Қазіргі таңда жоғары жылдамдықты интернет – күнделікті өмірдің ажырамас бөлігі. Экономиканың дамуы, білім беру сапасы, медицинадағы цифрландыру, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі, тіпті бизнестің тиімділігі де интернет жылдамдығына тікелей байланысты. Сондықтан елімізде, соның ішінде Шымкент қаласында да, кеңжолақты интернетке қолжетімділікті арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету үшін ең алдымен телекоммуникациялық инфрақұрылым кеңейтілуі керек. Қала аумағында талшықты-оптикалық желілер тартылып, жаңа базалық станциялар орнатылуда. Бұл шаралар интернеттің сапасын арттырып қана қоймай, шалғай аудандардағы тұрғындарға да бірдей жағдай жасауға мүмкіндік береді.
«Freedom Telecom» компаниясы Шымкентте кабель тартуды талап етпейтін, жоғары жылдамдықты интернет ұсынатын FWA (Fixed Wireless Access) қызметін ресми түрде іске қосты. Бұл жаңа технология ең алдымен бұрын техникалық тұрғыдан мүмкін болмаған немесе экономикалық жағынан тиімсіз деп саналған аймақтардың жылдам әрі тұрақты интернетке қосылуына жол ашады.
Осыған орай Орталық саябақтағы «Шахматшылар үйінде» арнайы брифинг ұйымдастырылды. Оған «Freedom Telecom» компаниясының мамандары, Шымкент қалалық Цифрландыру басқармасының қызметкерлері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
– Шымкент – еліміздің ең жылдам дамып келе жатқан мегаполистерінің бірі. Біз мұнда болашақ технологиясын енгізгенімізге қуаныштымыз. FWA қызметі үйлерге, бизнес нысандарына, мектептер мен әлеуметтік мекемелерге жоғары жылдамдықтағы интернет желісін жеткізетін болады, – дейді «Freedom Telecom» компаниясының бас директоры Қайрат Ахметов.
Шымкент қалалық Цифрландыру басқармасының басшысы Мұхит Кемелов те FWA қызметінің шаһардың цифрлық жағынан дамуына айтарлықтай ықпал ететінін жеткізді. Мұхит Әбутәліпұлының айтуынша, жаңа байланыс стандарты жасанды интеллект, смарт-қала жобалары және заманауи цифрлық шешімдердің де іске асырылуына мүмкіндік береді.
Брифинг барысында басқарма басшысы қаланың интернет инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті. Соңғы уақытта мобильді байланыс әлсіз қабылданатын аумақтар айтарлықтай қысқарған. «Қалада мобильді байланыс әлсіз қабылданатын 147 аумақ анықталған болатын. Осы бағытта арнайы жол картасы әзірленіп, тиісті жұмыстар қолға алынды. Соның нәтижесінде қазір мұндай аумақтар саны 11-ге қысқарып отыр», - дейді Мұхит Әбутәліпұлы.
Сонымен қатар, биыл өңірде 23 елдімекенде интернет байланысын жақсарту жоспарланған. Оның 15-інде тиісті жұмыстар аяқталып, тұрғындардың жоғары жылдамдықтағы интернетке қосылуына техникалық жағынан толықтай мүмкіндік қарастырылды. Қалған сегіз елдімекендегі жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау көзделген. Осылайша, қала аумағын 100 пайыз кең жолақты интернетпен қамту жоспары жүзеге асуға жақын.
Мұхит Кемелов өз сөзінде қалада жасанды интеллект зертханасын ашу жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Бұл зертханада әрбір студент пен оқушы өзінің стартап жобаларын іске асыра алады. Брифинг соңында тараптар осындай екі бағыт бойынша әріптестік құру мақсатында меморандумға қол қойды.
Бұйыртса, FWA қызметі интернет инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеріп, қаладағы байланыс сапасының жақсаруына серпін береді деп сенеміз. Кабельсіз жоғары жылдамдықты интернет әсіресе шеткі аудандар үшін тиімді шешім болмақ.
Жоғары жылдамдықты интернет – заманауи қоғамның негізгі қажеттілігі. Тұрғындарды сапалы интернетпен қамтамасыз ету қала инфрақұрылымын дамытуға, жаңа мүмкіндіктер ашуға және цифрлық экономиканың өркендеуіне жол ашады.
Шымкент қаласында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде интернет сапасы жылдан жылға жақсарып, тұрғындар үшін қолжетімділігі артып келеді. Болашақта толық цифрлық қоғам қалыптастыру – басты мақсаттардың бірі.
