 
  
Әлемдік мегаполистерді ерекшелендіретін де, олардың қалыпты өмірі мен дамуында шешуші рөл атқаратын да озық технологиялық инфрақұрылымы екендігі белгілі. Үшінші мегаполисті одан әрі өркендету мәселесінде қаланың базалық инфрақұрылымын барынша дамытуға үнемі басымдық беріп келе жатқандығы да сондықтан. Шымкент қаласында инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Қала халқының саны жылдан-жылға өсіп келе жатқанын ескерсек, тұрғындарды сапалы ауыз сумен, табиғи газбен, электр қуатымен және тұрақты кәріз жүйесімен қамтамасыз ету – уақыт талабы. Осы мақсатта мемлекеттік бағдарламалар мен жергілікті бюджеттің есебінен ауқымды жобалар іске асырылуда. Шымқаланың сапалы да лайықты тыныс-тіршілігі үшін электр тарату желілері инфра¬құрылымының кідіріссіз жұмыс істеуі өте ма-ңызды. Бүгінгі күн¬делікті тұрмы¬сымызды электр қуатынсыз елес¬тету мүм¬кін емес. Жарты сағат жарық жанбай қалатын болса, қала тыныс-тіршілігінің сәні кетеді. Міне, сондықтан, қаланы электр қуа¬тымен тұрақты және сапалы қам¬тамасыз ету қала тіршілігі үшін маңызды. Түнгі қаланың самаладай жарқырап тұруына яғни оның орамдары мен көшелерін, саябақтары мен скверлерін жарықпен жарақ¬тандыруға ерекше көңіл бөлінуде. Сала мамандардың қала көшелерін жарықтандыру мақсатында тиісті жұмыс атқарылып, 1800-ге жуық көшеге жалпы саны 35 218 жарық шамы орнатылған. Соның нәтижесінде жыл соңына дейін қала көшелері 100 пайыз жарықтандырылады дейді жауаптылар.
Атап айтқанда, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан:
Абай ауданында 721 көшеге 12 787 жарық шамы;
Әл-Фараби ауданында 72 көшеге – 776 шам;
Еңбекші ауданында 239 көшеге – 7 096 шам;
Қаратау ауданында 413 көшеге – 10 253 шам;
Ал Тұран ауданында 313 көшеге 4 306 жарық шамы қойылған.
Жылдың соңына дейін тағы 985 көшеге шамдар орнатылып, қала көшелерін жарықтандыру көрсеткішін 100%-ға жеткізу жоспарланған.
Тиісті жұмыс атқарылып, толық іске қосылғаннан кейін жалпы саны 2 743 көшедегі шамдар күтіп-ұстау үшін Шымкент қаласының Энергетика және инфрақұрылым басқармасының теңгеріміне 2025 жылдың желтоқсан айында өткізілмек.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан 2024 жылы қала аумағындағы 1238 көшеге 33 422 жарық шамы орнатылып, Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының теңгеріміне өткізілген.
Айта кетейік, Шымкентте бірнеше қосалқы станциялар салынуда. Олардың іске қосылуы электр қуатының тапшылығын азайтып, өндіріс орындары мен әлеуметтік нысандарды үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жарықтандыру бағытында да жаңашылдықтар бар. Қала көшелерінде энергия үнемдейтін заманауи LED шамдар орнатылып, тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығы қамтамасыз етілуде.
Қала әкімдігі тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстар тұрғындардың өмір сапасын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және инвестиция тартуға жол ашады. Заманауи инфрақұрылым – мегаполистің тұрақты дамуының негізгі көрсеткіші. Жалпы алғанда, Шымкенттегі инженерлік инфрақұрылымның дамуы – қаланың болашақтағы өркендеуіне салынған берік іргетас. Жоспарланған жобалардың уақтылы әрі сапалы жүзеге асуы мегаполистің тұрмыс деңгейін жаңа белеске көтеретіні сөзсіз.
