Шымкентте іскер әйелдер бас қосты

image.png

    Шымкент қаласында Іскер әйелдер кеңесінің 10 жылдығына арналған «Әйел кәсіпкерлердің үшінші өңірлік бизнес-форумы» өтті. Форумға ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның өкілдері, Шымкент қаласы әкімдігі, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, «ASMAR» Қазақстан кәсіпкер әйелдері ұлттық қауымдастығының жетекшілері мен еліміздің түкпір-түкпірінен келген бизнес-ханымдар қатысты. Жалпы қатысушылар саны 500-ден асты.

    Форумның басты мақсаты – әйелдердің кәсіпкерлік саласындағы әлеуетін арттыру, іскер әйелдер арасындағы тәжірибе алмасуды жолға қою және өңір экономикасының дамуына үлес қосқан кәсіпкер әйелдерді қолдау болды.

    Шарада Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек құттықтау сөз сөйлеп, іскер әйелдердің қоғамдағы маңызды рөліне тоқталды. «Жалпы, еліміздің әйелдері, қыз-келіншектері қашан да тек үйде ата-анасына – қыз, жарына – сүйеу, балаға ана болып қана қоймай, отбасының тірлігімен қатар ел экономикасына да өз үлестерін қосуда. Саясатта да жүрген қыздардың саны соңғы уақытта артып келе жатқаны белгілі. Сондықтан, сіздерге, осы жұмыстарыңызға табыс тілеймін, істеріңіз алға баса берсін, күннен күнге шырайы кіріп келе жатқан Шымкенттің экономикалық дамуына, қоғамның дамуына қосып жатқан үлестеріңіз бұдан да арта берсін! Баршаларыңызға табыс тілеймін!», – деді ол өз сөзінде.

    Шымкент қаласында бүгінде әр екінші кәсіпкер – әйел адам. Олар сән индустриясын дамытып қана қоймай, өндіріс, қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы мен білім беру саласында да белсенді. Форумға қатысқан «ASMAR» Қазақстан кәсіпкер әйелдері ұлттық қауымдастығының төрайымы Ләззат Рамазанова іскер әйелдер кеңесінің он жылдық белесіне тоқталып, елдегі кәсіпкер әйелдер санының жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті.

Қазақ әйелдері – еңбекқор, ізденімпаз және рухы мықты. Олар тек отбасын ұйыстырып қана қоймай, қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып отыр. Біз оларға жаңа мүмкіндіктер, білім мен тәжірибе алаңдарын ұсынуды жалғастырамыз, – деді Ләззат Рамазанова.

    Қала әкімінің орынбасары  іс-шара барысында өңірдің экономикасына елеулі үлес қосқан белсенді қыз-келіншектерді марапаттап, Алғыс хат табыстады. Олардың қатарында Алма Архабаева, Фарида Бакибаева, Жанна Байтелиева, Нилуфар Сайдуллаева, Меруерт Архабаева, Диляфруз Мадиева, Анна Зарубина, Жанат Кенжеқұлова, Таисия Дигай және Диана Караманова бар. Сонымен қатар іскер әйелдерге арналған түрлі оқыту бағдарламалары, бизнес тренингтер, тәжірибе алмасу алаңдары ұйымдастырылды.

     Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова іскер азаматтарға, оның ішінде қыз-келіншектерге көрсетіліп жатқан қызметтер, қолдаулар туралы айтып берді. «Кәсіпкерлер палатасы қаладағы кәсіпкерлікті дамыту жолында белсенді жұмыс атқарып келеді. «Азаматтарға арналған үкіметпен» бірге Палатада Кәсіпкерлерге көпфункционалды қызмет көрсету орталығы ашылды. Онда заңды тұлғаларға қатысты 800-ге жуық мемлекеттік қызмет бір терезе қағидасымен көрсетіледі. Жыл басынан 9960 бірегей қызмет көрсетілді, оның арасында бухгалтерлік есеп жүргізу, статистикалық есеп жүргізу сияқты қызметтердің үлесі басым. Сонымен қатар бизнес-жоспар түзу, жылжымайтын мүлікті мемлекеттік тіркеу, техникалық паспорт беру секілді қызметтер де көп сұранысқа ие. Бизнес-жоспар әзірлеу және сүйемелдеу жұмыстарының нәтижесінде кәсіпкерлік субъектілері жалпы сомасы 1 млрд 308 млн теңгеге қаржыландырылды, 50-ден астам жұмыс орны құрылды. Сонымен қатар Кәсіпкерлер палатасы бірнеше жылдан бері «Бір ауыл – бір өнім» жобасын сәтті жүзеге асырып келеді. Шымкенттік шеберлердің ісін дамытып, жергілікті өнімдердің сапасын арттыруға, ілгерілетуге бағытталған бұл жобаға қатысушылар арасында іскер ханымдар көп. Қалада 147 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектілері болса соның 50 пайыздан астамы әйелдер кәсіпкерлігін құрайды. Олардың басым бөлігі жеңіл өнеркәсіп, сауда, креативті индустрия  мен өндіріс саласында да табысты еңбек етіп келеді. Әйелдердің кәсіпкерлігін қолдау мақсатында мемлекеттен бірқатар қолдау шаралары көрсетіледі. Айталық қаламызда «Іскер қала» деген өңірлік бағдарламаның негізінде  кәсіпкер әйелдердің жеңілдетілген несие алуға мүмкіндіктері бар. Бүгінгі шарада тек қаламыздың  іскер әйелдері ғана емес Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Ақтөбе облыстарынан кәсіпкерлер келіп отыр. Іс-шарамыздың басты мақсаты нәзік жандылардың кәсіпкерлігін жандандыру, әр қаладан, өңірден іскер әйелдерді жолықтырып, серіктестіктерін арттыру », – деді Сабира Адамбекова.

    Жиынға Кәсіпкерлер палатасының шақыруымен арнайы қатысқан «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Шымкент қалалық филиалы директорының орынбасары Думан Бажикей жиналған қауымға бизнеске қаржылай және сервистік қолдау көрсету бағдарламалары туралы түсіндірді. Думан Мұхамедияұлының айтуынша, «Даму» қоры кәсіпкерлердің екінші деңгейлі банктерден алған несиелерінің пайыздық мөлшерлемесіне субсидия бөлумен қатар кепілдік қолдау көрсетуге де баса назар аударып келеді.

    Ал Шымкент қалалық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Алма Архабаева ұйымның даму тарихы мен жетістіктеріне тоқталып, Кәсіпкерлер палатасымен бірге сәтті асырылып жатқан жобалар туралы айтып берді.

     Форум аясында ұйымдастырылған көрме ерекше әсер қалдырды. Мұнда нәзік жандар өз қолымен жасаған бұйымдарын, ұлттық нақыштағы киімдерін, хош иісті май шамдарын, сәндік бұйымдарын ұсынды. Жергілікті кәсіпкерлер өз өнімдерін таныстырып, бизнес бағыттарын кеңейтудің тың тәсілдерімен бөлісті. Арнайы шақырылған өнерпаздар өнер көрсетіп, көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлайды.

      Форум соңында қатысушылар ел болашағына үлес қосып жүрген іскер әйелдердің еңбегін жоғары бағалап, алдағы уақытта да әйелдер кәсіпкерлігін қолдау бағытындағы шаралардың жалғаса беретінін атап өтті. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • МЕДИАЦИЯ – ТАТУЛЫҚ ТІРЕГІ
  • Өзекті мәселелер сөз болды
  • В Акорде состоялась официальная церемония встречи Президента Азербайджана, прибывшего в Казахстан с
  • «Ақорда» резиденциясында елімізге мемлекеттік сапармен келген Әзербайжан Президентін ресми қарсы алу
  • Мемлекет басшысы Әзербайжан Президентімен келіссөз жүргізді
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер