Биыл «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорны – «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі үшін айрықша жыл болып отыр. Себебі Шымкент мұнай өңдеу зауытының құрылғанына 40 жыл толды. Бұл кәсіпорын қаланың экономикасы мен әлеуметтік өмірінде маңызды орын алып, еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып келеді. 1985 жылы алғашқы жанармай өндірілген уақыттан бері зауыт Қазақстанның энергетикалық жүйесінің негізгі бөлігіне айналды. Соңғы жылдары жүргізілген ауқымды жаңғырту жұмыстарының арқасында өндіріс процесі экологиялық стандарттарға толық сәйкестендірілді, өнім сапасы артты және өңдеу тиімділігі едәуір жақсарды.
Зауыттың мерейтойына орай оның тарихы мен алдағы даму жоспарларына арналған бірқатар салтанатты іс-шара өткізілді. Бүгін Шымкент мұнай өңдеу зауытында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, ҚР Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс, «KAZENERGY» қауымдастығының төрағасы Болат Ақшолақов, «Самұрық-Қазына» АҚ Стратегия және активтерді басқару жөніндегі тең басқарушы директоры Бахытжан Таубаев, ҚМГ Басқарма төрағасының орынбасары Әсет Мағауов, Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясының (CNPC) өкілдері, сондай-ақ сала ардагерлері болды. Шаһар басшысы Ғабит Әбдімажитұлы зауыт ұжымын мерейтойымен құттықтап, кәсіпорынның қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесін жоғары бағалады.
Делегация кәсіпорынның негізгі нысандарын аралады. Сонымен қатар жасанды интеллект негізінде әзірленген сараптамалық талдау және қауіпсіздік техникасы саласындағы цифрландырудың пилоттық жобаларының нәтижелері таныстырылды.
Зауыт ішіндегі орталық аллеяда «ЛК-6У – зауыттың жүрегі» атты мемориалдық тас салтанатты түрде ашылды. ПҚОП ардагерлері бұл ескерткіш Шымкент мұнай өңдеу зауытының тарихы мен дамуына зор үлес қосқан қызметкерлерге көрсетілген құрмет екенін атап өтті.
Зауыт еңбеккерлері өздері ұсынған монумент идеясын Қазақстан суретшілер одағының мүшелері, мүсіншілер Болат Құсайынов пен Ерболат Құсайын көркем шеберлікпен жасап шықты. Мұнай тамшысы түрінде жасалған, биіктігі екі метр композиция өнеркәсіп жүрегі болып саналатын, аты аңызға айналған – ЛК-6У қондырғысын бейнелейді. Бұл зауыттың іске қосылғанын айшықтайтын қондырғы.
Сонымен қатар қонақтарға кәсіпорынның 40 жылдығына орай құрылған алғашқы мамандандырылған тарихи мұражайға экскурсия ұйымдастырылды. Бұл жерде кәсіпорынның 1972 жылы құрылысы басталғаннан бүгінгі күнге дейінгі кезеңдерді қамтыған архив материалдары мен фотосуреттері бар бірегей экспозиция қойылған, ал интерактивті тақта зауытқа виртуалды саяхаттауға мүмкіндік береді.
Шымкент мұнай өңдеу зауыты ұзақ жылдар бойы әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып келе жатқаны белгілі. Бүгін зауыттың 40 жылдығына орай Бадам-1 тұрғын алабында жабық спорт кешені ашылды. «ПетроҚазақстан Ойл Продактс»-тың қолдауымен салынған кешен бір уақытта 100 баланы қабылдай алады. Жаңа нысан қаланың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға қосқан компанияның елеулі үлесі болды. Мұнда дене шынықтыру сабақтарын және шағын футбол жарыстарын өткізуге жан-жақты жағдай жасалған. Жоба салауатты өмір салтын насихаттауға, сондай-ақ, барлық жастағы адамдарға спортпен шұғылдануға, бұқаралық спортты дамытуға мүмкіндік береді.
Мерейтойға арнайы шығарылған 320 беттік «Еңбек. Жетістік. Болашақ» кітабы таныстырылып, деректі фильм көрсетілді. Бұл туындылар ірі зауыттың 40 жылдық тарихына арналған.
ПҚОП мерейтойына орай кәсіпорынның 150-ден астам ардагері мен қызметкері мемлекеттік және салалық наградалармен марапатталды.
Қырық жылда Шымкент мұнай өңдеу зауыты 180 млн тоннадан астам мұнай өңдеді. Бүгінгі таңда кәсіпорын өндірістік тиімділіктің жоғары көрсеткіштеріне қол жеткізді, атап айтқанда өңдеу тереңдігі 88% дейін ұлғайды, ал жеңіл мұнай өнімдерін өндіру көлемі 82% құрап отыр. Ал биыл жеті айда зауытта 3 млн 580 мың тонна мұнай өңделді. Бұл былтырғы жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 520 мың тоннаға артық.
Қырық жылдың ішінде кәсіпорын ауқымды жаңғырту кезеңдерінен өтіп, жоғары өндіріс көрсеткіштеріне жетті. Бүгінде еліміздің энергетикалық қауіпсіздігіне елеулі үлес қосып келеді. Бұл жетістіктер — бірнеше буын мұнай өңдеуші мамандардың маңдай тері мен табанды еңбектерінің жемісі!
Бүгінгі таңда Шымкент мұнай өңдеу зауыты – Қазақстанның оңтүстігіндегі отын тұрақтылығын қамтамасыз етуде және еліміздің энергетикалық қауіпсіздігінде басты рөл атқаратын заманауи, жоғары технологиялық кешен. Компания өндірістегі жұмысшыларға жайлы әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлар жасау және қауіпсіздікті қамтамасыз етумен қатар кәсіптік оқыту, біліктілікті арттыру, тағылымдамаға жіберу және тәжірибе алмасуға ерекше мән беріп келеді. Еліміздің мұнай-газ қорын молайтып, өндіріс қарқынын арттыру мақсатында «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» жұмыла еңбек ету ─ ортақ міндет. Бұл бағытта «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» геологиялық барлау, мұнай өндіру, тасымалдау, өңдеу, мұнай-газ химиясы және әлеуметтік жобаларды жан-жақты іске асыруда.
Әлеуметтік жауапкершілік — «ПҚОП» ЖШС компаниясының басты қағидаларының бірі. Компания жергілікті қоғам өміріне белсенді қатысып, білім беру, денсаулық сақтау және өңір тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған жобаларды жүзеге асырып келеді.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында мұнай-газ және мұнай-химия саласының ел экономикасындағы стратегиялық маңызын атап өтіп, шикізатты терең өңдеуге бағытталған жоғары технологиялық өндірістерді дамытудың қажеттілігін көрсеткен болатын.
Осы орайда Шымкент мұнай өңдеу зауыты қуаттылығын жылына 12 миллион тоннаға дейін арттыруға бағытталған жобаны жүзеге асыруда. Бұл бастама Президент айқындаған стратегиялық мақсаттармен үндесіп, ішкі нарықты сапалы отынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.