
Қаланың инженерлік жүйелері – су, канализация, жылу, газ желілері – тұрғындардың күнделікті тұрмысын қамтамасыз ететін ең маңызды инфрақұрылым. Алайда кез келген жүйеде күтпеген авариялық жағдайлар туындауы мүмкін. Сол сәтте бірінші болып іске кірісіп, қаланың қалыпты тіршілігін қалпына келтіретін маман – апатты қалпына келтіру жұмыстары учаскесінің слесарі.
Бұл маман – төтенше жағдайға әрдайым дайын, қаланың қауіпсіздігі мен тұрғындардың жайлылығы үшін аянбай еңбек ететін нағыз еңбек адамы. Осындай еңбекқор жанның бірі – Қуаныш Маканов. Кейіпкеріміз 1990 жылдың 28 қазанында Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы, Тегісшіл ауылдық округіне қарасты Таскескен ауылында дүниеге келген. Білім жолын 1997 жылы С.Торайғыров атындағы мектепте бастап, 2006 жылы Шымкент коммуникация колледжіне оқуға түсіп, «электромеханик» мамандығын игерді.
Еңбек жолын 2010 жылы «Smart Oil» бұрғылау компаниясында бастап, 2016 жылға дейін осы салада тәжірибе жинақтады.
2017 жылы «Шымкент цемент» өндірісінде жұмысын жалғастырып, кәсіби шеберлігін шыңдады.
2019 жылы «Мастер-Строй» ЖШС-де слесарь-монтажник ретінде қызмет атқарып, өндірістік бағыттағы түрлі техникалық жұмыстарды жоғары деңгейде орындады.
Бүгінде Қуаныш Әлібекұлы – апатты қалпына келтіру жұмыстары учаскесінің слесарі, 8 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі маман. Өз ісіне ұқыпты, жауапты, қиындыққа берілмейтін еңбекқорлығының арқасында әріптестері арасында құрметке ие.
Апатты қалпына келтіру учаскесінің слесарі – ең жауапты әрі қиын жұмыстардың бірін атқарады. Ол инженерлік желілердегі ақауларды анықтайды; жарылған құбырларды, су ағуларын, канализациялық бітелулерді шұғыл жөндейді; апат орнына дереу жетіп, жағдайды бақылауға алады; арнайы техникалармен және кәсіби құралдармен жұмыс істейді; тұрғын үйлер мен мекемелерді сумен немесе қызметпен қайта қамтамасыз етеді; апаттың алдын алу үшін жоспарлы тексеру жүргізеді. Бұл жұмыс секундтар, минуттармен өлшенетін, жедел шешім қабылдауды талап ететін мамандық. Бұл кәсіп шыдамдылықты, техникалық сауаттылықты, жауапкершілікті, батылдық пен жылдам әрекет етуді талап етеді. Әр апат – жаңа сынақ, жаңа жағдай. Сондықтан апатты қалпына келтіру слесарі тек шебер маман ғана емес, нағыз төзімділік пен ерік-жігер иесі.
Қуаныш Маканов отбасылық өмірінде де үлгілі әке. 2013 жылы Бәйдібек ауданының тумасы Әтенова Ақмарал Айбекқызымен шаңырақ көтеріп, бүгінде бес баланың асыл әкесі атанып отыр.
Қуаныш Әлібекұлы — еңбекқорлығы мен кәсіби білігі арқылы өз саласында құрметке ие, жауапкершілігі жоғары маман.
Апатты қалпына келтіру слесарлері – қаланың тыныс-тіршілігін қалыпты деңгейде ұстап тұратын, қала тұрғындарының қауіпсіздігі мен тұрмысын қамтамасыз ететін, әр күнін қауіп пен жауапкершілікке арнайтын нағыз еңбек адамдары.
Олардың еңбегі – қоғамның тұрақтылығы мен жайлылығының басты кепілі.
