
Қоғамның рухани дамуы мен ұлттық құндылықтарды сақтауда өнер мен мәдениет саласында еңбек етіп жүрген азаматтардың орны ерекше. Олар – елдің мәдени бейнесін қалыптастырып, ұлттың рухын көтеретін тұлғалар. Осындай еңбек адамдарының қатарында әншілер, актерлер, суретшілер, режиссерлер мен мәдениет қызметкерлері бар.
Мәдениет қызметкерлерінің еңбегі – көзге көп көріне бермегенімен, ел игілігі үшін атқарылып жатқан үлкен жұмыс. Олар халыққа рухани азық беріп, мәдени мұраны сақтап, оны кейінгі ұрпаққа жеткізу жолында тер төгеді.
Мысалы, халықтың сүйікті әншілері мен өнер иелері ұлттық дәстүрді насихаттап, қазақ музыкасын әлем сахналарына шығарып жүр. Әрбір орындаушы өз шығармашылығы арқылы елдің намысын қорғайды, жастарды отансүйгіштікке, әсемдікке тәрбиелейді.
Шымкент қаласында да өнер мен мәдениет саласында қажырлы еңбек етіп жүрген азаматтар аз емес. Театр сахнасында, концерт залдарында, мәдениет үйлерінде тынбай қызмет атқарып жүрген олардың еңбегі – нағыз еңбек адамының бейнесі.
Еңбек адамы дегеніміз тек ауыр жұмыспен айналысқан адам емес, өз ісіне адал, ел мүддесі үшін аянбай тер төккен жан. Сол тұрғыдан алғанда, өнер мен мәдениет саласының өкілдері – еліміздің рухани тірегі, шынайы еңбек адамдары.
Өнер — халықтың рухани қазынасы, ұлттың жаны. Сол киелі өнердің биігін бағындырып, ән арқылы ел жүрегіне жол тапқан еңбекқор, талантты жандардың бірі – Биназарова Ақмарал Әлібекқызы.
Ақмарал Әлібекқызы 1978 жылы 27 қыркүйекте Түркістан облысы, Бәйдібек ауданының Шаян ауылында дүниеге келген. 1985–1995 жылдары Шаян орта мектебін бітіріп, жастайынан өнерге құштарлығын танытты.
Еңбек жолын 1998 жылы Бәйдібек аудандық мәдениет үйінде іс жүргізуші болып бастап, кейін сүйемелдеуші және әртіс қызметтерін атқарды. 2000 жылы Қ.А. Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін «Ән айту» мамандығы бойынша тәмамдап, кәсіби өнер жолына түсті.
Жас өнерпаз ретінде ол «Гүлдәурен» қыздар ансамблінің құрамында өнер көрсетіп, тыңдарман жүрегінен ерекше орын алды.
2005 жылы облыстық «Шаянға барсаң, әншімін деме» байқауының бас жүлдегері атанса, 2007 жылы «Күміс көмей» байқауында да «Гүлдәурен» тобының құрамында бас жүлдеге ие болды.
2008 жылы жеке шығармашылық концертін – «Ғашық сыры» атты есеп беру концертін өткізіп, көпшіліктің зор ықыласына бөленді. Сол жылы М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дың «Самұрық» фольклорлық ансамблінде әнші болып қызмет атқара бастады.
2008–2010 жылдары Мәскеу қаласында қазақтың дәстүрлі ән өнерін насихаттау мақсатында өнер көрсетті.
2011 жылы облыстық «Ғасырлар үні» фольклорлық ансамбльдер байқауында І орынды иеленіп, кәсіби шеберлігін тағы бір дәлелдеді. Сол жылы Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияға эстрада әртісі ретінде жұмысқа қабылданды.
Қазіргі уақытта Ақмарал Әлібекқызы — ҚР мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері салалық кәсіподағының Шымкент қалалық филиалының құрамындағы «Шымкент концерт» концерттік ұйымының әншісі.
Өнер иесі халықаралық сахналарда да ел намысын абыроймен қорғады.
2015 жылы Австрия мен Тәжікстанда, 2016 жылы Өзбекстанда, 2017 жылы Түркияның Анкара қаласында, 2022 жылы Италияда, 2025 жылы Испанияда өткен мәдени іс-шараларда қазақ өнерін жоғары деңгейде насихаттап, шетел көрермендерінің ыстық ықыласына бөленді.
