
Қоғамның дамуы мен өндірістің ілгерілеуі – мыңдаған еңбек адамдарының қажырлы еңбегінің арқасы. Солардың қатарында көзге көп көрінбесе де, өндіріс процесінің үздіксіз жүруіне үлкен үлес қосып жүрген мамандық иелері бар. Солардың бірі – қазандықта химиялық әдіспен су тазалаушы лаборанттар.
Қазандықтардағы су – жылу энергиясын өндірудің негізгі көзі. Алайда су құрамындағы тұздар мен бөгде заттар уақыт өте келе қондырғылардың бетіне шөгінді қалдырып, олардың тиімділігін төмендетеді. Осы кезде химиялық тазалау жүйесінің маңызы арта түседі. Бұл жұмысты атқаратын – лаборант-химик мамандар.
Олардың міндеті – қазандыққа берілетін судың сапасын бақылап, арнайы реагенттермен тазалау, сынамалар алу, талдау жүргізу және техникалық қауіпсіздікті сақтау. Әрбір көрсеткіштің дәлдігі бүкіл қазандықтың жұмыс істеу тиімділігіне әсер етеді.
Мысалы, Шымкент қаласындағы «Қуатжылу орталық-3» мекемесінде осындай еңбекқор мамандар күні-түні қазандықтағы судың сапасын тексеріп, жылу жүйесінің қауіпсіз әрі үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етіп келеді. Лаборанттар зертханада заманауи құрылғылармен жұмыс істеп, су құрамындағы қышқылдық пен тұз мөлшерін, металл иондарының деңгейін анықтайды.
Мамандықтың ерекшелігі – жоғары жауапкершілікті, ұқыптылық пен нақты есеп жүргізуді талап етеді. Химиялық реагенттермен жұмыс істейтіндіктен, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау – басты шарт. Бұл салада көп жыл еңбек етіп келе жатқан мамандар өз тәжірибесін жас буынға үйретіп, өндірістегі еңбек дәстүрін жалғастырып келеді. Сондай маманның бірі - Боровская Наталья Иванқызы – техникалық салада өз ісіне шынайы берілген, кәсібін қадірлей білетін маман. Оның еңбек өтілі – 6 жыл, осы уақыт аралығында ол жауапкершілігімен және тиянақтылығымен ерекшеленіп келеді.
Наталья Иванқызы 1989–1992 жылдары Шымкент энергетикалық техникумында «Жылу электростанцияларының жылу энергетикалық жабдықтарын құрастыру және пайдалану» мамандығы бойынша білім алып, техник-теплотехник біліктілігін иемденді.
Еңбек жолын 1992–1994 жылдары «Гортеплокоммунэнерго» кәсіпорнында 2-дәрежелі химиялық әдіспен су тазалаушы операторы ретінде бастады.
1995–1999 жылдары «Южказэнерго» аудандық басқармасының Шымкент ЖЭО химиялық цехында аппаратшы болып қызмет атқарды. Өндіріс саласындағы тәжірибесін осы кезеңде тереңдетіп, жұмыс сапасының жоғары болуына үлес қосты.
2000–2010 жылдары «Южполиметалл» ЖАҚ-та 3-дәрежелі химиялық әдіспен су тазалаушы аппаратшысы қызметін абыроймен атқарды.
Келесі онжылдықта, яғни 2010–2019 жылдары, ол «3-Энергоорталық» АҚ-ның жылу желілерінде химиялық әдіспен су тазалаушы аппаратшы болып еңбек етті. Бұл жылдар оның кәсіби тәжірибесін байытып, шеберлігін шыңдады.
2019 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін «Қуатжылуорталық-3» МКК РК-3 қазандығында химиялық әдіспен су тазалаушы лаборант болып жұмыс істеп келеді. Өз ісіне деген адалдығы мен ұқыптылығының арқасында жылу жүйелерінің сенімді әрі сапалы жұмыс істеуіне үлкен үлес қосып жүр.
Наталья Иванқызы – еңбекқорлығы мен тиянақтылығымен әріптестері арасында үлкен құрметке ие жан. Ол жас мамандарға үлгі болып, өз тәжірибесін бөлісуден жалықпайды.
Өмірлік ұстанымы – «Еңбек – адам абыройының өлшемі». Мұндай қарапайым, бірақ аса маңызды мамандардың еңбегі – қаланың жылумен қамтамасыз етілуі мен тұрғындардың жайлы өмір сүруіне тікелей ықпал етеді.
Шын мәнінде, еңбек адамы – қоғамның тірегі. Қазандықтағы химиялық әдіспен су тазалаушы лаборанттардың адал еңбегі мен кәсіби шеберлігі – ел экономикасының тынысын қамтамасыз ететін беймәлім, бірақ бағалы жұмыс.
