Шымкентте «Өндіріс жастары – кәсіби өсу алаңы» атты форумы өтті

image.png

   Шымкент қаласындағы Шымкент мұнай өңдеу зауытында «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында «Өндіріс жастары – кәсіби өсу алаңы» атты форум ұйымдастырылды.  Ауқымды форум «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы, партия жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанаты және «ПетроҚазақстан Ойл Продактс»  зауытының ұйымдастыруымен өтті.  Маңызды басқосуға «Жастар Рухы» Жастар қанатының төрағасы Акерке Искандерова, «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мұрат Жолдыхожаев, «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС Президенті Цзян Жиюань, Вице-президенті Бақыт Тасқынұлы, қала әкімдігінің өкілдері, жергілікті оқу орындарының студенттері, түрлі өндіріс орындарының жас мамандары, мәслихат депутаттары мен танымал спортшылар қатысты.

  Форум шеңберінде қатысушылар Шымкент мұнай өңдеу зауытына арнайы экскурсия жасап, зауыттың жұмысымен, технологиялық үдерістерімен және жас мамандарға арналған мүмкіндіктерімен танысты.  Әрине зауытқа кірерде қажетті техникалық талапты сақтау керектігі ескертілді. Сондай-ақ кәсіпорындар тарапынан бос жұмыс орындары таныстырылып, кәсіби бағдар беру бағытында ашық кездесу өтті.

    Береке Кенжебай – болашақ эколог. Білім алушы бүгін зауыттың өндірістік үдерісін зерделеп, оның технологиялық қырларын бақылады. Жұмыс тәртібін көріп, кәсіби көзқарасын кеңейтті. «Мен экология мамандығында оқимын. Мұнда мұнайдан шыққан қалдықтар қалдырмай, қайта өңдеуден өткізеді екен. Мысалы зауытта  мұнай қалдығы саналатын мазут қайта өңделіп, кәдеге жаратылады.  Бұл экологияға өте пайдалы деп білемін. Экскурсия кезінде мұнай өңдеудің қаншалықты ауыр жұмыс екенін білдім. Сондықтан біз мұнай өңдеу саласының мамандарын құрметтеуіміз керек»,- дейді белсенді жас.  

    Экскурсиядан кейін форум пленарлық бөлімге ұласты. Пленарлық бөлімде Шымкент мұнай өңдеу зауытының 40 жылдық өндірістік жолы туралы бейнеролик көрсетілді, шақырылған спикерлер сөз сөйледі. Қоғамның дамуындағы жастардың рөлі туралы өз көзқарасын «Жастар Рухы»  республикалық Жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова ұсынды. «Қазіргі таңда, елімізде жаңашылдыққа ұмтылған, еңбекқор жастар өсіп келеді. Сол жастардың басын біріктіріп, оларға дұрыс бағыт берудің маңызы зор. Сондықтан да осындай ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Бұл – жұмысшы жастардың дауысы естілетін, оларды толғандырған мәселелер талқыланатын маңызды алаң», – деді ол.

     Жастар саясатының маңызды бағыттарын «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мұрат Жолдыхожаев атап өтті. «Шымкент - жастар қаласы. «Жастар рухы» Жастар қанатында қазіргі таңда 8 мыңға жуық жастарымыз бар. Қаншама белсенді жастарымыз қаламыздың көркеюіне ат салысып келе жатыр. Республикалық «Таза Қазақстан» акциясы бойынша қаламыздың тазалығына үлес қосып жүрген осы біздің болашағымыз жастар. Спорт саласында да әлемді бағындырған жастарымыз  көп. Жас та болса кәсіп ашып, шаһардың экономикасының дамуына үлес қосып отырған жастарымыздың да бар екенін айта кетейік»,- деді төраға. 

     Форум жұмысшы жастардың кәсіби дамуына жол ашатын маңызды диалог алаңына айналды. Мұндай кездесулер алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ.  «Шымкент қаласында дәл осы «Жастар рухы» Жастар қанатының  ұйымдастыруымен биыл екінші рет форум өткізіліп жатыр. Бірінші форумды біз қаладағы  белгілі кәсіпорынның бірі «Балаби текстиль»  фабрикасында республикалық деңгейде өткізген болатынбыз. Екінші форумды осы зауытта өткізуді жөн санадық. Себебі бұл қаламыздағы ауқымды, ірі кәсіпорындардың бірі. Мұнда екі мыңнан астам адам қызмет етеді. Бұл шараға белсенді жастардан бөлек қаламыздағы  түрлі өнеркәсіптің жас мамандарын да тарттық. Мақсатымыз жастарға жалпы мұнай өңдеу зауытының жасап жатқан жұмысын, тыныс-тіршілігін көрсету. Одан бөлек қаламыздағы атақты спортшылар, өнер саласының мамандары да «Жұмысшы мамандықтар жылын», іс-шарамызды қолдап келіп отыр. Жұмысшы жастардың әлеуетін көтеру мақсатында біз алдағы  уақытта да осы секілді жұмыстарды атқара беретін боламыз»,- деді «Аманат» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының Шымкент қалалық филиалының төрағасы Бекзат Төлебай.

      Іс-шарада ұрпақтар сабақтастығына ерекше назар аударылды. Кәсіпорын ардагері - №1 цехтың бастығы Болат Қалдықозов, сондай-ақ, жас маман - жеңіл нафтаны изомерлеу қондырғысының механигі Өркен Бәйденов сөз сөйледі. «ПҚОП» ЖШС Президенті Цзян Жиюань және «ПҚОП» ЖШС Бірінші вице-президенті Бахыт Ерегенов форумға қатысушыларға алғысын білдіріп, жастардың компанияның болашағы мен елдің энергетикалық қауіпсіздігі үшін стратегиялық маңызын ерекше атап өтті.

    «Жұмысшы мамандықтар жылына» арналған форумның кульминациясы «ПҚОП» ЖШС мұнай өңдеу зауытының 40 жылдығына орай форум қонақтарына мерейтойлық медальдар мен бағалы сыйлықтар табыстау рәсімі болды. Мемлекет басшысы «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялаған биылғы 2025 жылы Шымкент мұнай өңдеу зауыты өзінің 40 жылдық мерейтойын атап өтуде. Бұл оқиға кәсіпорында өткізілген Жастар форумына айрықша мән берді.

     Мерейтой зауыттың тарихы мен жетістіктерінің мерекесі ғана емес, сонымен қатар жұмысшы мамандықтарының елдің өнеркәсібі мен экономикасын дамытудағы маңыздылығының айқын дәлелі болды.

      Іс-шара жас жұмыскерлердің бірлігі мен кәсіби өсуін бейнелейтін естелік фотосуретке түсумен аяқталды.

    Айта кетеміз, ағымдағы жылдың шілде айында ҚР Парламенті Мәжілісінің спикері, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошановтың қатысуымен өткен «Жастар Рухы» республикалық жастар саяси лагері алаңында «Жұмысшы жастар аманаты» атты жоба іске қосылған болатын. Қазір жоба аясында аймақтарда бірнеше шаралар мен форумдар өтті. Атап айтқанда, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Павлодар облыстары мен Астана, Шымкент қалаларында.

   Қазақстанның өндірістік әлеуетін нығайту, жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру және жастарды еңбек нарығына интеграциялау бір реттік шараға айналмай, келесі жылы да кешенді түрде жалғасын табатын болады.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Қызметіне адалдық пен жауапкершілік өмірлік ұстаным
  • Шымкентте «Өндіріс жастары – кәсіби өсу алаңы» атты форумы өтті
  • Көрінбейтін, бірақ аса жауапты қызметтің иесі
  • 26,7 тыс. человек получили дополнительную поддержку с применением скоринговой модели
  • Өнер және білім саласында жасанды интеллектті қолданудың өзекті мәселелері талқыланды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер