
Үшінші мегаполистегі Индустриалды-техникалық колледжінде «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығының 1-курс студенттері үшін оқу таныстыру практикасы басталды. Бұл практика – болашақ мамандарды өндірістік ортаға бейімдеудің алғашқы қадамы болып саналады.
Таныстыру практикасының негізгі мақсаты – студенттерді автокөлік саласындағы жұмыс барысымен, техникалық қызмет көрсету кезеңдерімен, жөндеу технологияларымен және көлікті тиімді пайдалану талаптарымен таныстыру. Практика барысында білім алушылар оқу шеберханалары мен зертханаларда жұмыс істеп, құрал-жабдықтармен қауіпсіз жұмыс істеу ережелерін меңгереді.
Өндірістік оқыту шебері Тұрдалы Шарибаев студенттерге автокөліктің құрылымы, диагностикалық жабдықтардың қызметі, техникалық қызмет көрсету түрлері және жөндеу процесінің кезеңдері туралы тәжірибелік түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, олар шебердің аузынан еңбек мәдениеті, өндірістік тәртіп және маманның кәсіби жауапкершілігі туралы құнды ақпарат алды. «1-курс студенттері үшін таныстыру практикасы – мамандықты сезіну, техникалық процестерді түсіну және алғашқы кәсіби дағдыларды қалыптастырудағы өте маңызды кезең. Студенттердің қызығушылығы жоғары, жаңа ақпаратты жылдам қабылдайды. Алдағы уақытта оларды күрделі практикалық жұмыстар күтіп тұр. Біз болашақта білікті, жауапты және еңбекқор мамандар қалыптастыруға бар күшімізді саламыз»,- дейді Өндірістік оқыту шебері Тұрдалы Юлдашұлы.
Оқу таныстыру практикасы – жас мамандардың кәсіби қызығушылығын арттырып, болашақ мамандығына деген ынтасын нығайтатын маңызды тәжірибелік кезең. Колледж ұжымы білім алушылардың өндірістік дағдыларды дұрыс қалыптастыруы үшін барлық қажетті жағдайды жасауда.
«Таныстыру практикасы біз үшін өте маңызды болды. Автокөліктің негізгі жүйелерін жақынырақ көріп, құрал-жабдықтармен жұмыс істеудің алғашқы дағдыларын меңгердік. Алдағы уақытта осы мамандықты тереңірек игеруге үлкен қызығушылығым оянды»,- децді студент А.Ержан.
Бұл тәжірибе – болашақ мамандардың кәсіби дағдыларын қалыптастырудағы маңызды қадам.
