
Шымкент қаласында сұйытылған мұнай газының жеткізілуі мен таратылуы тұрақты бақылауда. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы брифинг барысында мәлімдеді. Бүгінгі таңда мегаполис аумағында СМГ өткізу бойынша 44 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Қалада 4 газ толтыру станциясы және 203 автомобильге газ құю станциясы тұрақты түрде жұмыс істейді. Бұл нысандар қала тұрғындары мен кәсіпкерлерге тұрмыстық және көлік қажеттілігіне арналған газбен үздіксіз қызмет көрсетіп отыр.
Ресми мәліметке сүйенсек, 2025 жылдың IV-тоқсанына арналған газ бөлінісі бекітілген. Соның ішінде қазан айына – 7 043 тонна, ал қосымша өтінім негізінде тағы 1 008 тонна газ көлемі бөлінді. Қараша айына – 8 410 тонна сұйытылған мұнай газы жоспарланған. Бұл көрсеткіштер қаладағы негізгі қажеттілікті өтеуге жеткілікті деңгейде, алайда тұтыну көлемінің маусымдық өсуіне байланысты уақытша тапшылық байқалуы мүмкін.
Қаладағы 44 газ желісі ұйымдарының мәліметіне сүйенсек, Шымкенттің ай сайынғы сұйытылған газға деген жалпы қажеттілігі орта есеппен 12 мың тоннаны құрайды. Бұл көрсеткіш қаладағы автокөлік санының артуымен тікелей байланысты.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің ресми деректеріне сәйкес, бүгінде қалада 66 381 автокөлік сұйытылған газбен жүруге бейімделген. Соңғы жылдары газбен жүретін көліктер саны едәуір артқан. Сонымен қатар, транзиттік және өзге өңірлерден келетін көліктердің де СМГ жүйесін пайдалану фактілері көбейіп отыр. Нәтижесінде, кейбір бекеттерде уақытша газ тапшылығы байқалуда.
Мамандардың айтуынша, мұндай жағдай тек Шымкент қаласында ғана емес, көршілес өңірлерде де уақытша сипатта орын алуда. Бұл жалпы республикалық деңгейде тұтыну көлемінің артуымен байланысты құбылыс.
Қазіргі таңда Энергетика министрлігі тарапынан тиісті көлем қарастырылып, қараша айына арналған газ жеткізу кестесі бекітілген. Жеткізуші компаниялармен бірлесіп, қалаға қажетті СМГ көлемін кезең-кезеңімен жеткізу шаралары қабылдануда.
Бұдан бөлек, Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы қаладағы барлық газ желісі ұйымдарымен тығыз байланыста жұмыс істеуде. Арнайы мониторингтік топтар күнделікті режимде СМГ қоры мен жеткізу барысын тексеріп, тұрғындар мен кәсіпкерлерге газды үздіксіз жеткізу бағытында тәулік бойы бақылау жүргізуде.
Басқарма өкілдерінің айтуынша, сұйытылған газ тапшылығын болдырмау үшін бірқатар жүйелі шаралар іске асырылуда. Оның ішінде газ тасымалдау компанияларымен келісімдер күшейтіліп, жеткізу тізбегін үйлестіру жұмыстары жетілдірілген.
Қала әкімдігі тұрғындарға алаңдамауға шақырып, қазіргі жағдайдың уақытша сипатта екенін және газдың үздіксіз жеткізілуі үшін барлық қажетті шаралардың қабылданғанын хабарлады.
Мегаполис аумағындағы газ инфрақұрылымының дамуы мен тұрақтылығы жергілікті биліктің тұрақты бақылауында. Алдағы кезеңдерде СМГ жеткізу жүйесін оңтайландыру арқылы қала тұрғындары үшін тұрмыстық және көлік қажеттіліктерін толық қамтамасыз ету көзделіп отыр.
