Шымкенттің болашақ наубайшылары топ жарды

image.png

     Шымкент қаласындағы “Тамақтандыру индустриясы және сервис колледжінің” оқытушылары мен  студенттері өз кәсіби деңгейін халықаралық ареналарда  көрсетіп келеді. Жақында ғана колледж студенттерінен құралған команда Түркия мемлекетінде өткен “GAME OF FOOD GASTRO ANTALYA” халықаралық гастрономиялық фестивалінде бақ сынап, бірнеше елдің өкілдері арасында Қазақстанды лайықты деңгейде танытты. Студенттердің шеберлігі мен шығармашылық қабілеті жүлделі орындарға ие болып, колледждің және еліміздің абыройын арттырды. Бұл жетістік жастардың кәсіби дамуы мен тағам индустриясындағы бәсекеге қабілеттілігін көрсете отырып, колледждің халықаралық деңгейде танылуына үлкен үлес қосты. Команда жоғары кәсіби дайындықты, шығармашылық көзқарасты көрсете отырып, өзге мемлекеттердің үздік кулинарлық мектептерімен сенімді түрде бәсекелесті.

   Әлемдік додада колледждің 3 қатысушысы жүлделі орындарды иеленді. Атап айтқанда: Алтынбек Қуаныш Ерланұлы, өндірістік оқыту шебері —  1 алтын,  1 қола;  Буранов Тахир, lll-курс студенті —  2 алтын;  Балтабай Елмурат, lll-курс студенті — 1 алтын, 1 қола.

        Алты жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан GASTRO ANTALYA халықаралық фестивалі – әлемнің үздік аспаздары мен кондитерлерінің басын қосатын беделді бәсеке. Бүгінде бұл фестивальдің бәсі биік, бағасы жоғары. Олай деуіміздің себебі – соңғы 6 жыл ішінде бұл алаңда 25 елден келген 4000-нан астам кәсіби маман мен жас шеберлер өзара сайысып, тәжірибе алмасқан. Бұл – еліміздің білім беру саласы мен кәсіби техникалық мамандықтардың дамуындағы маңызды жетістік.  Бұл – тынымсыз дайындық, табандылық пен кәсібіне деген адалдықтың жемісі. Қазақстандық наубайшылардың өнімі мен шеберлігі әлемдік деңгейде мойындалды!

      Айта кетейік,  “Тамақтандыру индустриясы және сервис колледжі”  өз жұмысын көп жылдар бойы дами отырып, тамақтандыру және сервис саласында білікті мамандар дайындауға ат салысып келеді. Оқу орнының басты мақсаты – жастарға теориялық білім мен практикалық дағдыларды үйлестіріп, оларды өндіріс пен қызмет көрсету саласына толыққанды дайын маман ретінде шығару. Колледжде оқу бағдарламалары тағам дайындау, аспаздық өнер, мейрамхана және қонақүй қызметі, кафе мен қоғамдық тамақтандыруды ұйымдастыру сияқты салаларды қамтиды. Студенттер кәсіби шеберлікті меңгеріп қана қоймай, заманауи технологияларды, санитарлық-гигиеналық талаптарды және клиентпен дұрыс қарым-қатынас жасау дағдыларын да үйренеді.

     Колледждің басты ерекшелігі – өндірістік практикаға басымдық беру. Студенттер заманауи асүйлерде, қонақүйлер мен мейрамханаларда тәжірибе жинақтап, нақты еңбек нарығы талаптарына сай маман болып қалыптасады. Сонымен қатар дуалды оқыту жүйесі енгізілген, яғни оқу процесі мен кәсіпорындағы тәжірибе бір-бірімен тығыз үйлестіріледі. Бұл жастардың жұмысқа орналасуын жеңілдетіп, кәсіби сенімділігін арттырады.

      Колледж тек білім берумен шектелмей, студенттерге әлеуметтік қолдау көрсетуге де мән береді. Мұнда спорттық секциялар, шығармашылық үйірмелер, мәдени-ағартушылық шаралар    ұйымдастырылып, студенттердің жан-жақты дамуына жағдай жасалып келеді.

     Шымкент қаласының “Тамақтандыру индустриясы және сервис колледжі” – бұл тек білім ордасы ғана емес, болашақ кәсіби мамандарды тәрбиелейтін заманауи, инновациялық мекеме. Колледждің мақсаты – жастарды еңбек нарығы талаптарына сай, білікті және кәсіби тұрғыдан дайын маман ретінде шығару, олардың шығармашылық әлеуетін дамыту және қаланың қызмет көрсету саласын дамытуға өз үлесін қосу.


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Шымкенттің болашақ наубайшылары топ жарды
  • Қызметіне адалдық пен жауапкершілік өмірлік ұстаным
  • Қызмет пен отбасы құндылықтарын тең ұстаған жан
  • Рухани жағдайды көтеру – түзелу жолындағы алғашқы қадам
  • Шымкентте «Өндіріс жастары – кәсіби өсу алаңы» атты форумы өтті
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер