Қаланың келбетін қалыптастырушы еңбек адамы

image.png 

    Қаланың көркі мен қауіпсіздігі ең алдымен сапалы салынған ғимараттарға байланысты. Уақыт сынынан өтпеген, тозығы жеткен ескі құрылыстардың орнына жаңа нысандар тұрғызу – күрделі де жауапты жұмыс. Осы бағытта тер төгіп жүрген білікті мамандардың бірі – құрылысшы Қарабаев Айдос. Ол ескі ғимараттарды қауіпсіз түрде бұзып, олардың орнына заманауи, берік және әсем үйлер салуға өз үлесін қосып жүрген еңбек адамы. Қарабаев Айдос жұмысындағы ең маңызды кезеңдердің бірі – тозығы жеткен нысанды қауіпсіз бұзу. Бұл – үлкен кәсіби біліктілікті, техникалық сауаттылықты және қауіпсіздік талаптарын мүлтіксіз сақтауды қажет ететін жұмыс.

    Айдостың командасының жетекшілігімен ғимараттың техникалық жағдайы алдын ала сарапталады, бұзу жоспары жасалып, қауіпсіздік шаралары белгіленеді, тұрғындар мен жақын маңдағы нысандарға зиян келтірмеу үшін бақылау күшейтіледі, ауыр техниканың жұмысы үйлесімді ұйымдастырылады. Ол үшін ең бастысы – адам өмірінің қауіпсіздігі. Ескі нысан сүріліп болған соң, жаңа ғимараттың іргетасы қаланады. Айдос үшін бұл – ең шабытты кезең. Себебі дәл осы жерде жаңа кварталдың, жаңа шағын ауданның, жаңа өмірдің бастамасы жатыр.

   «Құрылыс саласында жүргеніме 10 жыл болды. Әр маман өз ісін адал атқарса, халыққа пайдасын тигізсе жетістікке жетеді деп есептеймін. Мамандықтың жаманы жоқ. Қазір баспанаға мұқтаж жандар көп. Есесіне қалада көптеген тұрғын үйлер бой көтеруде. Сол жұмыстың, еңбектің қазанындай қайнап, үлес қосып жүргенімді мақтан тұтамын. Екіншіден, қаланың көркіне де ат салысып жүрмін. Көбінесе ескі, тозығы жеткен ғимараттарды бұзып, орнына заманауи, берік нысандарды саламыз»,- дейді кейіпкеріміз. 

     Айдос үшін сапа – басты талап. Ол салған үйлердің әр кірпіші жауапкершілікпен қаланады. Ол көп жылдық тәжірибесімен бөлісіп, жас құрылысшыларды үйретуге де көңіл бөледі. Ол үшін еңбек мәдениеті, тәртіп, қауіпсіздік техникасын сақтау және әр істі адал атқару – маңызды қағидалар. Ұжымдастары оны жұмысқа тиянақты, мінезі сабырлы, кез келген қиындықты шешуге дайын, шынайы кәсіби маман ретінде бағалайды.

    Қарабаев Айдос сияқты құрылысшылардың еңбегінің арқасында ескі кварталдар жаңарып, шағын аудандар жанданып, тұрғындарға жаңа әрі жайлы баспаналар қолжетімді болуда. Олардың жұмысы – тек үйлер тұрғызу ғана емес, қаланың болашағын қалыптастыру.

    Құрылысшы – қоғамның дамуына тікелей үлес қосатын маңызды мамандық. Ал Айдос – сол мамандықтың абыройлы өкілі, қаланың жаңару жолындағы еңбегі зор еңбек адамы.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Шымкентте «Қарызсыз қоғам» жобасының жүзеге асырылуы бойынша кеңейтілген жиын өтті
  • Шымкентте қазақ қоғамындағы әйел мәртебесі және гендерлік саясат мәселелері талқыланды
  • Кәсібилік пен тәжірибе – басты құндылық
  • Инфрақұрылымның тынысын тірілткен маман
  • Еңбекші ауданында өрт қауіпсіздігі және улы газдың алдын алу шаралары өткізілді
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер