
Қыс мезгіліне дайындық – тұрғындардың тұрмыс сапасын қамтамасыз етудегі маңызды бағыттардың бірі. Әсіресе, инженерлік-коммуналдық жүйелердің тұрақты жұмыс істеуі, әлеуметтік нысандар мен көпқабатты үйлердің уақтылы жылыту маусымына қосылуы – жергілікті атқарушы органдардың басты міндеті.
Шымкент қаласында 2025–2026 жылғы жылыту маусымына дайындық жұмыстары көктем айларынан бастап қолға алынған. Қала әкімдігі мен энергетика басқармасының үйлесімді жұмысының арқасында жылу беру көздері мен қазандықтарда жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Бүгінде «Қуатжылу орталық-3», «Энергоорталық» секілді негізгі жылу көздері толық дайындық актілерін алған. Қазандықтарда жабдықтар жаңартылып, химиялық су тазалау жүйелері ретке келтірілді. Сондай-ақ, магистральды және тарату жылу желілерінің тозған учаскелері ауыстырылып, оқшаулағыш қабаттары жаңартылды.
Сонымен қатар, жеке сектор тұрғындарына жылыту маусымына ертерек дайындалу жөнінде түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды. Әсіресе, қатты отынмен жылытылатын үйлер үшін көмір жеткізу және бағаны тұрақтандыру мәселелері бақылауға алынған.
Энергетика мамандарының айтуынша, жылыту маусымы басталар алдында барлық дайындық жұмыстары 100 пайызға орындалуы тиіс. Бұл – тұрғындарға жылуды уақтылы әрі үздіксіз жеткізудің кепілі.
Жалпы алғанда, жылыту маусымына жүйелі дайындық – тек техникалық мәселе емес, ол қаланың өмір сүру сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды фактор.
Осы ретте Шымкент қаласында инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандардың құрылыс барысы мен жылыту маусымына дайындық жұмыстарының жағдайы тексерілді.
Аралау барысында «Шымкент Сити» шағынауданындағы қазандықтың жылыту маусымына дайындығы қаралды. 2019 жылы пайдалануға берілген нысан алты су жылыту қазандығымен жабдықталған. Қазандық 41 көпқабатты тұрғын үй мен бір әлеуметтік нысанды жылумен қамтамасыз етеді. Жауапты мамандарға жылу беруді үздіксіз ұйымдастырып, жабдықтарға техникалық қызмет көрсету кестесін қатаң сақтау тапсырылды.
Сонымен қатар, қосымша мектеп корпустарының құрылыс барысы бақыланды. Қазіргі таңда «Жайлау» шағынауданындағы №16 орта мектеп жанынан 575 орындық ғимараттың және Ө. Жәнібеков атындағы №19 мектеп жанынан 375 орындық ғимараттың құрылысы жүргізілуде. Екі нысан да келер жылға өтпелі болып табылады. Тиісті тұлғаларға құрылыс жұмыстарын уақтылы әрі сапалы орындауды қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырма берілді.
Бұдан бөлек, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы мен «Жұлдыз» индустриялық аймағын жалғайтын теміржол желісінің құрылыс нәтижелерімен танысу өткізілді. Бұл желінің іске қосылуы өндірістік аймақ резиденттерінің шикізаты мен дайын өнімін тиімді тасымалдауға жағдай жасап, логистикалық инфрақұрылымды жетілдіруге және аумақтың инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етпек.
Аралау қорытындысында «Сайрам» тұрғын алабындағы Ю. Сареми көшесіндегі жол құрылысының барысы да тексерілді. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына барлық сапа стандарттарының сақталуын қадағалау және бақылауды күшейту тапсырылды.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков тиісті басқармаларға нақты тапсырмалар берді.
