Еңбек – адамның басты міндеті ғана емес, сонымен қатар оның жеке тұлғалық дамуы мен қоғамдағы рөлін анықтайтын басты факторлардың бірі. Еңбек адамы – өз мамандығын сүйетін, жауапкершілікпен атқаратын және қоғам өміріне белсенді үлес қосатын тұлға. Қоғамның әлеуметтік және экономикалық дамуы еңбек адамдарының кәсібилігіне тікелей байланысты. Олар: өндірістік процестерді дамытуға үлес қосады; білім беру, медицина, мәдениет және басқа да әлеуметтік салаларды қолдап, халықтың өмір сапасын арттырады; еңбек арқылы экономикалық тұрақтылыққа және қоғамдық әл-ауқатқа ықпал етеді.
Қазіргі индустриялы қоғамда әрбір кәсіби маманның еңбегі ерекше құнға ие. Солардың бірі – дәнекерлеуші маманы, яғни металл конструкциялар мен құрылымдарды біріктіріп, өндіріс пен құрылыс саласының маңызды міндеттерін атқаратын еңбек адамы. Еңбегі осындай қадірлі жанның бірі шымкенттік тұрғын - Ғалымжан Сүлейменов. «Темірші» құрылыс компаниясының қызметкері ісіне адалдығымен, айналасына жанашырлығымен және еңбекқорлығымен ерекшеленеді. Темірдің «тілін тауып», бір-біріне жалғап жүрген дәнекерлеуші өз мамандығын мақтаныш санайды. Себебі бұл жұрт ойлайтындай жеңіл жұмыс емес. Дәнекерлеуші мамандығы – кез келген өнеркәсіп нысанының негізі. Олар түрлі материалдарды жоғары температурада біріктіріп, мықты конструкциялар жасайды. Бұл – көзге көрінбейтін, бірақ кез келген ғимараттың, құрылғының, көліктің жүрегі саналатын жұмыс. Құрылыс нысандары, құбыр жүйелері, зауыттар, теміржол – барлығы да дәнекерлеушілердің қолынан өтеді. Олардың еңбегі – көзге көп көрінбейді, бірақ нәтижесі – ел тіршілігінің тұтқасы.
«Менің дәнекерлеуші мамандығын игеріп, осы салада еңбек етіп жүргеніме 20 жылдай уақыт болды. Ірі, күрделі тапсырыстар қабылдаймыз. Кәсібилігіміздің арқасында Қазақстанның көптеген қалаларында болып, еңбек еттік. Бірақ негізгі жұмысымыздың өзегі осы Шымқалада. Осы жұмыстың арқасында отбасымды, бала-шағамды асырап отырмын. Жұмыс қауіпті, физикалық күш те қажет. Арнайы киіммен, шлеммен жұмыс істеп, от пен ұшқын арасында сағаттап тұру – оңай емес. Қай мамандық иесі болсаң да бастысы ерінбей еңбек ету керек»,- дейді кейіпкеріміз. Ғалымжан Сүлейменов үшін мамандығы – тек жұмыс қана емес, өмірін арнаған сүйікті кәсібі.
Дәнекерлеуші маманы кәсіби шеберлікті, жоғары жауапкершілікті және дәлдікті талап етеді. Ол – индустриялық өндіріс пен құрылыс саласының тірегі, қоғамның дамуына нақты үлес қосатын еңбек адамы. Оның кәсібилігі мен шеберлігі әрбір объектінің қауіпсіз, сенімді және ұзақ қызмет етуіне негіз болады. Дәнекерлеушілердің еңбегі – ел экономикасының тұрақтылығы мен инфрақұрылымның сапасының кепілі.
Еңбек адамы – қоғамның тірегі, экономикалық және әлеуметтік дамудың негізгі қозғаушы күші. Ол өзінің кәсіби дағдылары мен еңбекқорлығы арқылы қоғамға үлес қосып, адамдардың өмірін жақсартады. Әрбір мамандық – маңызды, әрбір еңбек адамы – бағалы.
