
Президенттің қатысуымен білім және ғылым саласындағы стратегиялық серіктестердің халықаралық форумы өтті. Іс-шара барысында жаһандық жоғары білім беру кеңістігінің өкілдері Қазақстанмен ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқылады.
Quacquarelli Symonds (QS) халықаралық рейтинг агенттігінің президенті және негізін қалаушы Нунцио Кваккарелли еңбек нарығына жасанды интеллекттің ықпалы туралы айта келе, QS рейтингінде қазақстандық жоғары оқу орындарының көбеюін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан интернационалдандыру мен ғылыми бәсекеге қабілеттілік бағытында айтарлықтай ілгерілеу көрсетіп отыр. Сондай-ақ еліміздің бес университеті Times Higher Education басылымы ұсынған әлемдегі үздік жоғары оқу орындарының тізіміне енді. Нунцио Кваккареллидің айтуынша, QS Қазақстанмен болашақ мамандықтарды болжау моделін құру және білім мен инновацияға негізделген экономиканы дамыту бағытында ынтымақтасуға ниетті.
Кардифф университетінің (Ұлыбритания) президенті профессор Венди Ларнер Қазақстанмен білім және жасанды интеллект саласындағы серіктестіктің стратегиялық маңыздылығын атап өтті. Ол Кардифф университеті беделді Russell Group құрамына кіретінін және Қазақстанда кампус ашқан алғашқы университет екенін айтты. Cardiff University Kazakhstan жаңа кампусы жасанды интеллект, биотехнология және медицина салаларында мамандар даярлауға арналған орталыққа айналмақ.
Пекин тіл және мәдениет университетінің (BLCU) президенті профессор Пен Дуань білімнің халықтар арасындағы өзара сенімді нығайтудағы рөлін ерекше атап өтті. Ол Астана халықаралық университеті базасында Орталық Азиядағы алғашқы қытай тілін оқыту орталығы – BLCU филиалының ашылуының маңыздылығын айтты.
Профессордың пікірінше, тіл мен мәдениет елдер арасындағы өзара түсіністік пен сенім дипломатиясының басты кілті болып табылады.
Форум жаһандық білім беру жүйесіндегі жаңа тенденциялар, жоғары білімнің трансформациясы, жасанды интеллекттің рөлі және ғылымды коммерцияландыру бағыттарын талқылаған ірі халықаралық диалог алаңы болды.
Қазақстан қазіргі таңда жоғары білім мен ғылымның дамуында жаңа кезеңге қадам басуда. Соңғы жылдары осы салаға бағытталған инвестициялар айтарлықтай өсіп, зерттеу университеттерінің әлеуеті кеңеюде, академиялық дербестік нығайып келеді. «Ұлттық қор – балаларға» бастамасы, «Келешек» білім жинақтау жүйесі, пайызсыз білім несиелері, кампустар мен жатақханалар салу — еліміздегі жастарды қолдау мен білімнің қолжетімділігін арттыруға бағытталған жүйелі шаралар.
Форумда жасанды интеллектті білім беру жүйесіне енгізу мәселесі ерекше назарға алынды. Қазақстан OpenAI компаниясымен бірлесіп, ChatGPT негізіндегі білім беру құралдарын сынақтан өткізіп жатыр. Барлық оқу орындарында жасанды интеллект негіздері оқытылуда, ЖИ мамандарын даярлайтын жаңа университет құруға дайындық жүргізілуде. Биылдың өзінде 540 мыңнан астам студент ЖИ бойынша білім алды. Бұл — елдің технологиялық болашағын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды стратегиялық қадам.
Академиялық дипломатияны дамыту, білім мен ғылымды адамзат игілігіне бағыттау, таланттарды қолдау және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту — форум шеңберіндегі негізгі қағидаттар болды. Қазақстан инновациялық ойлауға ие, жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті жаңа буын қалыптастыруға ерекше назар аударып отыр.
