Шымкенттің 99 тұрғыны жаңа кәсіпке қадам басты

image.png

    Шымкент қаласында кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға бағытталған мемлекеттік грант бағдарламасы жалғасуда. Биыл бұл жоба көптеген тұрғынға өз ісін ашуға мүмкіндік берді.

     2025 жылығы грант берудің үшінші легі аяқталып, нәтижесінде 99 шымкенттік азамат 400 айлық есептік көрсеткішке дейінгі  көлемде қайтарымсыз қаржы иегері атанды. Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы бұл бастама тұрғындардың кәсіпкерлік белсенділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам екенін атап кетті.

     Бағдарламаға жалпы 398 өтініш түскен. Арнайы комиссия олардың ішінен ең тиімді, өміршең және әлеуметтік тұрғыда пайдалы жобаларды іріктеп, жеңімпаздарды анықтады. Қазіргі уақытта грант иегерлеріне қаржы аудару жұмыстары жүріп жатыр.

     Грант иегерлерінің басым бөлігі әлеуметтік тұрғыдан қолдауды қажет ететін азаматтар. Олардың ішінде 55 көп балалы отбасы, 21 еңбекке қабілеттілігі бар мүгедектігі бар азамат, 17 мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-ана, 5 асыраушысынан айырылған отбасы және 1 әлеуметтік көмек алушы бар. Мұндай қолдау шаралары халықтың әл-ауқатын арттырумен қатар, олардың қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасайды.

    Жобалардың бағыттарына көз жүгіртсек, тұрғындардың кәсіпкерлік көзқарасы мен еңбекқорлығын байқауға болады. Қызмет көрсету саласында – 28 жоба, кондитерлік және нан өнімдері – 12, тігін өндірісінде – 12, өндіріс бағытында  – 18, полуфабрикат өнімдері – 7, жиһаз жасау – 3, мал және құс шаруашылығы – 3, ал фаст-фуд, кофе мен тағам өндіру бағыттарында – 16 жоба бар.

     Бұл көрсеткіштер шымкенттіктердің іскерлік белсенділігінің жоғары екенін және әртүрлі бағытта жаңа идеялардың жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Көптеген азамат өз кәсібін тұрмыстық қажеттілік пен нарық сұранысына сай жоспарлаған.

     Биылғы жылы Шымкент қаласында барлығы 432 тұрғын қайтарымсыз грант иегері атанды. Бұл тек қаржылай көмек емес, сонымен бірге жаңа жұмыс орындарын ашуға және қала экономикасын жандандыруға бағытталған нақты қолдау.

    Мамандардың пікірінше, осындай бағдарламалар халықтың кәсіпкерлік әлеуетін көтеріп, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтады. Шағын және орта бизнестің дамуы  экономиканың мықты тірегіне айналуда.

     Қалада тек кәсіпкерлік емес, тұрақты жұмыспен қамту бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Алдағы 18 қараша күні сағат 14:00-де «Көрме орталығында» өтетін бос жұмыс орындары жәрмеңкесі  соның нақты дәлелі. Іс-шараға 100-ден астам жұмыс беруші қатысып, тұрғындарға түрлі салалар бойынша бос орындар ұсынбақ. Бұл жәрмеңке жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты нығайтып, еңбек нарығын белсенді етуді көздейді.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Мамандық таңдау - маңызды қадам!
  • Студенттер «Asia Trafo» зауытына экскурсия жасады
  • Шымкентте көшелерге жаңа бағыттаушы белгілер мен QR-жүйе орнатылады
  • Қала қысқы ойындарымен жылына жаңалық әкеледі
  • Өмір сыйлаған ота
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер