
Шымкент қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында бірқатар кешенді шаралар қолға алынған. Қала әкімдігінің бастамасымен ірі сауда желілері мен жергілікті өндірушілер арасында келісім-шарттар жасалған. Бұдан бөлек, қала аумағында апта сайын 6 жерде азық-түлік жәрмеңкелері ұйымдастырылып келеді. Онда әр апта сайын шамамен 150 тонна күнделікті тұтынатын тауарлар нарық бағасынан 10–15 пайызға арзан бағада сатылады. Жәрмеңкелерге 300-ге жуық кәсіпкер тұрақты түрде қатысады.
Жәрмеңкелердің өткізу орындары мынадай:
• әр жұма күні — «Шымсити» шағын ауданындағы №21 көпқабатты үйдің алдындағы автотұрақта;
• әр сенбі күні — «Тұран-2» шағын ауданында және «Қажымұқан» атындағы орталық стадион аумағында, сондай-ақ «1000 ұсақ-түйек» дүкені алдында;
• әр жексенбі күні — «Тұран» шағын ауданындағы «Zharqyn tau» сауда үйінің және «Астана» шағын ауданындағы №74, №77 үйлердің артындағы автотұрақ аумағында өткізіледі.
Сонымен қатар, баға тұрақтылығын қамтамасыз ету және тұтынушылардың жүктемесін төмендету мақсатында ірі сауда желілерімен меморандумдар жасалып, «Береке Fest» республикалық акциясы ұйымдастырылуда.
Бұл бастама отандық өндірушілер мен сауда желілері арасындағы серіктестікті нығайтып, қазақстандық өнімнің оң имиджін қалыптастыруға және халықтың әлеуметтік жүктемесін азайтуға бағытталған.
Өңірде 42 сауда желісінде азық-түлік бағасы төмендетілді. Алайда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін әлі де негізсіз қымбаттатушылар кездеседі. Өңірлік комиссия өкілдерінің тексерісі нәтижесінде осындай 225 кәсіпкерлік субъектісі анықталды. «Бізде көбінесе үй маңындағы дүкендер әлеуметтік маңызы бар тауардың үстеме бағасын 15% артық сатады. Конкуренция жоқ. Сол себепті қымбат сатуда деп ойлаймын. Біздің департамент тарапынан, өңірлік комиссия тарапынан айыппұл салу ғана емес, түсіндірме жұмыстары жүргізіледі»,- дейді қалалық Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары Оспан Әбиев. Елде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз көтерген кәсіпкерлерге қатысты қатаң шаралар қабылданды. Енді бұрынғыдай ескерту жасалмайды. Бірден 5 айлық есептік көрсеткіштен 150 айлық мөлшерге дейін айыппұл салынады. Сала мамандарының айтуынша, жаңа тәртіп бағаны бақылауда ұстауға мүмкіндік береді.
Қала әкімдігінің мәліметінше, 15 сатушы сиыр етінің бағасын негізсіз көтерген. Бұл өнім — 19 атаулы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізіміне кіреді және бағасы тұрақты бақылауда. «Бақылауға алынған тізімге тек сүйекті ет кіреді. Таза ет әлеуметтік тауар тізіміне енбейді, сондықтан оның бағасы реттелмейді», – дейді басқарма басшысы Талғат Мекамбаев. Оның айтуынша, Шымкент қаласының базарларына еттің негізгі бөлігі Түркістан облысынан, оның ішінде етті мал шаруашылығында алдыңғы қатарлы Қарабұлақ ауылынан жеткізіледі. Бүгінде жемнің бағасы (астық, құрама жем, шөп) өскен. Бұл сиыр етінің өзіндік құнын арттырады. Бағаны тұрақтандыру бағытында «айналмалы схема» тетігі бойынша «Magnum» және «Gramad» сауда желілерімен келісім-шарттар жасалып, сиыр еті бір келіге 2590 теңгеден белгіленген бағамен сатылуда.
Сондай-ақ, «Қасқасу-С» және «Бәйтерек» шаруа қожалықтарымен еттің келісі 2620 теңге бойынша келісім-шарт жасалған. Жалпы, сиыр етін қаладағы 60-қа жуық сауда орындарынан бекітілген әлеуметтік бағамен сатып алуға болады. Бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі етті құжатсыз сататын кәсіпкерлерді қылмыстық жауапкершілікке тартуды ұсынған болатын. Бұл бастама ет өнімдерінің заңсыз айналымын азайту және санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында көтерілген.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағасына тұрақты мониторинг жүргізілуінің нәтижесінде 2025 жылы ӘМАТ бағасының жалпы өсімі 5,8%-ды құрады, бұл республикалық орташа көрсеткіштен (7,1%) төмен. Тұрақтандыру қоры арқылы 4 500 тоннаға жуық азық-түлік өнімі қала базарлары мен дүкендер желісіне төмендетілген бағамен жеткізілді. Сонымен қатар, 24 әлеуметтік дүкен мен мобильді жәрмеңке тұрақты түрде жұмыс істеп, бағаны тұрақтандыруға ықпал етті. Нарықтағы бағаға қадағалау және шаралар Шымкент қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы басқармалары, сондай-ақ прокуратура және монополияға қарсы орган бірлесіп, нарықтағы бағаға жүйелі бақылау жүргізді. 2025 жылы жүргізілген 302 жоспардан тыс тексеріс нәтижесінде 57 кәсіпкерлік субъектісіне қатысты заң бұзушылықтар анықталды. Нақты шаралар ретінде: 29 субъектіге әкімшілік айыппұл салынды (жалпы сомасы 18,6 млн теңге), 16 жағдайда бағаны негізсіз көтеру деректері бойынша ескерту берілді, 12 кәсіпорынмен бағаны төмендету бойынша меморандумдарға қол қойылды. Сонымен қатар, «айналым схемасы» аясында 15 ірі сауда желісіне 1,8 млрд теңге жеңілдетілген қарыз беріліп, олар арқылы әлеуметтік маңызы бар өнімдерге үстеме баға 15%-дан аспау талабы бекітілді. Тұтынушылар құқықтарын қорғау және жедел байланыс арналарын дамыту 2025 жылы Шымкент қаласында тұтынушылардың құқықтарын қорғау бағытында цифрлық сервистер мен жедел кері байланыс арналарын жетілдіру жұмыстары жүргізілді. «Тұтынушы дауысы» онлайн-платформасы және қала әкімдігінің call-орталығы (109) арқылы тұтынушылардан 6 472 өтініш қабылданды, оның ішінде: 4 981 өтініш бойынша нақты шешім қабылданды, 930 шағым медиация жолымен шешілді, 561 жағдай бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұған қоса, тұтынушылар құқықтары бойынша 17 тегін семинар ұйымдастырылып, 1200-ден астам кәсіпкер мен тұтынушы қамтылды.
Қорытындылай келе, 2025 жылы Шымкент қаласы әкімдігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру, нарықтағы бағаны бақылау және тұтынушылардың құқықтарын қорғау бағытында бірқатар тиімді шараларды жүзеге асырды. Мемлекеттік қолдау тетіктері мен ашық мониторинг жүйесі қаланың әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығына оң ықпал етті.
