Ұйғыр этносының тілі мен өнері — рухани бірліктің көрінісі

image.png

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай Шымкент қаласында «Ұйғыр тілі, мәдениеті және салт-дәстүрі күні» атты мерекелік іс-шара өтті. Шараны Шымкент қалалық ұйғырлар қауымдастығы ұйымдастырды.

Мерекеге Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының м.а Заңғарбек Үсіпахметов, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Нүркен Әлімқұлов, сондай-ақ қаламыздағы этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен өкілдері қатысты.

Алдымен қатысушылар ұйғыр халқының тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін қолөнер бұйымдары мен ұлттық тағамдар көрмесін тамашалады.

Іс-шара барысында сөз алған Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының м.а Заңғарбек Үсіпахметов:

«Қазақстан халқы Ассамблеясы — бейбітшілік пен келісімнің символы. Біздің басты байлығымыз – ел ішіндегі татулық пен өзара құрмет. Осындай мәдени іс-шаралар арқылы біз бір-біріміздің дәстүрімізді, тілімізді, мәдениетімізді тереңірек танып, ортақ құндылықтарды нығайта түсеміз», — деді.

Іс-шараның салтанатты ашылуы «Умай» би тобының орындауындағы ұлттық «Кербез сылқым» биімен басталды. Кеш барысында ұйғыр мәдениетінің ерекше өрнегін көрсеткен өнер ұжымдары мен жас таланттардың орындауындағы ән мен би көрерменнің көңілінен шықты.

Сахна төрінде Т.Молдағалиевтің сөзіне, С.Байтерековтің әніне жазылған «Жан досым» әні шырқалып, Алматы облысы, Шелек ауданынан арнайы келген «Дастан» әншілер тобының әуезді әндері көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Айта кетейік, Шымкент қаласында 300  ұйғыр отбасы өмір сүреді. 1998 жылы облыс аумағындағы ұйғыр ұлтының өкілдері бас қосып, ұйғыр этно-мәдени бірлестігін құру мәселесін ортаға салып, қазіргі ұйғыр этно-мәдени орталығының негізін қалаған болатын. Сол жылы-ақ ұйғыр этно-мәдени орталығы құрылып, өзінің жұмысын бастады. Алғашында орталыққа үш адам төрағалық етіп, біраз жұмысты жолға қойды. 

Ұйғыр этно-мәдени орталығының жанында фольклорлық «Атуш» және вокалдық «Тарим» ансамбльдері мен «Гунча» би тобы жұмыс істейді. Бүгінгі таңда еліміздің 63 мектебінде ұйғыр тілінде ұйғыр тілі пәні енгізілген. Ал 13 ұйғыр мектебінде және 31 аралас орта мектептерде ұйғыр сыныптары бар. Мектептерде 16 мың ұйғыр баласы өз ана тілінде білім алуда. Алматы облысының Жаркент қаласындағы педколледжде бастауыш ұйғыр мектептерінің мұғалімдерін даярлау бөлімі бар. Шығыстану ғылыми-зерттеу институтының жанындағы Ұйғыртану орталығында оннан аса ұйғыр ғалымы халқымыздың тарихына, тіліне, әдебиеті мен өнеріне байланысты ғылыми жұмыстармен айналысуда. Жалпы, қазіргі уақытта Қазақстанда ұйғыр ұлтының өкілдерінен 20-дан аса ғалым докторы, 100-ге жуық ғылым кандидаты мемлекетіміздің, сонымен қатар ұлтымыздың даму жолында әр түрлі салаларда белсенді жұмыс атқаруда. Ұйғыр ұлттық мәдениетінің алтын бесігі болған Ұйғыр театры мен «Ұйғур авази» газеті де жұмыс істеп келеді.

Ұйғырлар Қазақстан территориясында алғаш рет XIX ғасырдың соңына таман келіп қоныстанған. 1881-1883 жылдары қазіргі Алматы облысының территориясына Қытайдан 40 мыңнан астам ұйғыр көшіп келген. Қазақстандағы ұйғырлардың саны – 301 584. Ұйғырлар Қазақстандағы ең көп санды диаспора қатарына жатады.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Республикалық пікірсайыс турнирі өз мәресіне жетті
  • Республикалық пікірсайыс турнирі өз мәресіне жетті
  • Ұйғыр этносының тілі мен өнері — рухани бірліктің көрінісі
  • Тарих қайталанды: Бұл жолы – алтын жүлдемен!
  • Шымкентте «Әзірбайжан этносының тілі, мәдениеті және салт-дәстүрі» атты мерекелік іс-шара өтті
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер