
Шымкент – республикадағы ірі экономикалық, өндірістік және логистикалық орталық. Қаланың экономикалық өсімі соңғы жылдары индустриалды аймақтарды дамыту арқылы айқын көрініс тапты. Бұл аймақтар өңірдегі өнеркәсіптік өндірісті кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға және экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Индустриалды аймақтар қаланың экономикалық дамуына елеулі үлес қосып, қала бюджетінің кіріс көздерін көбейтуде.
Бүгінде үшінші мегаполисте 7 индустриалды аймақ жұмыс істейді. Соның ішінде ең жасы – «Жұлдыз» индустриалды аймағы. Қазіргі таңда «Жұлдыз» индустриалды аймағындағы кәсіпорындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында теміржол тұйығы салынуда. Жобаны Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының тапсырысымен «INTEGRA Construction KZ» мердігер мекемесі жүзеге асырып жатыр. Нәтижесінде өндіріс орындары Текесу станциясы арқылы теміржол желісіне тұрақты қосыла алады.
Жоба бойынша теміржол тұйығы 5 жолақтан тұрады, жалпы ұзындығы — 5 шақырым. Құрылыс бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп, жыл соңына дейін толық пайдалануға беру жоспарланған.
Жобаның іске асырылуы индустриалды аймақтағы кәсіпорындарға логистикалық қызмет көрсетуді айтарлықтай жеңілдетіп қана қоймай, өңірдің индустриалдық әлеуетін арттыруға және өндірістік процестерді тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, аталған аймақты құру жұмыстары 2020 жылы басталып, биыл толықтай іске қосылды. Мұнда құрылыс, металлургия, фармацевтика, жиһаз өнеркәсібі шоғырланған. Аймақта жалпы көлемі шамамен 166 миллиард теңгені құрайтын 46 ірі заманауи кәсіпорын ашылады.
Шымкент қаласындағы индустриалды аймақтар – қаланың экономикалық дамуының негізгі қозғаушы күші. Олар жаңа кәсіпорындарды орналастырып, жұмыс орындарын ашып, экспорттық әлеуетті арттырады. Бұл аймақтар тек өндірісті дамыту үшін ғана емес, сонымен қатар қала тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту, қаланың экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында да маңызды.
Индустриалды аймақтар – Шымкенттің болашағы мен экономикалық өркендеуінің кепілі.
