Шымкент қаласының балуаны Марат Байқамұров «Қазақстан барысы – 2025» турнирінің чемпионы атанды. Астана қаласындағы «Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында» қазақ күресінен өткен дәстүрлі ХV республикалық «Қазақстан барысы» турнирінде шымкенттік балуан Марат Байқамұров топ жарды.
Финалда ол Абай облысының балуаны Ерасыл Қажыбаевпен белдесті. Бұған дейін Марат бес қарсыласын айқын басымдықпен ұтып, финалға жол ашқан болатын. «Найман» лақап атымен танымал балуан шешуші сында да қарсыласына мүмкіндік бермей, алтын белбеу мен «Қазақстан барысы» атағын жеңіп алды.
Бұл жеңіс – Шымкент спорты үшін тарихи жетістік. Себебі, «Қазақстан барысы» турнирінде алғаш рет осы қала атынан шыққан балуан чемпион атанып отыр. Айта кетейік, 2024 жылы Абай облысының балуаны Ерасыл Қажыбаев финалда шымкенттік Ерсұлтан Мұзаппаровты ұтып кеткен еді. Ал биыл сәті түсіп, Марат Байқамұров сол кеткен есені қайтарды деуге болады.
Марат Байқамұровтың бұл жеңісі – тек жеке табыс қана емес, шымкенттік спорт мектебінің әлеуетін айқын көрсеткен зор оқиға. Сонымен қатар, бұл – оның «Қазақстан барысы» бәсекесіне үшінші рет қатысуы және ең сәтті көрсеткіші.
27 жастағы Марат Байқамұров дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі (100 келіге дейінгі салмақ дәрежесі). Биыл Ташкент қаласында өткен Grand Slam турнирінде қола медаль жеңіп алып, әлем чемпионатына қатысқан болатын.
Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан барысы – 2025" турнирінің жеңімпазын құттықтады. "Марат Байкуморовты қазақ күресінен "Қазақстан барысы – 2025" турниріндегі жарқын жеңісімен құттықтаймын! Ол тамаша өнер көрсетіп, жанкүйерлер көңілінен шықты", - деп атап өтті Тоқаев. Президент мемлекет қазақ күресінің дамуына алдағы уақытта да қолдау көрсете беретінін атап өтті.
Айта кетейік, "Қазақстан барысы" турнирі 2011 жылдан бастап дәстүрлі түрде өткізіліп келеді және елдегі ең беделді спорттық жарыстардың бірі саналады. Биылғы сайысқа 43 балуан қатысып, жарыстың жүлде қоры 27 миллион теңгені құрады.