
Адамның өмірін көрікті ететін — оның еңбегі. Қай істің де қадірі, мәні бар, бірақ сол істі шын ниетпен, адал көңілмен атқарып жүрген жанның еңбегі ғана шынайы құрметке лайық. Осындай өз ісінің шебері, қарапайым еңбек адамы — Бердібеков Қалмырза Әсембекұлы.
Қалмырза Әсембекұлы еңбек жолын 1990 жылы Алғабас совхозында бастаған. Сол кезде жастық жігері мен еңбекке деген құштарлығын ауыл тіршілігімен ұштастырып, он бір жыл бойы туған жердің өркендеуіне үлес қосты. Қиын да қызықты ауыл еңбегінде шыңдалып, өмірдің нағыз мектебінен өтті.
2001 жылы қалалық өмірге қадам басқан ол «ШДЭХ» ЖШС-де балалар темір жолының қарауылы қызметін атқарды. Бұл жұмыс сырт көзге қарапайым көрінгенімен, темір жол қауіпсіздігі мен тәртібін қадағалау — үлкен жауапкершілікті талап ететін іс. Тәртіп пен ұқыптылықты серік еткен Қалмырза Әсембекұлы осы қызметінде өзін сенімді әрі тиянақты маман ретінде көрсетті.
2004–2009 жылдары ол өз еңбегін «Югдорсервис» ЖШС-де жалғастырып, дәл осы бағыттағы қызметті атқарды. Қиындыққа мойымайтын, адал еңбектің қадірін білетін маман ретінде әріптестері арасында ерекше беделге ие болды.
Ал 2011 жылдан бері Құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Шымкент қалалық филиалының құрамындағы «Қуатжылуорталық-3» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының Нұрсат аудандық бөлімшесінде жылу жүйелеріне қызмет көрсететін 5-дәрежелі слесарь болып жұмыс істейді. Бұл — көзге көрінбейтін, бірақ қоғам үшін аса маңызды жұмыс.
Қаланың қысқы маусымдағы тынысы мен тұрғындардың жайлы өмір сүруі – жылу жүйелерінің үздіксіз жұмысына тікелей байланысты. Ал осы жүйелердің қалыпты жұмысын қамтамасыз етіп, қандай ауа райы болмасын, тәулік бойы дайын тұратын еңбек адамдарының бірі – жылу жүйелеріне қызмет көрсететіндәл осы слесарь мамандары. Бұл маман – инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымның басты тірегі, өмір сапасының сақшысы. Жүйеде болар-болмас ақау пайда болса, тұтас аудан жылусыз қалуы мүмкін. Сондықтан оның әрбір әрекеті жоғары кәсіби білімді, тәжірибені және дәлдікті талап етеді.
5-дәрежелі слесарь атану – тек ұзақ жылдық тәжірибені ғана емес, күрделі техникалық жабдықтармен жұмыс істей алатын жоғары деңгейдегі шеберлікті білдіреді. Бұл маман гидравликалық есептеулерді біледі, автоматтандырылған жүйелермен жұмыс істей алады, күрделі тораптарды құрастырады және диагностика жүргізіп, ақауларды дәл анықтай алады. Мұндай жұмыс физикалық күшті де, техникалық ойлау қабілетін де қатар талап етеді.
Қала тұрғындарының үйлері қыс мезгілінде жылы, жайлы болуы — дәл осындай мамандардың маңдай тері мен тынымсыз еңбегінің арқасы. Күн сайын таңмен тұрып, қыс пен көктемнің, ыстық пен суықтың ортасында жүрген слесарь еңбегі – сабыр мен төзімділіктің, жауапкершілік пен адалдықтың өлшемі. Жылу желілерінің 5-дәрежелі слесарі – инженерлік саланың майталманы, өз ісінің шебері. Оның еңбегі – жай техникалық қызмет емес, қала өмірінің тұрақтылығын сақтауға қосқан үлкен үлес. Мұндай мамандардың күн сайынғы еңбегі – бейбіт тіршілігіміздің жылулығын қамтамасыз етіп тұрған басты күш.
Қалмырза Әсембекұлы еңбектің қадірін білетін, маңдай термен өмір сүріп келе жатқан азамат.Әрбір істі өз үйін жөндегендей ұқыптылықпен, өз халқын сүйгендей жауапкершілікпен атқарады.
