
Қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін маңызды инфрақұрылымдардың бірі – су құбыры мен канализация жүйесі. Осы жүйелердің үздіксіз және қауіпсіз жұмыс істеуі үшін көп маман қызмет етеді. Солардың ішінде ерекше жауапкершілікпен жұмыс істейтін маман – слесарь.
Өз ісіне тиянақты, жауапкершілігі жоғары әрі тәжірибелі маман – Супабеков Жамшид Әлиұлы апатты қалпына келтіру жұмыстары учаскесінің білгір слесарі ретінде ұжым арасында зор құрметке ие.
Супабеков Жамшид Әлиұлы 1979 жылы Өзбекстан Республикасы, Ташкент облысы, Піскент ауданында дүниеге келген.
1986–1996 жылдары Ленин атындағы №14 мектепте білім алған.
2007 жылы отбасын құрып, 2008 жылы Қазақстан Республикасының Шымкент қаласына қоныс аударды.
2012–2021 жылдар аралығында «Су ресурстары – Маркетинг» ұйымында су құбыры жабдықтарындағы насос қондырғысының машинисті қызметін атқарды.
2022 жылдан бері Шымкент қаласы әкімдігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Су құбыры және канализация басқармасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында апатты қалпына келтіру жұмыстары учаскесінің слесарі ретінде абыроймен еңбек етіп келеді.
Слесардың жұмысы күрделі, әрдайым шұғыл әрекетті қажет етеді. Ол су құбырлары мен канализация жүйелеріндегі апаттарды жөндейді, құбырлардың, арналардың, сорғылар мен клапандардың жұмысын тексеріп, қысым мен ағып кетуді бақылайды, жұмыс барысында электрлік және гидравликалық қауіптердің алдын алу, әріптестердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, апатты жөндеу жұмыстарының барысын тіркеп, инженер-техниктерге толық ақпарат беру.
Жамшид Әлиұлы — жеті жылдық тәжірибесінде өз кәсібіне деген адалдығын, еңбекқорлығын және жоғары жауапкершілігін таныта білген, әріптестерінің сеніміне ие беделді маман.
Слесарь – қоғам үшін аса маңызды, жауапты еңбек адамы. Оның кәсібилігі, төзімділігі мен адалдығы арқасында қала тұрғындары үшін қауіпсіз және жайлы өмір қамтамасыз етіледі. Еңбек адамының еңбегі – елдің тіршілігі мен дамуының кепілі.
