
Қазіргі уақытта еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы елді мекендердің инфрақұрылымдық ахуалына тікелей байланысты. Инфрақұрылымы сапалы, инженерлік желілері тұрақты, жолдары тегіс және әлеуметтік нысандары жеткілікті ауыл мен қала тұрғындары үшін қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі. Соңғы жылдары бұл бағытта Шымкент қаласында ауқымды жобалар жүзеге асырылып, елді-мекендердіңдаму қарқыны айтарлықтай күшейе түсті. Әсіресе, қала аумағындағы жаңа тұрғын алаптары мен жаңа құрылыстарға инфрақұрылым жеткізу жұмыстары қарқын алды.
Шымкент қаласының Абай ауданына қарасты Қызылжар-2 шағынауданында бірнеше жылдан бері өзекті болып келген инженерлік инфрақұрылым тапшылығы мәселесі біржола шешімін тапты. Биыл көктемде мегаполис әкімінің тұрғындармен өткен көшпелі кездесуінде осы аумақтың халқы ауыз судың жетіспеушілігі, тұрақсыз электр қуаты және табиғи газдың жоқтығы ең өзекті әлеуметтік проблема екенін атап өткен болатын.
Тұрғындар көтерген мәселе бойынша қала әкімі тиісті құрылымдарға шұғыл тапсырма беріп, инфрақұрылым желілерін қысқа мерзімде жеткізуді міндеттеді. Сөйтіп 2024 жылдың сәуір айында Қызылжар-2 аумағында инженерлік желілердің құрылысы басталды. Жоба Алқап, Ордакент, Нұрлыкент, Сығанақ, Теренөзек және Көлкент көшелерін толық қамтуды көздеді.
Жобаның бірінші кезеңінде ең қажетті коммуникациялар — ауыз су құбыры, электр желісі және табиғи газ инфрақұрылымы тартылды. Жұмыстардың нәтижесінде бұрын негізінен тасымалданатын суға тәуелді болып келген және электр жарығы жиі үзіліп тұратын шағынаудан тұрғындары алғаш рет тұрақты және заманауи инженерлік инфрақұрылымға қол жеткізді.
Қазіргі таңда 265 үй тұрақты ауыз сумен және электр қуатымен қамтамасыз етіліп отыр. Бұған қоса, табиғи газ құбыры толық жеткізіліп, әр үйдің қосылуына мүмкіндік жасалды.
Елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту – мемлекеттің стратегиялық даму жоспарындағы маңызды басымдық. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрғындардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасап қана қоймай, өңірлердің экономикалық өсіміне, әлеуметтік тұрақтылығына және инвестициялық тартымдылығына ықпал етеді. Инфрақұрылымы дамыған ауыл мен қала – ел экономикасының тірегі, ұлттық дамудың қозғаушы күші.
