Қызылжар шағын ауданында Ардагерлер кеңесі ғимараты ашылды

image.png

    Ардагерлер – ел тарихының тірі куәгерлері, қоғамның рухани тірегі. Олардың өмірлік тәжірибесі мен өнегелі жолы жас ұрпақ үшін баға жетпес қазына. Сондықтан мемлекет пен қоғам ардагерлерге ерекше құрмет көрсетіп, олардың мүддесін қорғау және әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде. Осы тұрғыда Ардагерлер кеңесі маңызды қоғамдық институт ретінде үлкен рөл атқарады. Шымкент қаласында Ардагерлер кеңесі қоғамның дамуына белсенді атсалысып келеді. Ардагерлеріміз қаладағы қоғамдық жұмыстарға, әсіресе, қазіргі буын-жастарға қашанда жол көрсетіп, ұлттық болмыс пен құндылықты бойына сіңіре отырып, ақсақалдарымыз бен ақ жаулықты аналарымыздың өмірлік тәжірибесі мен бөлісіп, үнемі ақыл-кеңес беруден жалыққан емес.

     Осы орайда Абай ауданы аумағындағы Қызылжар шағын ауданында Ардагерлер кеңесі ғимараты ашылды. Жаңа нысанның салтанатты ашылу рәсіміне Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев, зиялы қауым өкілдері және шағын аудан тұрғындары қатысты.

«Біз балаларға тәлім-тәрбие беріп, өнеге көрсететіндей орындар ашылса деп айтқан едік. Қала әкімі де бұл пікірді қолдаған. Соның нәтижесінде бүгін ардагерлер үйі ашылды. Сіздердің еңбектеріңіз зор»,- деді ашылу салтанатында Сәрсен Құранбек.

    Шағынауданда жалпы 2 мыңға жуық ардагер бар. Қала әкімінің орынбасары халықпен кездесуде тұрғындар осындай ғимарат қажет екенін айтқанын, көпшіліктің өтініші дер кезінде шешімін тапқанын атап өтті. Ендігі кезекте осында тағылымды жиындар өткізіліп, қазыналы ардагерлер жас ұрпаққа үлгі бола берулеріне тілектестігін жеткізді. Үлкендердің тәлім-тәрбиесін көрген, үлгі алған балалар да отанын сүйетін азамат боп қалыптасары анық.

«Қалада тұңғыш рет ардагерлер үйі салынды. Абай ауданында 70-ке жуық бастауыш ұйым бар. Әрине, арнайы орында болмаса да, мектептер мен кейбір мекемелерде отыр. Бірақ жеке орталық жоқ еді. Енді демеушілердің жәрдемімен қуанышқа қол жеткізіп отырмыз»,- деді Абай аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ұлықпан Башенов.

 Шағынауданның әлеуметтік инфрақұрылымы соңғы жылдары айтарлықтай дамыған. Ардагерлер кеңесінің ұсынысы бойынша жаңа мектеп салынып, жолдар жөндеуден өткен. Қоғамдық орындар мен мекемелер жаңартылып, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған бірқатар жобалар жүзеге асырылды.

Айта кетерлігі, жаңа ғимарат демеушілердің есебінен тұрғызылған. AMANAT партиясының Шымкент қалалық филиалы да жақсы істің бітуіне атсалысты. Соңғы кездері шаһарда ардагерлерге қамқор болу, ардагерлер аллеясын ашу сынды тағылымды іс-шаралар қолға алынуда. Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Төлебаев та құттықтау сөз сөйлеп, жаңа ғимарат маңынан Ардагерлер аллеясын ашуды ұсынды. Ауласын абаттандыру, тал егу сынды ұсынысты көпшілік бірауыздан қолдады. Жиын соңында көпшілік жаңа нысанды аралап, тыныс-тіршілігімен танысты.

       Ардагерлердің өмір жолы – табандылық пен адал еңбектің үлгісі. Олардың ерлік істері мен өнегелі өмірі жас ұрпақтың бойында Отанға деген сүйіспеншілік, еңбекқорлық және жауапкершілік сезімін қалыптастырады.

Ардагерлер кеңесінің негізгі күші – өмірлік тәжірибесі мол, елдің өткені мен бүгінін жақсы білетін азаматтар. Сондықтан олар – халық даналығының, сабыр мен парасаттың символы.

Ардагерлер кеңесі – ұлт бірлігін, рухани сабақтастықты және патриоттық құндылықтарды нығайтудың маңызды тетігі. Бұл ұйым қоғамның әлеуметтік және рухани дамуына зор үлес қосып келеді.

     «Ардагерлер үйі» ауданның әлеуметтік әрі мәдени дамуына үлес қосуға мүмкіндік береді. Ардагерлер өз тәжірибесі арқылы шағынауданның өмір сапасын көтеруге атсалысуды жоспарлап отыр.

Ардагерлерге құрмет көрсету, олардың еңбегін бағалау – әр азаматтың борышы. Себебі өткенді құрметтеген елдің ғана келешегі нұрлы болмақ.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Шымкентте көп балалы аналарға алтын және күміс алқалар табысталды
  • Құны 17 миллиард доллардан асатын келісімдер жасалды
  • Қазақстан мен АҚШ президенттері Израиль Премьер-министірімен телефон арқылы сөйлесті
  • Мемлекет басшысы «Орталық Азия – АҚШ» саммитіне қатысты
  • Президент Қазақстанның АҚШ-пен стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға ниетті екенін растады
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер