
Адал азамат дегеніміз кім? Адал азамат қандай болуы тиіс? Бұл сұрақтарға үшінші мегаполистік жастар жауап беруге тырысты. Жақында Шымкент қаласында «Ауыл» партиясының жастар қанатының белсенді жастары бас қосты. Кездесуді партияның Шымкент қалалық филиалының төрағасы Ғани Қарабеков пен президиум төрағасы Талғат Айтбаев жүргізді.
«Адал азамат – ел тірегі» тақырыбында өткен пікір алмасуда партиялықтар мен жастар өз ойларын ортаға салды. «Қоғамның дамуы мен мемлекеттің берік болуы ең алдымен ел ішіндегі азаматтардың адалдығына, жауапкершілігіне және адамгершілік қасиетіне байланысты. Адал азамат – өз ісіне шынайы берілген, қоғам алдындағы парызын сезінетін, сөз бен істің бірлігіне мән беретін тұлға. Оның мінез-құлқы, ой-пікірі мен әрекеті елдің тұтастығына, әлеуметтік тұрақтылығына және болашақ ұрпақтың тәрбиесіне тікелей ықпал етеді. Адал азамат – елдің берік тірегі, қоғамның дамуы мен мемлекеттің тұрақтылығының басты кепілі. Оның адал еңбегі, әділ көзқарасы, жауапкершілікке толы әрекеті туған жер мен елге қызмет етудің ең биік үлгісі болып табылады. Әрбір азаматтың адалдығы – жарқын болашақтың іргетасы»,- деген партияның Шымкент қалалық филиалының төрағасы Ғани Қарабеков жастарды адал болуғағ еңбекқорлыққа шақырды. Ал жиында сөз алған президиум төрағасы Талғат Айтбаев адал адамның басты қасиеттерін атады. «Адалдық – адам бойындағы ең маңызды қасиеттердің бірі. Бұл ұғым адамның жеке өміріне де, кәсіби қызметіне де қатысты. Адал адам: өзіне жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқарады; қоғам мен заң талаптарын құрметтейді; еңбекке, білімге және ізгілікке ұмтылады; айналасындағы адамдарға зиян келтірмеуге тырысады. Осындай қасиеттер елдің дамуы үшін маңызды әлеуметтік капитал қалыптастырады. Адал азаматтардың көп болуы – жемқорлықтың азаюына, әділеттіліктің артуына және қоғамдық сенімнің нығаюына жол ашады. Адалдық ұғымының жас буын санасында қалыптасуы – тәрбиенің басты бағыттарының бірі. Отбасындағы мейірім, мектептегі тәрбие, қоғамдағы оң үлгілер жастардың азаматтық көзқарасының қалыптасуына әсер етеді. Жастарға еңбексүйгіш болу, жауапкершілікті сезіну, әділдікке ұмтылу сияқты қасиеттерді сіңіру – ел болашағын айқындайтын маңызды миссия»,- деді ол.
Іс-шара барысында Республика күні қарсаңында партияның 25 жылдық мерейтойына орай белсенді жастар «Ауыл партиясының 25 жылдығы» мерейтойлық медалімен марапатталды. Жиында пікір алмасу өтіп, жастарға еліміздегі волонтерлік қызметтің маңызы мен Ауыл партиясы жастар қанатының басты бағыттары таныстырылды. Бүгінгі ұрпақтың басты міндеті – адалдықты ту етіп, ел болашағына өз үлесін қосу.
