Кәсібилік пен тәжірибе – басты құндылық

image.png    

      Қала тіршілігінің үздіксіз әрі қауіпсіз жүруі – сырт көзге байқала бермейтін, бірақ аса жауапты еңбектің нәтижесі. Инженерлік жүйелерде орын алған кез келген ақау тұрғындардың тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді. Ал апат орын алған сәтте бірінші болып жететін мамандар – апатты қалпына келтіру жұмыстары бөлімінің қызметкерлері. Осы ауыр да жауапты істі үйлестіріп, жедел басқаруды жүзеге асыратын – учаске басшысы.

    Шымкент қаласы әкімдігінің «Су құбыры және канализация басқармасы» МКК-де  апатты қалпына келтіру жұмыстары бөлімінің учаске басшысы Шамғали Парманқұлов Мейрамбекұлы 1976 жылдың 6 қаңтарында Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Бабата елді мекенінде дүниеге келген. Отбасылы, бір қыз бен бес ұл тәрбиелеп отырған үлгілі әке. Отбасының басты құндылықтары — сыйластық, ынтымақ және тәртіп.

    Шамғали Мейрамбекұлы еңбек жолын 2003 жылы бастап, ОАО «Аэропорт Шымкент» авиациялық қауіпсіздік қызметінде өрт күзеті инспекторы ретінде бес жыл табанды қызмет атқарды. 2008–2024 жылдар аралығында ТОО «Водоканал-2» мекемесінде 7-разрядты газ-электрдәнекерлеуші болып еңбек етіп, кәсіби шеберлігін жетілдірді.

    2024 жылғы сәуірден бері Шымкент қаласы әкімдігінің «Су құбыры және канализация басқармасы» МКК-де апатты қалпына келтіру жұмыстары бөлімінің учаске басшысы қызметін абыроймен атқарып келеді. 

     Апатты қалпына келтіру учаскесінің басшысы – тәулік тынысын бақылайтын, кез келген жағдайға жедел шешім қабылдайтын жетекші маман. Ол қаладағы инженерлік желілердің жағдайын қадағалайды, апаттық шақыртуларды қабылдап, бригадаларды бағыттайды, қалпына келтіру жұмыстарының дұрыс әрі қауіпсіз орындалуын қамтамасыз етеді, жұмыс барысында техникалық талаптардың сақталуын бақылап отырады.

   Апат – уақыт таңдамайды. Әсіресе түнгі уақытта, боранды күндері немесе нөсер жауында инженерлік желілерде түрлі ақаулар орын алуы мүмкін. Осындай сәттерде учаске басшысы жағдайды саралап, қауіп деңгейін анықтайды, техникалық топты дереу оқиға орнына жібереді, тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету тетіктерін қолданады, ақауды тез арада жою үшін жұмыстарды үйлестіреді. Оның әрбір шешімі – ондаған үйдің жарықсыз, сусыз немесе жылусыз қалмауы үшін жасалған нақты қадам. Учаске басшысы – тек басшылық жасайтын емес, қажет жағдайда өзі де бірінші болып апат ошағына түсетін, ұжымының алдыңғы қатарында жүретін еңбек адамы.

      Шамғали Парманқұлов   өз ісіне адал, міндетке жауапкершілікпен қарайтын, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары маман ретінде ұжым сеніміне ие болған.

Қала тұрғындары таңертең үйінде су келіп тұрғанын, көшеде жарық жанып тұрғанын – қалыпты жағдай деп қабылдайды. Бірақ сол тұрақтылықтың артында мыңдаған инженер мен жұмысшылардың еңбегі жатыр. Апатты қалпына келтіру учаскесі басшысы – сол еңбектің ең күрделі, ең жауапты тұстарын өз иығына артқан азамат. Олар – қаланың тынысы тоқтап қалмауы үшін аянбай еңбек ететін шын мәніндегі еңбек адамдары, қоғам үшін маңызды әрі абыройлы қызметтің иелері.

    Шамғали Мейрамбекұлы — іскерлігімен, еңбекқорлығымен және кәсібіне деген құлшынысымен көпке үлгі болатын білікті маман.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Кәсібилік пен тәжірибе – басты құндылық
  • Инфрақұрылымның тынысын тірілткен маман
  • Еңбекші ауданында өрт қауіпсіздігі және улы газдың алдын алу шаралары өткізілді
  • Шымкентте «Сreative Еthno Мarket» шығармашылық алаңы өтті
  • Шымкентте 341 жер учаскесі мемлекет мұқтажына қайтарылды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер