
Қазіргі қоғамның дамуы мен ел экономикасының өркендеуінде жол-көлік саласының маңызы зор. Күн сайын халықтың қауіпсіз әрі ыңғайлы жүріп-тұруын қамтамасыз етіп жүрген мамандардың еңбегі – нағыз ерлікке пара-пар іс. Олар – жол құрылысшылары, жүргізушілер, механиктер, инженерлер мен көлік жөндеу шеберлері сияқты еңбек адамдары.
Жол-көлік саласы – елдің инфрақұрылымдық тірегі. Қала мен ауылды, өңір мен өңірді байланыстырып тұрған әрбір жолдың артында мыңдаған еңбеккерлердің маңдай тері бар. Қиын ауа райына, ауыр жұмысқа қарамастан, олар ел игілігі үшін тынымсыз еңбек етеді.
Мәселен, жол жөндеу және салу жұмыстары кезінде мамандардың кәсіби шеберлігі мен жауапкершілігі ерекше байқалады. Әрбір тас, әрбір асфальт қабаты – олардың еңбегінің жемісі. Ал көлік жүргізушілері мен логистика қызметкерлері тәуліктің кез келген уақытында қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, халыққа сапалы қызмет көрсетеді.
Шымкент қаласында да жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға үлес қосып жүрген еңбек адамдары көп. Қаланың көркеюі мен тұрғындардың жайлы өмір сүруіне жол жұмысшылары мен көлік саласының қызметкерлері зор үлес қосуда.
Осы орайда Көлік және қалалық жолаушылар тасымалы саласы қызметкерлері күні қарсаңында, сондай-ақ «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Оңтүстік жолдар» кәсіпорнында сенбілік өтті.
Іс-шараға Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығының төрағасы, «Ынтымақ» салалық кәсіподағының төрағасы Бауыржан Ілімшаұлы Алтеев құрметті қонақ ретінде шақырылып, еңбек ұжымымен кездесті. «Барлық көлік саласы қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтаймыз! Жолдарыңыз ашық, еңбектеріңіз берекелі болсын!»,- деді ол өз сөзінде.
Сонымен қатар іс-шараға Шымкент қалалық автомобиль көлігі және жол мекемелері жергілікті кәсіподағының төрағасы Мамедов Али Агитович қатысты.
Акцияның басты мақсаты – экологиялық мәдениетті арттыру, еңбек ортасында тазалық пен тәртіпті сақтау және ұжымдық ынтымақты нығайту болды.
Акция барысында кәсіпорын аумағы абаттандырылып, жол бойындағы аумақтар тазартылды. Ұжым мүшелері бірлесе еңбек етіп, қала көркіне өз үлестерін қосты.
«Оңтүстік жолдар» кәсіпорны – өз ісіне адал, жол қауіпсіздігі мен инфрақұрылымның сапасын қамтамасыз етіп жүрген тәжірибелі мамандар шоғырланған еңбек ұжымы.
Мұндай іс-шаралар экологиялық сана мен еңбек мәдениетін арттыруға, сондай-ақ кәсіподақтардың әлеуметтік жауапкершілік рөлін айқындауға бағытталған.
Еңбек адамы – елдің тірегі. Ал жол-көлік саласының мамандары – сол тіректің сенімді тұғыры. Олардың еңбегі – ел дамуының қозғаушы күші, ал мақсаты – халықтың игілігі.
