Сhocolatine Кazakhstan-2025 байқауында Орталық Азияның үздік кондитерлері анықталды

image.png

Шымкентте техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері мен өндірістік оқыту шеберлері арасында CHOCOLATINE KAZAKHSTAN-2025 халықаралық байқауы өтті. Байқау Түркістан облысы білім басқармасына қарасты Түркістан жоғары көпсалалы аграрлық колледжі базасында ұйымдастырылды.

Байқаудың негізгі мақсаты жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру, кондитерлік өнерді дамыту, елдер арасындағы тәжірибе алмасуды кеңейту және келер жылы Францияның Тулуза қаласында өтетін Шоколатина және Pain au Chocolat бойынша Әлем чемпионатына Орталық Азиядан қатысатын ең үздік маманды анықтау болды. Бұл өңірімізде кондитерлік өнерді дамытуға, шеберлердің кәсіби деңгейін көтеруге, тәжірибе алмасуға және Қазақстан мен Орталық Азияның бай гастрономиялық мұрасын әлемге танытуға жол ашпақ.

Байқау Түркістан жоғары көпсалалы аграрлық колледжі мен Францияның COUPE DU MONDE DE LA CHOCOLATINE халықаралық қауымдастығы арасындағы ынтымақтастық келісімі аясында өткізіліп, оны ұйымдастыруға Францияның Қазақстандағы Елшілігі де атсалысқан.

Байқауға Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінен келген 22 үміткер қатысты. Олар 25 жасқа дейінгі жастар және кәсіби мамандар санаттарында бақ сынады. Жастар санатында 12 қатысушы өзара үздікті анықтады.

Байқау нәтижесінде «Юниор» санатында бас жүлде иегері атанып, Әлем чемпионатына жолдама алған Түркістан жоғары көпсалалы аграрлық колледжінің студенті Пернен Мұхаммедәлі болды. Алтын жүлдеге Тамақтандыру индустриясы және сервис колледжінің студенті Гүлден Нұралықызы, Қырғызстанның Кәсіби наубайхана колледжінің қатысушысы Ажар Кенешова және Өзбекстанның Янгиюль агротехнологиялық техникумының өкілі Асилбек Рахманов ие болды. Күміс жүлдені Қырғызстаннан келген Дилноз Инаятова мен Түркістан облысының атынан қатысқан Бексұлтан Қарабай жеңіп алды. Үшінші орын Қоғамдық тамақтану және сервис колледжінің студенті Бегәлі Жүніске және Қырғызстаннан келген Фарида Болоткановаға бұйырды.

Ал кәсіби санатта бас жүлдені иеленіп, Әлем чемпионатына жолдама алған Астана қаласындағы Қоғамдық тамақтану және сервис колледжінің арнайы пән оқытушысы Еркебұлан Махмұт болды. Алтын жүлде Шымкент қаласы Тамақтандыру индустриясы және сервис колледжінің оқытушысы Хабибулла Усманов пен Бішкек қаласының Кәсіптік наубайхана лицейінен келген Джамиля Джуматаева, Өзбекстанның Янгиюль агротехнологиялық техникумының өкілі Адолат Темироваға берілді. Ал қола жүлдені Астана қаласындағы Nanmai bakery наубайханасының шебері Аида Тесекбаева иеленді.

Үміткерлердің жұмыстарын жоғары білікті халықаралық сарапшылардан құралған қазылар алқасы бағалады. Олардың қатарында Франция Резиденциясының бас әкімшісі, Орталық Азиядағы колатин чемпионатының ұйымдастырушысы Карлос Марсала; Le Dessert наубайханасының бренд-шефі, ұйымдастырушы ассистент Айгерім Бекова; Францияның Қазақстандағы елшілігінің мәдениет және ынтымақтастық жөніндегі кеңесшісі Себастьен де Куртуа; Еуразиялық Кубоктың президенті Ержан Пазылов пен вице-президенті Гүлмира Күлпейісова; The Ritz-Carlton қонақүйінің бас шеф-кондитері Нариман Абдығаппаров; Le Dessert бренд-шефі Александр Пако, Tian Shan Grand Hotel-дің бренд-шефі Айдын Нурсапа, «Эскофье ізбасарлары» Қазақстан делегациясының қазынашысы Томас Мюллер; халықаралық аспаздық білім беру саласының сарапшысы, Эскофье Ізбасарлары Институтының директоры Бертран Геррье және кәсіпкер, мейрамхана басқарушысы Александр Удебин болды.

Байқауға Түркістан облысының білім басқармасының өкілдері, техникалық және кәсіптік білім ұйымдарының басшылары, арнайы пән оқытушылары, жұмыс берушілер қауымдастығы және Франция Республикасының Қазақстандағы дипломатиялық миссиясынан арнайы қонақтар қатысты. Олардың арасында Франция Республикасының Қазақстандағы елшісі Сильвен Гиоге, елшіліктің мәдениет және ынтымақтастық жөніндегі кеңесшісі Себастьен Де Куртуа, мәдени кеңесші Мадам Од Кристоф, ауыл шаруашылығы жөніндегі сарапшы Венсан Бержеза, Францияның Алматыдағы Бас консулы Максим Жеренже және Шымкент қаласының Құрметті консулы Игорь Копайылов болды.

CHOCOLATINE KAZAKHSTAN-2025 халықаралық байқауы өңірде кондитерлік өнердің дамуына, жас мамандардың кәсіби деңгейін арттыруға, халықаралық тәжірибе алмасуға және Қазақстан мен Орталық Азияның бай гастрономиялық мәдениетін әлемге танытуға үлкен септігін тигізгені анық. Өйткені байқау арқылы қатысушылар шығармашылығын, кәсіби шеберлігін шыңдап қана қоймай, жұмысшы мамандықтарының абыройын көтеруге бағытталған маңызды қадамдардың бірі ретінде бағаланды.

Сонымен қатар Халықаралық деңгейдегі бұл байқау оңтүстік өңірін гастрономиялық шеберлердің білім мен тәжірибе алаңына айналдырып, жас мамандарға үлкен мүмкіндіктер есігін ашуға септігін тигізбек.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Сhocolatine Кazakhstan-2025 байқауында Орталық Азияның үздік кондитерлері анықталды
  • Қызылжар-2 шағынауданы толыққанды инженерлік инфрақұрылымға қосылды
  • Қошқар ата өзенін абаттандыру жобасы жаңа қарқынмен жүзеге асуда
  • Қоғам тірегіне айналған автобус жүргізушісі
  • Еңбек адамы – көрінбейтін еңбек қаһарманы
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер