
Қазіргі қоғамда әйелдердің белсенділігі мен іскерлік әлеуеті жылдан жылға артып келеді. Экономикалық тұрақтылық пен әлеуметтік даму жолында әйелдердің кәсіпкерліктегі рөлі ерекше. Сондықтан да әйелдердің кәсіпкерлік және қаржылық сауаттылығын арттыру – еліміздің экономикалық өсіміне серпін беретін маңызды бағыттардың бірі. Сонымен қатар, өңірлерде әйелдерге арналған оқыту курстары, семинарлар мен менторлық бағдарламалар ұйымдастырылуда. Мұндай бастамалар қатысушылардың іскерлік қабілеттерін дамытып қана қоймай, олардың өз бизнесін сенімді жүргізуіне жол ашады. Әйел кәсіпкерлердің табысты тәжірибесін кеңінен насихаттау да маңызды. Бұл – басқа әйелдерге үлгі көрсетіп, мотивация берудің ең тиімді тәсілі. Баспасөз беттерінде, әлеуметтік желілер мен форумдарда табысты әйел кәсіпкерлердің оқиғалары жиі жарияланып, жастардың бойында көшбасшылық қасиет пен іскерлік рух қалыптастырады.
Жалпы алғанда, әйелдердің кәсіпкерлігін қолдау – тек экономикалық емес, әлеуметтік және гендерлік теңдікке бағытталған саясаттың құрамдас бөлігі. Білімді, қаржылық сауатты, бастамашыл әйелдер саны артқан сайын елдің дамуы да тұрақты болмақ.
Осы ретте, Шымкент қаласында «AMANAT» партиясы қалалық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының ұйымдастыруымен «Әйел аманаты» бағдарламасы аясында интерактивті тренинг өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – әйелдердің кәсіпкерлік және қаржылық сауаттылығын арттыру, іскерлік қабілеттерін дамыту, сондай-ақ табысты кәсіпкерлік тәжірибелерін кеңінен насихаттау болып табылады.
Тренингке кәсіпкер әйелдер, жас бастамашылар және бизнеске қызығушылық танытқан қатысушылар қатысты.
Спикерлер қатарында:
– «AMANAT» партиясы қалалық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының төрайымы Наргиза Керімбаева;
– Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Сәбира Адамбекова;
– «Halyk Bank» АҚ Шымкент қалалық филиалы директорының орынбасары Асылбек Келдібаев;
– Еңбек мобильді орталығының кәсіпкерлік бастамаларды оқыту және қолдау бөлімінің басшысы Гүлвира Даужанова сөз сөйлеп, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Тренинг барысында қатысушылар кәсіпкерлікті жаңа бастаған және тәжірибелі әйелдерге арналған нақты бағдарламалар мен қаржылық қолдау тетіктері туралы тың ақпарат алды.
Сонымен қатар, «Атамекен» ҰКП мен «Halyk Bank» тарапынан ұсынылатын жеңілдетілген несие және оқыту бағдарламалары таныстырылды.
Өз сөзінде Наргиза Керімбаева:
«Әйелдердің іскерлік әлеуетін дамыту – қоғамның экономикалық және әлеуметтік тұрақтылығын арттырудың маңызды бөлігі.
Бүгінгі тренинг – өз ісін бастауға, жаңа идеяларды жүзеге асыруға және табысты кәсіпкер болуға ұмтылған әйелдерге үлкен мүмкіндік. «AMANAT» партиясы әйелдердің бастамаларын қолдауға, олардың бизнес саласындағы рөлін күшейтуге және әрбір әйелдің өз әлеуетін толық ашуына жағдай жасауға ұдайы назар аударады», – деп атап өтті.
Шара соңында қатысушылар спикерлермен ашық диалог форматында пікір алмасып, өз бизнесін дамытуға қатысты кеңестер алды.
