Қазақстанның индустриялық өрлеу кезеңінде техникалық мамандықтардың маңызы ерекше артып келеді. Солардың ішінде слесарь мамандығы еңбек нарығында тұрақты сұранысқа ие болып отыр. Бұл мамандық — өндіріс, құрылыс, көлік, коммуналдық қызмет салаларында үздіксіз жұмыс істеуі тиіс техника мен механизмдердің сенімді “сақшысы”. Слесарь — металл өңдеу, бөлшектерді дайындау және орнату, механикалық бөлшектерді ажырату-жинау мен жөндеу жұмыстарын атқаратын техник маман.
Абдумәлік Шатланбекұлы Арыстанбеков – №2 аудандық бөлімшенің тәжірибелі, 5-дәрежелі слесары. Ол жылу жүйелерін үздіксіз әрі сапалы қамтамасыз ету жолында он жылдан астам уақыттан бері тынымсыз еңбек етіп келеді.
2011 жылдан бастап аталған салада қызмет атқарып келе жатқан Абдумәлік Шатланбекұлы бүгінде «Қуатжылуорталық-3» МКК-ның сенімді де білікті мамандарының бірі саналады. Оның мамандығына деген адалдығы мен кәсіби шеберлігі – қаламыздағы тұрақты жылу жүйесінің беріктігіне кепіл. Осындай еңбек адамдарын әрдайым құрметтеп, үлгі тұтайық!
Слесарь — бұл тек қол еңбегі емес, сонымен қатар ой мен тәжірибенің үйлесімі. Нағыз шебер өз ісінің мәнін түсінеді және әр бөлшекті жауапкершілікпен орындайды. Еңбектері қанша ауыр болса да, еңбек нарығында осындай мамандыққа деген сұраныс әрдайым жоғары. Слесарь мамандығы — техникалық білім мен қолданбалы дағдының үйлесімі. Қазақстанның индустриалды дамуы үшін мұндай мамандар маңызды рөл атқарады. Жастар арасында осы салаға деген қызығушылықты арттыру, оқу орындарында кешенді білім беру мен кәсіптік практика мүмкіндіктерін кеңейту — болашақтағы табыстың кепілі.
Айта кетейік, «Қуатжылуорталық-3» мекемесі бүгінде қала тұрғындарының 70-75 пайызын жылумен қамтамасыз етіп отыр. Қазіргі таңда мекемеде 600-ге тарта қызметкер қала тұрғынлары үшін еңбек етуде.