
Қоғамдағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңызды тетіктерінің бірі – сотталған азаматтарды еңбекке баулу және олардың қайта әлеуметтенуіне мүмкіндік жасау. Қылмыстық-атқару жүйесіндегі бұл бағыт тек жазаны өтеумен шектелмей, адамды қоғамға қайта бейімдеу, өмірге деген көзқарасын өзгерту және жаңа бастамаға жол ашу мақсатында жүзеге асырылады.
Сотталған азаматтарды еңбекке тарту – олардың мінез-құлқын түзетудің, жауапкершілік сезімін қалыптастырудың және пайдалы дағдыларды меңгертудің тиімді құралы. ҚАЖ мекемелерінде түрлі бағытта ұйымдастырылған өндірістік учаскелер, шеберханалар, тігін, ағаш өңдеу, металл бұйымдарын жасау цехтары жұмыс істейді. Мұндай еңбек орындары жазасын өтеушілер үшін жаңа мамандық меңгеруге, кәсіби дағдыларды дамытуға мүмкіндік береді.
Осы ретте, Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №53 мекемесінде мекеме қызметкерлері мен қала әкімдігі өкілдерінің қатысуымен жоспарлы аралау өткізілді.
Іс-шара барысында жаңадан салынған өндірістік ангар көрсетіліп, сотталғандардың еңбек қызметі мен жұмысқа орналасу үдерісімен таныстырылды. Сонымен қатар, еңбек орындарында қауіпсіздік пен тәртіптің сақталуына назар аударылды.
Еңбек – адамның қайтадан қоғамға пайдалы азамат ретінде оралуына жол ашады. Қолөнер, құрылыс, дәнекерлеу, аспаздық секілді кәсіптерді игерген азаматтар бостандыққа шыққаннан кейін өзіне жұмыс табуда қиналмайды. Бұл қылмыстың қайта жасалуын болдырмаудың да маңызды факторы.
Жазасын өтеушілерге тек еңбек дағдысын үйретіп қана қоймай, олардың әлеуметтік мәселелерін шешуге көмектесу – әлеуметтендіру жұмысының негізгі бөлігі. Әлеуметтік қызметкерлер мен пробация инспекторлары психологиялық қолдау көрсетіп, құқықтық кеңес береді, отбасымен қайта байланыс орнатуға жәрдемдеседі.
Сонымен бірге жұмыспен қамту орталықтарымен, кәсіптік білім беру ұйымдарымен бірлесіп, сотталған азаматтарды қайта оқыту курстары ұйымдастырылады. Бұл олардың бостандыққа шыққаннан кейін жаңа кәсіппен жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді. Қайта әлеуметтендіру – әр азаматтың қоғамға сенімді түрде қайта оралуына жасалған нақты қадам.
Бұл бағыттағы жұмыстар сотталған азаматтарды еңбекке баулу және қайта әлеуметтендіру ісін одан әрі дамытуға ықпал етеді.
Еңбекке баулу мен қайта әлеуметтендіру бағытындағы жұмыстардың түпкі мақсаты – сотталған азаматтың қайта құқықбұзушылыққа бармауын қамтамасыз ету, оның өмірін жаңаша бастауына жағдай жасау. Өз еңбегінің нәтижесін көрген, жаңа мамандық меңгерген, қоғам тарапынан қолдау тапқан адам болашағына сеніммен қарайды.
Қоғамға қайта бейімделген әрбір азамат – елдегі қауіпсіздікті нығайтуға қосылған үлес. Сондықтан бұл бағытта жүргізілетін кешенді жұмыстарды дамыту – тек ҚАЖ органдарының емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
Сотталған адамның түзелу жолы еңбек пен тәрбиеден басталады. Ал оған мүмкіндік жасау – өркениетті қоғамның басты қағидасы.
