Мұнай өңдеу саласының мамандары сынға түсті

image.png     

   18-21 қараша аралығында Атырау қаласында «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ ұйымдастырған «KMG Skills» кәсіби дағдылар чемпионаты өтті. Іс-шараның мақсаты - жұмысшы мамандықтарын дәріптеу және ҚМГ компаниялар тобы қызметкерлерінің кәсіби шеберлік деңгейін арттыру.

    Жарысқа 19 еншілес және тәуелді ұйымдардан 100-ге жуық маман қатысты. Байқау тапсырмалары 12 жұмысшы мамандығын қамтыды.  Атап айтқанда мұнай және газ өндіру жөніндегі оператор; ұңғымаларды зерттеу операторы, мұнайды дайындау жөніндегі оператор, технологиялық жабдықты жөндеу және оған қызмет көрсету жөніндегі слесарь, электр-газбен дәнекерлеуші, электр-монтер, химиялық талдау зертханашысы, технологиялық қондырғылар операторы, компрессорлық қондырғылардың машинисі, технологиялық сорғылардың машинисі, токарь, бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика жөніндегі слесарь сынға түсті.

     Сайыстың алғашқы кезеңінде  зауыт зертханашылары мен токарьлері кәсіби біліктіліктерін ортаға салды. Бәсекеге түскен сегіз лаборантқа Мемлекеттік стандарт талаптарына сәйкес мұнайдың тығыздығын анықтау үшін 45 минут уақыт берілді. Токарьлер насосқа арналған деталь дайындады. Мұнда жеті үміткердің жасаған бұйымы мұқият қаралып, сызбаға сәйкестігі тексерілді.

     Екінші кезеңде барлық 12 мамандық өкілдеріне өрт қауіпсіздігі ережелерін әдейі бұрмаланған иллюстрациялар ұсынылды. Қатысушылардың міндеті — 5 минут ішінде барлық қателерді анықтап, ықтимал тәуекелдерді сипаттап және оларды жою шараларын ұсыну.

     Үшінші кезеңде қатысушылар алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша практикалық тапсырмаларды орындады. Жұмысшылар жылжымалы кеуде манекенінде 5 минутта жүрек-өкпе реанимациясы бойынша іс-қимылдар тізбегін атап айтқанда қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жедел жәрдем шақыру, жәбірленушінің жағдайын, жүрек соғысын тексеру және қолдың дұрыс орналасуын және жасанды тыныс алу техникасын сақтай отырып, реанимация циклдарын жүргізуі тиіс.

     Бұл тапсырмалар қатысушыларға оқиғаға ден қоюды, ережелерді білуді және төтенше жағдайларда үйлесімді әрі сенімді әрекет ету қабілетін көрсетуге мүмкіндік берді.

«ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС атынан лайықты өнер көрсеткен қызметкерлер:

• Ким Валерий Павлович —энергоцехтың электр жабдықтарға қызмет көрсету жөніндегі электромонтері, жарыс қорытындысы бойынша 1 орын иегері;

• Османов Акрамжан Арыпжанович — №1 цехтың технологиялық сораптар машинисі, жарыс қорытындысы бойынша 3 орын иегері;

• Қабаева Нәзира Сапаралықызы — зауыт зертханасының химиялық талдау зертханашысы,  жарыс қорытындысы бойынша 3 орын иегері.

• Әбуов Орал Шайдуллаұлы — №1 цехтың компрессорлық қондырғылар машинисі, жарыс қорытындысы бойынша 4 орын иегері;

• Пирали Алтынбек Тәттібекұлы — №3 цехтың технологиялық қондырғының операторы (ректификация блогы), жарыс қорытындысы бойынша 4 орын иегері.

«ПҚОП» ЖШС мамандарының «KMGSkills» чемпионатына қатысуы кәсіби деңгейдің нығаюына, тәжірибе алмасуға және жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға елеулі үлес қосты. Компания өзқызметкерлерінің жетістіктерін мақтан тұтады және олардың білімдері мен дағдылары саланың одан әрі дамуына ықпал ететініне сенімді.

     "Осы сайыс жаңа форматта бірінші рет өтіп тұр. Алдыңғы жылдары конкурс ретінде өтетін, биыл чемпионат форматында ұйымдастырылды. Қатысқаныма өте қуаныштымын. Бірінші кезеңде бізде практика болды. Осы салада  күні бүгінге  дейін жинаған тәжірибемізді көрсеттік. Екінші кезеңде өрт орын алған жағдай бейнелеген фотосурет берілді. Сол суреттен 5 қатені табуымыз керек еді. Мен ол жерде 5-тен көп қате тауып, кәсібилігімді дәлелдеп шықтым»,- дейді сайысқа қатысушы, «ПҚОП» ЖШС компрессорлық қондырғы машинисі Орал Әбуов. 

     Айта кетейік, ҚМГ жұмысшы мамандардың беделін арттыруға ерекше мән беріп келеді. «KMG Skills» байқауы қызметкерлердің кәсіби деңгейін шыңдап қана қоймай, жас мамандарды ынталандыруға және өндірістегі еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

     «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» жалпы өз мамандарының кәсіби дағдысын үнемі  жетілдіріп отырады. Айталық жақында зауытта  жас мамандарға кәсіби білім мен тәжірибені тиімді жеткізу дағдыларын дамытуға бағытталған «Тренерлерге арналған тренинг» бағдарламасы аясында оқыту сәтті өтті. Тренингке өндірісте мол тәжірибе жинақтаған, өз білімін жас мамандармен белсенді түрде бөлісіп, болашақ кадрлық әлеуетті қалыптастыруға үлес қосып жүрген кәсіпорынның тәжірибелі тәлімгерлері қатысты. Тренингтің мақсаты — тәлімгерлік әдістерді жетілдіру, коммуникациялық және оқыту құзыреттерін дамыту, сондай-ақ зауыттың жас мамандарына практикалық тәжірибе мен білімді беру мәдениетін нығайту.

     Бүгінгі таңда Шымкент мұнай өңдеу зауыты – Қазақстанның оңтүстігіндегі отын тұрақтылығын қамтамасыз етуде және еліміздің энергетикалық қауіпсіздігінде басты рөл атқаратын заманауи, жоғары технологиялық кешен. Қырық жылда Шымкент мұнай өңдеу зауыты 180 миллион тоннадан астам мұнай өңдеді. Бүгінгі таңда кәсіпорын өндірістік тиімділіктің жоғары көрсеткіштеріне қол жеткізді, атап айтқанда өңдеу тереңдігі 88% дейін ұлғайды, ал жеңіл мұнай өнімдерін өндіру көлемі 82% құрап отыр.

     Кәсіпорын жұмысшылары зауыттың алғашқы литр отыннан бастап Орталық Азиядағы мұнай өңдеудің көшбасшыларының біріне айналған жолын мақтанышпен атап өтеді.  Осы жылдар ішінде зауыт: ауқымды жаңғырту жұмыстарын жүргізді, экологиялық таза стандарттарға көшті, өндірістік қуаттылықты арттырды, өнім сапасын жақсартты. «Бүгінде біз болашаққа сеніммен қараймыз: инновацияларды енгізіп, Қазақстанның энергетикалық тұрақтылығын нығайтуды жалғастырып келеміз» дейді зауыт өкілдері.  

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Қызметіне адалдық пен жауапкершілік өмірлік ұстаным
  • Қызмет пен отбасы құндылықтарын тең ұстаған жан
  • Рухани жағдайды көтеру – түзелу жолындағы алғашқы қадам
  • Шымкентте «Өндіріс жастары – кәсіби өсу алаңы» атты форумы өтті
  • Көрінбейтін, бірақ аса жауапты қызметтің иесі
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер