Шымкентте Ауғанстан тауарларының көрмесі басталды

image.png

     Бүгін Шымкент қаласында «Қазақстан-Ауған бизнес форумы» аясында Премьер-министрдің орынбасары-Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің қатысуымен Ауғанстан тауарлары көрмесінің ресми ашылу рәсімі өтті. Көрменің ашылу салтанатында сөз сөйлеген министр өз сөзінде форум қатысушыларына ізгі тілегін жеткізді.

    «Ауғанстанның жоғары басшылығына біздің шақыруымызды қабыл алып, Қазақстан-Ауғанстан бизнес форумына Үкімет пен бизнес өкілдерінің қатысуына қолдау көрсеткені үшін ризашылығымды білдіремін. Ауған халқына бейбітшілік пен өркендеу тілеймін. Ауғанстанның дәстүрлі өнімдері ұсынылған көрмені жоғары деңгейде ұйымдастырғандарыңыз үшін ерекше алғыс білдіремін. Көрмеде кондитерлік өнімдер, шырындар, алкогольсіз сусындар, көкөніс пен жеміс-жидектер, асыл тастар, зергерлік бұйымдар, қолөнер туындылары, былғары және кілем өнімдері, құрылыс материалдары және басқа да тауарлар ұсынылған», - деді ол.

    Биыл көрменің ауқымы айтарлықтай кеңейіп отыр. Шымкент қаласына ауған бизнес қауымдастығының шамамен 180 өкілі келді. Бұл екі ел кәсіпкерлерінің сауда байланыстарын дамыту мен өзара ынтымақтастықты нығайтуға деген жоғары қызығушылығын көрсетеді. 

   Қазақстан Ауғанстанды Оңтүстік және Орталық Азия өңіріндегі маңызды әрі ажырамас серіктес ретінде қарастырады. Әлемдік экономикалық дағдарыстарға қарамастан Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатыр.

    Еліміз өз өнімдерін ауған нарығына ілгерілетіп қана қоймай, ауған тауарларының біздің нарыққа шығуына да қолдау көрсетіп келеді екен. Осылай деген министр мұның айқын дәлелі Шымкент қаласында төрт күн бойы өтетін осы көрме. Көрменің ресми ашылу рәсімінен кейін Ауғанстан Ислам Әмірлігінің Индустрия және сауда министрі Нурридин Азизи сөз алып, екі ел арасындағы экономикалық және мәдени байланыстардың нығайып келе жатқанын атап өтті. Ол Қазақстан Үкіметіне және көрмені жоғары деңгейде ұйымдастырған Шымкент қаласының әкімдігіне ризашылығын білдірді.

    Нуриддин Азизи мырза өз сөзінде Ауғанстанда өндірілетін табиғи және экологиялық таза өнімдерге қызығушылықтың артып келе жатқанын айтып, Шымкентте ұйымдастырылған көрменің екі ел арасындағы іскерлік байланысты одан әрі кеңейтуге серпін беретініне сенім білдірді.

    Сондай-ақ іс-шара барысында екі елдің кәсіпкерлері, іскер топтар мен сауда палаталарының өкілдері өзара ынтымақтастық туралы келісімдер жасасты. Көрме аясында тараптар азық-түлік, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдары, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика салаларындағы бірлескен жобалар мен инвестициялық бастамаларды талқылады.

    Көрмеге қатысқан Ауған бизнес қауымдастығының өкілдері Қазақстан нарығына өз өнімдерін ұсыну мүмкіндігі үшін алғыстарын білдіріп, келешекте бірлескен өндіріс алаңдарын ашу, экспорттық бағыттарды кеңейту және өзара сауда айналымын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударды.  «Негізінен көрмеге жеңіл өнеркәсіп, тоқыма, тамақ өнімдері мен металлургия саласындағы кәсіпкерлер қатысуда. Одан бөлек туризмді дамыту бойынша, банк өкілдері де келген.  Шара аясында бизнес өкілдерінің кездесуі ұымдастырылады. Жергілікті кәсіпкерлер және Шымкентке жақын орналасқан Түркістан, Жамбыл, Қызылорда өңірлерінен келген кәсіпкерлер де бар. Қазіргі таңда бізге ауған кәсіпкерлері  тарапынан салынған инвестиция жоқ. Бірақ ауған нарығына шығушы және шығамын деген жергілікті  кәсіпкерлер ниет білдіруде. Сондықтан біз алдын ала Ауғанстан тарапына бізден қандай кәсіпкерлер қызығушылық танытып отырғанын айтып, нақты тізім берген болатынбыз және олар да бізге келетін кәсіпкерлер тізімін берді. Біз оны жергілікті бизнес өкілдеріне таныстырдық. Бүгін сол бойынша бизнес кездесулер өтетін болады»,- дейді Шымкент қаласы кәсіпкерлік және индустриялдық инновациялық даму басқармасының басшысы орынбасары Ермек Тұрманов. 

      Іс-шара соңында қатысушылар көрме павильондарын аралап, Ауғанстанның қолөнер бұйымдары мен дәстүрлі өнімдерімен танысты. Көрменің басты мақтанышы – әлемнің әр бұрышында үлкен сұранысқа ие атақты ауған қолөнер кілемдері.

     Сонымен қатар келушілерге құрылыс материалдары, тұрмыстық және өндірістік химия, көкөністер мен жемістер, кондитерлік өнімдер, сусындар және ерекше хош иісті шафран шайы сияқты ауған тауарларының кең таңдауы ұсынады.

     Көрмеде құрамында ешқандай жасанды қоспасы жоқ, дәмі жемістерге бай шырынның дәмін көрушілер көп болды. «Бұл өнімдер Ауғанстан елінде өндіріледі. Қазақстанға, оның ішінде біздің Шымкент қаласына жеткізіледі.  Біздің қаладан Өзбекстан, Қырғызстан Ресей, Дағыстан елдеріне барады. Көрмеге өз тауарымызды ұсынып, қатысып отырмыз»,- дейді  ауғанстандық компанияның ресми өкілі Әкежан Алғиев. 

      Сондай-ақ бүгінгі форумға  ерекше шәйларын ұсынып отырған компания да қатысты.  Табиғи өнімдерін экспорттаумен айналысатын компания  үш жылдан бері Қазақстан нарығында табысты жұмыс істеп  келеді.  Оған дейін екі ел арасында бірнеше іскерлік келіссөздер жүргізіліп, ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері  ашылған. Қазір кәсіпорын өз өнімдерін Гринландия, Америка, Голландия және Финляндия секілді мемлекеттерге экспорттайды. Кәсіпкердің айтуынша табиғи шөптерден жасалған шәй олардың басты бренді әрі халықаралық нарықта жоғары сұранысқа ие өнім болып тұр. «Біздің өнімдер 100 пайыз табиғи шөптен жасалған. Бұл шәйдің құрамында шафран, зімбір, тамыршөп бар. Білесіздер шафран өсіруден Ауғанстан әлемде бірінші орын алады. Өнімдеріміздің пайдасы қан айналым жүйесін жақсартып, қан қысымын реттейді, асқазан, бүйректі тазалайды. Жақында тамыршөп қосылған кофені алғаш болып біз нарыққа шығардық»,- дейді «Kohi Crystal»  компаниясының Қазақстандағы өкілі Кулзабихолла Пайғамбар. 

   Ұйымдастырушылардың айтуынша мұндай көрмелер екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынасты нығайтып қана қоймай, мәдени байланыстарды да тереңдетеді. Шымкенттіктердің наразына Ауған тауарларының көрмесі 4 күнге созылады. Шара Көрме орталығында өтуде. 

   Еске сала кетейік, Ауған тауарларының көрмесі осымен Қазақстанда үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді. Мұның алдында 2023 жылы 3-5 тамыз аралығында Астанада, 2024 жылдың 20-22 қазан аралығында Алматы қаласында өткен болатын.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Әлеуметтік азық-түлік бағасы тұрақты бақылауда
  • Жарықтандыру қауіпсіздік пен жайлылықтың кепілі
  • БІЗДІҢ КҮШІМІЗ – БІРЛІКТЕ
  • Шымкентте Ауғанстан тауарларының көрмесі басталды
  • «OMIR SHYMKENT» этно-глэмпинг кешенінің құрылысы жоспарға сай жүргізілуде
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер