еңбекқорлығын, ұқыптылығын байқаған басшылық оны 2021 жылдың 21 маусымында ауысым шебері қызметіне көтереді. «Бұл жаңалықты естігенде қуандым. Бірақ қуанышпен бірге жауапкершілік те еселенді. Енді мен тек өзімнің емес, тұтас бір топтың жұмысына жауаптымын. Әріптестеріме қарап, өзімді айнадай көремін. Егер менің ісім ұқыпты болса олардың да еңбегі солай болмақ», – дейді ол.
Қазір артқа қарап, өткеніне ой жүгірткенде, ол өз жолының әр сәтіне ризашылықпен қарайды. «Кішкентай ауылдан шығып, осындай ірі өндіріс орнында еңбек ету мен үшін үлкен мәртебе. Бұл жолда ең бастысы табандылық. Кейде шаршайсың, кейде сынақ көп болады. Бірақ еңбектен қашпайтын адамды тағдыр да қолдайды. Әкем айтқан “Еңбек – ердің досы” деген сөз әлі күнге дейін мені алға жетелейді», – дейді Айдос Салибекұлы.
Әңгіме соңында ол жастарға былай дейді: «Қазір бәрі тез жетістікке ұмтылады, бірақ ештеңе бір күнде болмайды. Еңбек – көзге көрінбейтін, бірақ бәрін өзгертетін күш. Қай салада жүрсең де, адал бол. Сонда ғана еңбегіңнің дәмі тәтті болады».