
Қазіргі таңда экология мәселесі өзектілігін жоймай келеді. Әсіресе пайдаланылған автокөлік шиналары — қоршаған ортаға ұзақ жылдар бойы зиян келтіретін қатты қалдықтардың бірі. Табиғи жағдайда олар жүз жылға жуық шірімейді, ал дұрыс жиналмаса, улы заттар бөледі. Сондықтан шиналарды қайта өңдеу – экологиялық қауіпсіздікпен қатар, экономикалық тұрғыдан да тиімді бағыт. Пайдаланылған шиналарды өңдеу арқылы қоршаған ортаның ластануын азайтуға және қалдықтарды пайдалы өнімге айналдыруға болады. Бұл өндіріс бірнеше маңызды нәтиже береді. Атап айтқанда: экологиялық қауіпсіздік: қалдық көлемі азаяды, өрт қауіпі төмендейді, ресурстарды үнемдеу: қайта өңделген шикізат жаңа өнім жасауға пайдаланылады, жаңа жұмыс орындары ашылады, шағын және орта бизнес үшін табысты бағыт қалыптасады. Қайта өңдеу өндірісі арқылы резеңке гранулалар, резеңке ұнтақ, спорт және ойын алаңдарының төсемдері, резеңке плиткалар, жол құрылысына арналған қоспалар, резеңке-металл бұйымдары секілді өнімдерді өндіруге болады. Бұл өнімдерге сұраныс жоғары, сондықтан өндіріс бизнес ретінде де тиімді.
Ал, сіз, Шымкентте қолданылған доңғалақты қайта өңдейтін зауыт бар екенін білесіз бе? «Пайдаланылған автокөлік шиналарын қайта өңдеу өндірісін «ЭКО Шина» ЖШС қолға алып отыр. Бұл еліміздегі ескі автокөлік шиналарына екінші өмір сыйлайтын тұңғыш әрі жалғыз кәсіпорын.
Жоба ҚР Президентінің тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында жүзеге асқан. «Жасыл даму» АҚ «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы жоғарыда аталған жобаларға утилизациялық төлемдер бағыттауда. Қаржыландыру қайтарымды негізде, жылдық сыйақы мөлшерлемесі 3%-дан аспайтын және 3 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге беріледі.
«Компания «ЭКО Шина» былтыр бізге құжаттар тапсырған. Қаржыландыру бойынша жылдың аяғында шешім қабылдадық. Оң шешімін алып қазіргі таңда құрал жабдықтары келіп іске қосылды», - дейді «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ өкілі Ерлан Молдарайымов.
Үшінші мегаполистегі «ЭКО Шина» ЖШС жобасы — мемлекет пен бизнестің тиімді әріптестігінің сәтті үлгісі. Жобаның жүзеге асырылуы өңірдің экологиялық жағдайын едәуір жақсартуға, пайдаланылған шиналарды тиімді қайта өңдеуді қамтамасыз етеді.
Жобаға Шымкент қаласынан жаңғырту және дайын өнім желісін кеңейту жобасы ұсынылған. Бұл 629 млн теңгеге бағаланды. Оның ішінде 500 млн теңгесі «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ есебінен қаржыландырылған. Осы арқылы экологиялық, экономикалық және әлеуметтік маңыздылықты ұштастырады. Жаңа жұмыс орындарын ашып, қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтады және «Жасыл экономиканың» дамуына елеулі үлес қосады.
Бүгінде «Оңтүстік» индустриялдық аймағында орналасқан бірегей компаниясы пайдаланылған автокөлік шиналары мен шикі резеңке түтіктерін қайта өңдеу арқылы, резеңке ұнтағын өндіріп, сатылымға шығарып отыр.
Жобаның қуаттылығы: 1400 тонна резеңке ұнтақ, 1800 тонна пиролиз майы, 400 тонна техникалық көміртек және металл сым жылына өндіріледі. Кәсіпорында 36 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Пайдаланылған автокөлік шиналарын қайта өңдеу — өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған өзекті жоба ғана емес, экономикалық тұрғыдан табысты бизнес. Қалдықты кәдеге жаратып, халыққа қажет өнім өндіру – жас кәсіпкерлер үшін тиімді мүмкіндік. Жаңаша көзқараспен іске қосылған мұндай өндірістер өңірдің индустриялық дамуына да зор үлес қосады.
