Абай ауданындағы ілкімді істер жалғасуда

image.png

    Еліміздегі ең ірі мегаполистің бірі — Шымкент қаласы күннен күнге ажарланып келеді. Бүгінде қалада инфрақұрылмды дамыту, көшелерді жарықтандыру, демалыс орындарын абаттандыру, көшелерге асфальт төсеу сынды жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Қаладағы Абай ауданы да тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру үшін бірқатар жұмыстарды іске асыруда. 

     Абай ауданында "Халық қатысатын бюджет" жобасы аясында абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Аталған бастама тұрғындардың тікелей ұсыныстары негізінде жүзеге асып, аудан аумағын көркейтуге бағытталған.

    Жоба шеңберінде аулаларды жаңарту, балалар ойын және спорт алаңдарын салу, көше жарығын орнату мен көгалдандыру секілді кешенді жұмыстар атқарылуда. Биылғы жылы аудан әкімдігі тарапынан 18 балалар ойын алаңшасы, 5 гүлзар және 2 спорт алаңының құрылысы аяқталды.

     Атап айтқанда, Қызылжар тұрғын алабындағы 10 көпқабатты тұрғын үй ауласы толық жаңартылып, тұрғындар үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастырылды. Аулаларда заманауи ойын кешендері орнатылып, жарықтандыру жүйесі жүргізілді.

    Абаттандыру жұмыстарының мердігерлері ретінде «Жасыл-Алем» және «Самұрық Инвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бекітілген.

     Абай ауданында қазіргі таңда 27 елді мекен бар. Олардың аумағында жалпы саны 55 159 тұрғын үй мен 220 көпқабатты үй орналасқан. Аудандағы халық саны — 257,7 мың адам. Аудан көлемінде 1 274 көше мен 230 әлеуметтік нысан тіркелген. Инфрақұрылыммен қамту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып, көптеген оң нәтижелерге қол жеткізілуде. Атап айтқанда, аудан халқы 100% ауыз сумен және электр жарығымен қамтамасыз етілген. Бұл — тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам. Сонымен қатар, табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. 

     Аудан аумағындағы көше инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Аудандағы 1 274 көшенің жалпы ұзындығы — 1 080 шақырым. 2024 жылға арналған бюджеттен 4,3 миллиард теңге бөлініп, 95 көшеге 77 шақырым асфальт жол төселді. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға дейін барлық тас және топырақ жолдарды асфальттау жоспарланған. Бұл жұмыстар 311 шақырым немесе 469 көшені қамтиды. Аталған жұмыстар толық аяқталған жағдайда, қанағаттанарлық деңгейдегі көшелердің үлесі қазіргі 59,8%-дан 100%-ға жетеді.

      Сонымен қатар, аудан көшелерін жарықтандыру жұмыстары да жүйелі түрде жүзеге асырылуда. 2024 жылға дейін 193 көше жарықтандырылып, бұл көрсеткіш 15,1%-ды құрады. Биыл тағы 254 көше жарықтандырылып, жалпы саны 447 көшеге жетті. Осылайша, жарықтандыру көрсеткіші 35,1%-ға артты. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға дейін жарықтандырылмаған барлық көшелерге жарық шамдары орнатылып, бұл көрсеткіш 100%-ға жеткізіледі.

    «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында аудан аумағында тұрғындардың ұсыныс-пікірлеріне негізделген 25 жоба іске асырылуда. Бұл жобаларға 1 миллиард 990 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінген. Қазіргі уақытта осы жобалар аясында 16 ойын алаңы, 3 спорт алаңы, 5 гүлзар және 50 көшеге 34 мың шаршы метр аяқ жол салынуда.

         Аудан аумағында орналасқан тұрғын алаптар да назардан тыс қалған жоқ. Абдулабад шағынауданында негізгі көшелердің бірі жаңадан асфальтталып, жол жиектері мен ирригациялық арықтар ретке келтірілуде. Сонымен қатар, дәл осы аумақта балалар ойын алаңы мен шағын спорт алаңының құрылысы қатар жүргізілуде. Мұндай әлеуметтік нысандар тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуге, салауатты өмір салтын қалыптастыруға сеп болары сөзсіз.

Ирригациялық жүйені жаңарту — аудан үшін өзекті мәселелердің бірі. Қазіргі таңда бірнеше көшеде арық-атыз жүйелерін қайта қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл – жаңбыр және ағын суды тиімді бағыттап, көше жабындыларының бүлінуін болдырмау мақсатында қолға алынған маңызды шара.

      «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы азаматтық белсенділікті арттырып, жергілікті мәселелерді бірлесе шешуге жағдай жасауда. Аудан экономикасын дамыту бағытында өндірістік және логистикалық нысандардың үлесі де артуда. Қойма кешендері мен шағын кәсіпорындар инфрақұрылымды кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға үлес қосып келеді.

     Жалпы, Абай ауданындағы инфрақұрылым саласындағы жүйелі жаңғырту жұмыстары – қала дамуының нақты көрсеткіші. Жолдардың тегістелуі, жарық шамдарының орнатылуы, әлеуметтік нысандардың көбеюі – мұның бәрі тұрғындардың өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған маңызды қадамдар.

    Айта кетейік, инфрақұрылым жобаларының уақтылы әрі сапалы орындалуы аудан әкімдігі мен тиісті басқармалардың тұрақты бақылауында.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Шағын және орта бизнес көлемі өсуде
  • Салық реформасы – экономикалық дамудың негізгі міндеттерінің бірі
  • Тәртіп пен талапты жоғары қоятын маман
  • Жүректерге жылулық сыйлаған жан
  • Өрт сөндіруші-құтқарушы мамандығына жастарды баулу маңызды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер